Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналист Ардақ Ерубаеваға қатысты оқиға барысын өз құзыреті шегінде мұқият қадағалап отыр. Осылай деп ақпарат және даму министрі Дархан Қыдырәлі өзінің Facebook парақшасына жариялады.
Ол бұл жағдай заң аясында шешілетініне сенімді екенін жеткізді.
"Ата Заңның 20-бабы сөз бостандығына кепілдік береді. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасауға жол берілмейді" деген министр "журналистің де жауапкершілік жүгін сезініп, заң талаптарын сақтағаны жөн деп есептейміз" деп атап өтті. Бірақ министр "жауапкершілік жүгі" деп нені айтқанын, қай заң талаптарын меңзегенін нақтыламады.
Журналист Ардақ Ерубаеваның ұсталғанына байланысты премьер-министрдің баспасөз қызметінің басшысы Қанат Күлшманов та әлеуметтік желі арқылы пікірін білдірді.
"Мен Ақтөбеде екі жыл тұрып, жұмыс істедім. Ардақпен әріптес ретінде ғана емес, достық қарым-қатынастамыз. Осы күндердің бәрінде онымен байланысып отырмын. Әрине, бұл жағдайға мен таңқалдым. Журналистің кәсіби қызметіне шектеу қою дұрыс емес деп есептеймін. Ардақтың әріптесі әрі досы ретінде бұл мәселе тезірек әрі оң шешіледі деген үміттемін", - деді Қанат Күлшманов . Ол сонымен бірге премьер-министр мінген көлікті суретке немесе видеоға түсіруге ешкім тыйым салмағанын айтады.
5 тамыз күні Ақтөбенің әкімшілік соты "полицейлердің заңды талабына бағынбады" деп айыпталған журналист Ардақ Ерубаеваға ескерту берді. Ерубаева мен оның адвокаты Сейсембай Ділманов сот шешіміне риза емес. Сондықтан аппеляциялық алқаға шағымданатынын мәлімдеген.
Ақтөбелік журналист Ардақ Ерубаева бірнеше қазақстандық сайтпен әріптес. Ақтөбе полициясының мәліметінше, 31 тамыз күні облыс әкімдігі жанында ол полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған. Яғни, Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Ақтөбеге сапары кезінде күзетілетін тұлғаның кортежіне қарай өтуге тырысқан. Полиция "тілшінің үстінде жилеткасы, қалтасында құжаты болмағанын" айтады.
Ардақ Ерубаева үстінде жилеткасы болмағанын растап, "қалтасында құжаты болмады", "кортежге қарай жүгірді" деген айыптауларды жоққа шығарып отыр.
31 тамызда Ақтөбеде Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайыловты суретке түсірмек болған журналист Ерубаеваны полиция ұстап әкетіп, бөлімшеде үш сағаттай ұстап, "түсіндіру жұмысын" жүргізген болатын. Зауыт полиция бөлімшесіне жеткізілгеннен кейін ол "кәсіби қызметіне кедергі келтірген" полиция қызметкерлерінің үстінен шағым жазғанын айтты.
Ардақ Ерубаева биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін де "үйімді санкциясыз тінтті" деп полицияның өзіне шағымданған. Бірақ бұл шағым бойынша ішкі істер органдарынан еш жауап болмаған.
2022 жылғы 7 қаңтарға қараған түні полиция ақтөбелік журналист Ардақ Ерубаеваның пәтерін тінтіп, өзін учаскеге алып кеткен еді. Полицияның қолында санкцияланбаған тінту туралы қаулы болған.
Тілшінің сөзіне қарағанда, полиция Қаңтар оқиғасынан хабар таратқан оны түнгі сағат 2-ге дейін департаментте ұстап, елде сот шешімі бойынша "экстремистік ұйым" деп танылған, Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған "ҚДТ-ға қатысы бар-жоғын тергеген". Артынша босатып, бірақ телефонын алып қалған. Ол кезде Ерубаеваның қолында қызметтік құжаты болған. "Пресса" деген жазуы бар кеудеше де киген.
Ардақ Ерубаева бұл жолы да полиция қызметкерлеріне журналист куәлігін көрсеткенін айтады.
Қазақстанда журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау қылмыс саналады, ол үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, журналистердің жұмысына кедергі келтіргені жайлы шағымдарының көбі аяқсыз қалады. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы жасаған "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің ішінде 122-орында тұр.
ПІКІРЛЕР