Accessibility links

Оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының 60 жылдығына арнап ауылдастары ас берді


Оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу шарасы. Алматы облысы, Сарыжаз ауылы 10 қыркүйек 2022 жыл.
Оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу шарасы. Алматы облысы, Сарыжаз ауылы 10 қыркүйек 2022 жыл.

Саясаткер, оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының 60 жылдығына орай туған ауылында - Сарыжазда еске алу іс-шарасы өтті. Елді мекен Алматы облысы Райымбек ауданына қарайды.

Сыныптастары мен ауылдастарының ұйымдастыруымен өткен жиын Алтынбек Сәрсенбайұлының есімін алып жатқан мектептен басталды. Райымбек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ғалым Жусанбаев құттықтау сөз сөйледі.

Саясаткерге мектепте сабақ берген ұстазы Майгүл Миниясова ондаған жыл ілгерідегі күндерден естелік айтты. Оқушы Алтынбектің қабілет, қарымын қайыра еске алды.

Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу шарасына жиналған халық. Алматы облысы, 10 қыркүйек 2022 жыл.
Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу шарасына жиналған халық. Алматы облысы, 10 қыркүйек 2022 жыл.

Оппозицияда Алтынбек Сәрсенбайұлымен бірге жүрген серігі, саясаткер Болат Әбілов те жиынға қатысты. Ол 2001 жылғы саяси оқиғалар туралы айтып, саясаткердің қазасы бойынша сот объективті өтпегенін, ашылуы тиіс ақтаңдар барын сөз етті.

– Алтынбек нағыз стратег болатын. Тәуелсіздіктің он жылдығында Назарбаевтың демократияны дамытпайтынын көрдік. Күрестік. Күштік құрылым қанша кедергі келтірсе де Алтекең ештеңеден қорықпады, - деп еске алды Әбілев.

Мұқағали” журналының бас редакторы Батық Мәжитов “Бүгін той. Жұрттың бәрі зарыға күткен күн. Бұл тойдың болатынын бәрі білді. Сол той бүгін болып жатыр” деді.

Саясаткердің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы, әйелі Салтанат Атушева ауыл халқына алғыс айтты.

Мектептегі іс-шарадан кейін Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға арналған спорт жарыстары басталды.

Сырттан келген қонақтар мен ауыл тұрғындары мешіт қатымханасындағы асқа қатысты. Саясаткердің рухына құран бағышталды.

  • Алтынбек Сәрсенбайұлы өзі туған Сарыжаз ауылындағы мектепті бітірген. Еңбек жолын журналистика саласында бастаған саясаткер кейін үкіметте қызмет атқарды. 1993-2001 жылдар аралығында қоғамдық келісім және ақпарат министрлігін басқарды. Кейін Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Қазақстанның Ресейдегі елшісі болды. 2003 жылы оппозицияға өтіп, билікті сынады.
  • 2006 жылдың 11 ақпанында Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі көмекшісін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Арыстан" арнайы жасағының офицерлері ұрлап әкетіп, екі күннен кейін үшеуінің мәйіті Талғар ауданындағы Көктөбе ауылының маңындағы сайдан табылды. Қастандыққа тапсырыс беруші ретінде әуелі Сенат аппаратын басқарған Ержан Өтембаев айыпты деп танылды. Кейін бұл қылмыс экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы, марқұм Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің экс-төрағасы Әлнұр Мұсаевқа таңылды.
  • Биыл Алтынбек Сәрсенбайұлының 60 жылдығы аталып өтілмек. Журналист Сағатбек Медеубекұлы Facebook парағында саясаткердің атына Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында көше беру мәселесі қаралып жатқанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG