Accessibility links

Алтынбектің қазасына 15 жыл. Құпиясы ашылмаған саяси қастандық


Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы. Қастандықтың артында кім тұр?
please wait

No media source currently available

0:00 1:24:02 0:00

Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы. Қастандықтың артында кім тұр?

Бұдан 15 жыл бұрын Алматыда мемлекет қайраткері, оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын екі көмекшісімен бірге ұрлап әкетіп, атып өлтірді. Қылмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Арыстан" тобының офицерлері қатысқаны анықталды. Сот үш адамды өлтірген қылмыскер деп таныған бұрынғы полицейге өмір бойына түрме жазасын кесті. Ал қылмыстық іс бойынша екі рет сот өтіп, әр жолы бұрынғы лауазымды тұлғалар кісі өлтіруге тапсырыс беруші деп танылып, екі басқа үкім шықты. Марқұмның туыстары мен серіктері оны "саяси қастандық құрбаны" деп атайды. Олар қылмыстың құпиясы әлі толық ашылған жоқ деп санайды. Азаттық Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси өмір жолы мен қазасы жайлы деректі фильм ұсынады.

ҰРЛАП ӘКЕТІП, ТУ СЫРТЫНАН АТЫП ӨЛТІРДІ

"Жол жиегінен өлі табылған үш ер адамның біреуінің қос қолы артына қайырылып, екіншісінікі алдынан байланған. Үшеуінде арқасынан және қарақұсынан тиген оқ ізі қалған".

2006 жылғы 13 ақпанда Алматы облыстық прокуратурасына сілтеме жасаған қазақстандық басылымдар ауданында тау шатқалынан ту сыртынан атып өлтірілген үш адамның Талғар ауданында тау шатқалынан табылғаны туралы осындай ақпарат таратқан еді.

Қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев 2006 жылғы 13 ақпанда Алматы маңындағы сайдан табылды.
Қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев 2006 жылғы 13 ақпанда Алматы маңындағы сайдан табылды.

Бұлар – белгілі мемлекет қайраткері, оппозиция лидері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшісі Бауыржан Байбосын және жүргізуші Василий Журавлев екені анықталды. Олар 11 ақпан күні кешке Алматыда хабар-ошарсыз кеткен болатын.

Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірген бұл қылмысқа байланысты көп ұзамай Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Арыстан" арнайы тобының бірнеше офицері, сол кездегі Қазақстан парламенті сенаты аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев, бұрынғы полиция қызмткері Рустам Ибрагимов күдікті ретінде ұсталды.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Санкт-Петербург, Ресей, 20 желтоқсан 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Санкт-Петербург, Ресей, 20 желтоқсан 2019 жыл.

2 наурызда парламент сенатында сөйлеген президент Нұрсұлтан Назарбаев тергеудегі Ержан Өтембаевтан "кінәсін мойындап жазған" хат алғанын мәлімдеді.

– Өтембаев маған хат жазды. "Ешкім мені бұған итермелеген жоқ. Ешкіммен ақылдасқан жоқпын. Көп жылдан бері көңілімде ұстап жүрген қарсылық пен реніш жүйкемді жұқартып, адамгершілік ар-намысыма тиген мақалалар шегімнен шығарып жіберді" деп жазды. Адам болғасын түрлі жағдай болады ғой, ал қылмысты жасаған адам соттың шешімі бойынша жазасын алады, – деді Назарбаев.

Ержан Өтембаев сот залында. Алматы облысы, 22 қаңтар 2014 жыл.
Ержан Өтембаев сот залында. Алматы облысы, 22 қаңтар 2014 жыл.

СОТ ҮКІМІ

Үш адамның қазасы бойынша жүргізілген ресми тергеудің қорытындысына сүйенген сот 43 жастағы Алтынбек Сәрсенбайұлын екі серігімен бірге "Арыстан" тобының бірнеше қызметкері заңсыз ұрлап әкетіп, кейін үшеуін Рустам Ибрагимов атып өлтірген деп тауып, оны өмір бойына түрмеге қамауға үкім етті. Оның көмекшісі Виталий Мирошниковке 20 жыл түрме жазасын кесті. Сот Өтембаевты өзі туралы айтқан сөзіне бола Сәрсенбайұлына "кек сақтап, осы қылмысқа тапсырыс берген" деп тауып, 20 жылға соттады.

Ал қылмысқа қатысы бар деп танылып, әртүрлі мерзімге бостандығынан айырылған "Арыстан" тобының бұрынғы офицерлері бірнеше жылдан соң бостандыққа шықты. Ержан Өтембаев сот істі қайта қарап, оның жаза мерзімін 13 жылға дейін қысқартқан соң, 2014 жылғы қарашада түрмеден босаған. Ол 2018 жылғы маусымда қайтыс болды.

Рустам Ибрагимов (соттағы экрандағы видеодан алынған фото). Қарасай ауданы, Алматы облысы, 27 қаңтар 2014 жыл.
Рустам Ибрагимов (соттағы экрандағы видеодан алынған фото). Қарасай ауданы, Алматы облысы, 27 қаңтар 2014 жыл.

Рустам Ибрагимовтың түрмеде берген жаңа куәлігі негізінде қылмыстық істі қайта қараған сот 2014 жылғы ақпанда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші деп таныған. Шетелде жүрген ол екеуі өздеріне тағылған айыпты терістеп, "ойдан құрастырылған" деп мәлімдеді.

2007 жылдан бастап Назарбаевтың қас жауына айналған Рахат Әлиев өзінің "Өкіл қайын ата" кітабында Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге тапсырыс берген адамдарды "Қазақстанның жоғарғы басшылығы арасынан іздеу керек" деп жазды. 2007 жылғы қазан айында Азаттыққа берген сұхбатында Әлиев "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс Австрия аумағында берілген" деп мәлімдеген. Ол 2006 жылғы ақпанда сол елде демалып жатқан президент Назарбаевқа жолығу үшін Қазақстаннан сол кездегі парламент сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаев ұшып келген деп айтқан еді. Австрия билігі 2015 жылғы 24 ақпанда Вена түрмесіндегі жалғыз кісілік камерадан өлі табылған Рахат Әлиев "өз-өзіне қол салған" деп мәлімдеді, бірақ адвокаттары ол қастандықпен өлтірілген деп санайды.

ОППОЗИЦИЯ ЛИДЕРІНЕ АЙНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ

1993 жылы 31 жасында тәуелсіз Қазақстанның баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі болып тағайындалған Алтынбек Сәрсенбайұлы кейін ақпарат және қоғамдық келісім министрі, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі қызметін атқарды. 2001 жылғы мамырдан Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, ал 2002 жылғы ақпаннан 2003 жылғы қарашаға дейін Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болды.

Билікте болған жылдары Алтынбек Сәрсенбайұлы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың маңындағы ықпалды тұлғалардың біріне айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Алтынбек Сәрсенбайұлы (оң жақта).
Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Алтынбек Сәрсенбайұлы (оң жақта).

Сәрсенбайұлы басқарған тұста ақпарат және қоғамдық келісім министрлігін Қазақстан оппозициясы мен тәуелсіз басылымдар елдегі сөз бостандығын шектейтін бастамаларға мұрындық болып, билікке жақпайтын ақпарат құралдары мен тәуелсіз журналистерге қысым көрсетеді деп жиі сынайтын.

Кейін оппозицияда онымен бірге болған кейбір адамдардың айтуынша, Алтынбек Сәрсенбайұлы президент Назарбаевтың жеке-дара билігін нығайтуға өзі де атсалысқанын мойындап, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаңадан басталған демократиялық үрдістердің жалғасын таппағанына өкініш білдірген.

2003 жылдың соңына қарай Мәскеудегі елші қызметінен босаған соң Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақстанға оралып, оппозиция қатарына өткеннен кейін оның өмірінде жаңа бір кезең басталады. "Ақ жол" партиясының теңтөрағасы болып сайланған Алтынбек Сәрсенбайұлының әділдік, теңдік пен азаматтық бостандық принциптеріне сүйенбей мемлекет пен ұлттың болашағы бұлыңғыр болатыны туралы ой-пікірі оны қолдайтындар қатарын көбейте түсті дейді серіктері.

2004 жылы парламент сайлауы қарсаңында аз ғана мерзімге – үш ай ақпарат министрлігін қайта басқарған кезде ол көптеген тәуелсіз басылымдарды ресми тіркеуден өткізуге өзі мұрындық болды, бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заң жобасын ұсынды. Сол жылы күзде парламент сайлауының әділетсіз өткізілгеніне наразылық ретінде министр қызметінен кетті.

2005 жылдан өмірінің соңына дейін оппозициялық "Нағыз Ақ жол" партиясының теңтөрағасы және "Әділетті Қазақстан үшін" республикалық қозғалысының төралқа мүшесі болды.

Азаттық бұл деректі фильмде Алтынбек Сәрсенбайұлының оппозицияға дейінгі және кейінгі саяси өмір жолына үңіліп, 43 жастағы қайраткердің өмірін қапыда қиған қылмыстың артында кім тұр деген сұраққа жауап іздеуге тырысты. Ол туралы замандастары мен серіктерінің пікірін тыңдадық.

Ермұрат Бапи, журналист, "Дат" газеттер жобасының жетекшісі

– Қоғамда Алтынбек Нұрсұлтан Назарбаевтың билігіне қызмет етті деген пікір бар. Әрине, ол Нұртай Әбіқаевпен бірге 1990 жылдардың ортасынан бастап 2000 жылдардың басына дейін Назарбаевтың билігіндегі оң қол, оң жақ әскер болды.

Елдегі идеологияның, биліктегі режимнің негізгі идеологиясын қалауға Алтынбектің еңбегі зор болды. Қазір бізде қалыптасқан қоғамға залалы тиіп жатқан көптеген кінәраттардың көпшілігін мен жасап едім деп көзі тірісінде оппозицияға келгенде айтқан.

Алтынбек Сәрсенбайұлы.
Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Ол қоғамға қиянатпен немесе қаскүнемдікпен емес, мемлекетке сол кезде мықты президенттік жүйе қалыптастыру қажет деген оймен мемлекет іргесін, тірегін мықты қылу деген тұрғыда қызмет қылды. Сол жылдары Алтынбектің президент қасындағы позициясының мықты болғаны сондай, жаңадан тағайындалған министрлер бірінші Әбіқаев пен Сәрсенбайұлының алдынан өтетін.

Елдегі саяси жағдай бір жеке дара адамның мүддесіне ауып бара жатқан кезде Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында конфликт туды. Назарбаев демократтарға, жас түріктерге қарай ауғанның орнына өз отбасын таңдады.

Ғалымжан Жақиянов, Павлодар облысының бұрынғы әкімі

– Екеуіміз бірге кіріп, Назарбаев мырзаға ойымызды айтып жеткіздік. Ол кісінің көзі ашылғандай болды. Біраз нәрсені айттық осы жөнінде. Еліміз дұрыс жолмен бара жатпағаны туралы. Соған байланысты Рахат Әлиевтің рөлі қандай деген сияқты біраз әңгімелер айтылды. Бұл 2001 жылдың күзінде болған. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы біздің сөзімізді тыңдап, иланғандай болды.

Алтынбек Сәрсенбайұлы түрмеден босап шыққан Ғалымжан Жақияновты вокзалдан қарсы алып тұр. Бір айға жуық уақыттан кейін Сәрсенбайұлын атып өлтіріп кетті. Алматы, 15 қаңтар 2006 жыл.
Алтынбек Сәрсенбайұлы түрмеден босап шыққан Ғалымжан Жақияновты вокзалдан қарсы алып тұр. Бір айға жуық уақыттан кейін Сәрсенбайұлын атып өлтіріп кетті. Алматы, 15 қаңтар 2006 жыл.

Бір нәрсені ұғуыңыз керек. Біз осы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрған кезде оппозициямыз деп айтып көрмедік. Алдында Алтынбек екеуіміздің ұстанған мақсатымыз былай болатын. Біз президенттің тағайындауымен отырған мемлекеттік қызметкерміз. Сондықтан бұл мәселені президент арқылы шешуіміз керек, оған ықпал етуіміз керек деген ойда болдық. Сол күні бізді, Алтынбектен басқамызды бір күннің ішінде қызметтен шығарып тастаған. Алтынбек сонда "мен билік ішінде қалып тұрып бүкіл шаруаны шешейін, жұмысымыздың жүруіне іштен ықпал етейін" деген ой айтқан.

Рысбек Сәрсенбай, Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы

– [Назарбаев] Рахат екеуі отырып сөйлесті. Барлық телеарналар көрсетті. Рахат сол жерде ешқандай қылмыс жасамағандай болып сөйледі. "Таза емес пенделер бар, олармен әлі күрес жүреді" дегендей сөйлеп, сес көрсетті. Осы телехабар басталар кезде Алтынбек үйге кіріп қалды.

Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Рахат Әлиевтің 2001 жылы түскен суреті. Рахат Әлиевтің "Өкіл қайын ата" кітабынан алынды.
Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Рахат Әлиевтің 2001 жылы түскен суреті. Рахат Әлиевтің "Өкіл қайын ата" кітабынан алынды.

Мен үйде теледидарды қосып, диванда кешкі хабарларды көрейін деп отырғанмын. "Не айтып жатыр, аға?" деді. Қазір басталды дедім. Сырт киімін де шешпей, қасымда тұрып қарады. Дәл сол кезде жаңағы сюжет жүріп жатты. Соны көрді де, бұлар біздің бәрімізді сатып кетті деді де теріс айналып кетті. Біраз уақыт ештеңе айтпады, үнсіздік орнады.

Егер жан-жақты кірісіп, бәрін толыққанды зерттейтін болса, тергеу амалдарын дұрыс жүргізсе, сот ашық, әділетті болса, онда 2006 жылғы сотта-ақ тапсырыс беруші нақты аталар еді. Біз Ержан Өтембаевты тапсырыс беруші деп сенбедік. Оны ашық айттық. Сот процесінде әдетте жәбірленуші жақ пен қылмыскерлер жақ бір-біріне қарсы болады. Бұл процесте керісінше оның қорғаушылары мен біз бір позицияда болдық. Өтембаевты тапсырыс беруші деуге дәлел жеткіліксіз, иланымсыз. Қолдан жасалған, қысыммен.

Маржан Аспандиарова, жәбірленуші тараптың заңды өкілі

– Сотта Дариға Назарбаеваны шақыртуды талап еттік. Дүтбаевты, Божко, Стороженко, Әбіқаев, Терещенко, тағы бір топ аты аталмаған мырзаларды шақыртуды талап етіп едік, ол өтініштің бір де бірі қанағаттандырылмады. Мысалы, біз Дариға Назарбаевадан Рахат Әлиевтің бұл іске қаншалықты қатысы барын сұрамақ болғанбыз.

Ғалымжан Жақиянов, Павлодар облысының бұрынғы әкімі

– Әлі де нақ тергеу, шындық алда. Оған уақыт пен тарих бағасын берер қалай болған күнде де. Ең бастысы еліміздегі өзгерістерге байланысты, саяси жүйе өзгерістеріне байланысты. Елімізде соттан бастап, прокурорлар, тергеушілер нақты дербес, заңға бағынатын адамдар болған кезде ашыла ма деп ойлаймын. Ал одан бұрын бұлар қазір билікке, атқарушы билікке қарап отырғаннан кейін солардың сөзін сөйлейді.

Қазақстан оппозициясы Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты өткізген баспасөз конференциясында. Алматы, 14 ақпан 2006 жыл.
Қазақстан оппозициясы Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты өткізген баспасөз конференциясында. Алматы, 14 ақпан 2006 жыл.

Өкініш бар. Әр адамда өкініш бар. Бүкіл қоғамда өкініш бар деп ойлаймын. Екінші жағынан, мынандай әрекетке барған билік, осындай жағдайға, дағдарысқа келтірген, елге белгілі екі мемлекет қайраткерін, саясаткерлерді, жай саясаткер емес, оппозициялық саясаткерлерді қатарынан, арасы 3 айға жетпей қаза болуының өзі – билік үшін үлкен күнә. Үлкен салмақ.

Алтынбек өте ойшыл, терең ойшыл азамат болды. Басқасын қойып, білім жағынан алсақ та. Билік ішінен айтамыз ғой енді, көз алдымызға бірінші түсетіні билік ішіндегілер. Бүгінгі күні Алтынбекке тең келетін адам жоқтың қасы.

Алтынбек Сәрсенбайұлының зиратындағы оның сөзі жазылған тас.
Алтынбек Сәрсенбайұлының зиратындағы оның сөзі жазылған тас.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG