Accessibility links

"Билік партиясындағы соңғы демократ". Мәжілістің алғашқы төрағасы Марат Оспанов


13-шақырылған Жоғарғы кеңес төрағасы Әбіш Кекілбаев (сол жақта), орынбасарлары Қуаныш Сұлтанов (ортада) пен Марат Оспанов (оң жақта). Сурет "Отанға адал қызмет ету. Достойное служение Родине. Марат Оспанов" кітабынан алынды. Алматы: BrandBook, 2020
13-шақырылған Жоғарғы кеңес төрағасы Әбіш Кекілбаев (сол жақта), орынбасарлары Қуаныш Сұлтанов (ортада) пен Марат Оспанов (оң жақта). Сурет "Отанға адал қызмет ету. Достойное служение Родине. Марат Оспанов" кітабынан алынды. Алматы: BrandBook, 2020

1995 жылы президент билігін нығайтқан Конституция қабылданған соң парламент мәжілісі төрағалығына сайланған Марат Оспанов "Отан" (қазіргі "Нұр Отан") партиясының негізін салушылардың бірі болды. Ол "Отанды" "іс-әрекет партиясы" деп атады, бірақ оның "үнемі президент айтқанымен жүре бермейтінін" де ескертті. Ол парламенттің құзыреті тарылып кеткеніне налыды, сөйте тұра президенттің өкілетін жеті жылға ұзартуды қолдады. Айналасындағылардың айтуынша, ол сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін күшейтуге ат салысқан, сөйте тұра оны сынаудан да қаймықпаған.

"ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЖОЛМЕН ӨТКЕН ТӨРАҒА САЙЛАУЫ"

Осыдан 25 жыл бұрын, 1996 жылғы 30 қаңтарда сол кездегі белгілі саясаткерлердің бірі Марат Оспанов жаңадан сайланған қос палаталы парламент мәжілісінің төрағасы болып сайланды.

1988 жылдары советтік қайта құру саясатынан кейін басталған еркіндік тұсында белсенділігімен танылған Ақтөбе медицина университетінің оқытушысы осылайша небәрі жеті жылда екі жоғарғы кеңеске, екі мәжіліске депутат болып, Қазақстан билік иерархиясындағы үшінші адамға айналды.

Марат Оспановтың көзін көргендер оны "Қазақстандағы салық саясатының негізін салушы, "Отан" партиясының негізін қалаушылардың бірі" деп сипаттайды (2006 жылғы 22 желтоқсандағы съезде партия атауы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне "Нұр Отан" деп өзгертілді). Олардың сөзінше, экономика саласындағы білімімен тез танылған Марат Оспанов Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көзіне түскен.

– Оспановты президент қолдағанымен, депутаттар төраға етіп сайламауы мүмкін еді. Мәжіліс төрағасы болғысы келетіндер арасында оппозициялық бағыттағы депутаттар да болды. Олар оңайлықпен жол бере салмайтын, – дейді бұрынғы депутат Ирак Елекеев.

1995 жылдың күзінде сайланған депутаттар жаңа мәжіліс төрағасын сайлауға 1996 жылдың қаңтарында кірісті. Алматы әкімі қызметінен босаған Заманбек Нұрқаділов, көп жыл университет басқарған ғалым Өмірбек Жолдасбеков, жоғарғы кеңестің бұрынғы депутаттары Оразалы Сәбден мен Марат Оспанов кандидатураларын ұсынып, бағдарламаларын жариялады.

Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев (сол жақта), мәжіліс төрағасы Марат Оспанов (ортада), премьер-министр Нұрлан Балғымбаев (оң жақта). Астана қаласы, 1999 жыл. «Отанға адал қызмет ету. Достойное служение Родине. Марат Оспанов» кітабынан. Алматы: BrandBook, 2020
Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев (сол жақта), мәжіліс төрағасы Марат Оспанов (ортада), премьер-министр Нұрлан Балғымбаев (оң жақта). Астана қаласы, 1999 жыл. «Отанға адал қызмет ету. Достойное служение Родине. Марат Оспанов» кітабынан. Алматы: BrandBook, 2020

Депутат Татьяна Квятковскаяның арызымен тараған 13-шақырылымдағы жоғарғы кеңестің төрағасы Әбіш Кекілбаев та кандидатурасын ұсынғанымен, дауысқа түспеді. Ол артынша Назарбаевтың жарлығымен жаңадан ашылған мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындалды.

Сол кездегі депутат Ирак Елекеевтің сөзінше, президент Нұрсұлтан Назарбаев Әбіш Кекілбаевтың қайта сайланғанын қаламағанға ұқсайды.

– Президент мәжіліс төрағалығына кандидат ұсына алмайды, бірақ мәжіліс отырысына келіп жүрді. Төрт үміткердің спикерлікке таласатыны мәжіліс сайлауы өтісімен-ақ белгілі болды. Өйткені сайлау комиссиясы әр депутатқа телеграмма жіберіп, сайлануымен құттықтады. Тек Марат Оспановтың телеграммасы ғана үкіметтің қызыл мөрімен келді. Оның төраға болатынын содан сездік, – дейді ол.

Бірінші турда Өмірбек Жолдасбеков пен Марат Оспанов алға шыққан соң депутаттар бюллетеньмен қайтадан жасырын дауыс берген. Сөйтіп, Марат Оспанов 71 пайыз дауыс алып, мәжіліс төрағасы болып сайланған.

Бұл – мәжіліс төрағалығына бәсекелес кандидатуралар ұсынылған соңғы парламент еді. Оған дейінгі жоғарғы кеңес төрағасын сайлау кезінде де 4 депутаттың кандидатурасы ұсынылып, оппозициядағы депутат Ғазиз Алдамжаров пен жазушы Әбіш Кекілбаев екінші турға өткен. Сөйтіп Әбіш Кекілбаев сайланған еді.

Биыл 15 қаңтарда өткен мәжіліс төрағасын сайлау кезінде Нұрлан Нығматулин ғана ұсынылып, ол бір ауыздан сайланды.

"ЛИБЕРАЛ СПИКЕРМІН"

Марат Оспанов мәжіліс төрағасы болып сайланған парламент – Қазақстандағы тұңғыш қос палаталы парламент болды. Оның алдында жоғарғы кеңес қатарынан екі рет түрлі себептермен таратылып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев заң шығару құзырын өзіне уақытша алған. Іле-шала Қазақстан референдум арқылы жаңа Конституция қабылдады.

Сол кезде депутат болып, кейін де саяси өмірге белсене араласқандар бұл саяси процестерді "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев билікті өз қолына жинау үшін жасады, 1995 жылы парламент жоқта референдум арқылы қабылдаған конституция суперпрезиденттік басқару билігін орнатты" деп бағалайды.

Конституциялық өзгерістерден кейін мәжіліс төрағасы болған Марат Оспанов "Таратылған жоғарғы кеңестер саясатпен шектен тыс айналысып, жемісті жұмыс істей алмады. Әрбір отырыс түрлі мәлімдемелермен басталып, кезекті комиссия құруға ұласумен болды" деп есептеп, "парламентті тартыс ортасына айналдырмай, заң шығарушы орган деп қарау керек" деген ұстанымда болды.

Марат Оспанов сол кездегі "оппозиция консервативті көзқараста қалды, демократтардың көбі саяси дивидендтерінен айырылмас үшін демократия ұрандарын алға тартып, нарықтық реформалардың қатаң тәсілдерін сынады" деді.

Мәжіліс төрағасы сұхбатттарында "Қазақстандағы алғашқы демократтардың бірімін. Қазір де демократ боп қала беремін" деп жиі айтты, кейде өзін "либерал спикер" деп сипаттады.

Ол басқарған кезде мәжіліс кезектен тыс президент сайлауын өткізу жөнінде шешім қабылдап, конституцияға өзгеріс енгізді. Сөйтіп 1999 жылы 10 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті болып қайта сайланды.

– "Демократ Оспанов өкілетін референдум арқылы заңсыз ұзартқан адамға неге қызмет етуі керек?" деген ой санамда үнемі тұратын. Президенттің өзі қоғамды әрі қарай демократияландыру жөнінде ұсыныс тастаған соң "әуелі өзіңізден бастаңыз" дедік. Сөйтіп алғаш рет бәсекелес кандидаттар қатысқан бүкіл халықтық сайлау өтті, – деген Марат Оспанов 1998 жылы 27 қарашада "Инфо-Цес" басылымына берген сұхбатында.

1999 жылы өткен президент сайлауына оппозиция өкілі, жоғарғы кеңестің бұрынғы төрағасы Серікболсын Әбділдин де қатысқан. Ол "сайлауда заң бұрмаланды, сол кезде премьер-министр болған Нұрлан Балғымбаев пен министр болған Алтынбек Сәрсенбайұлы оны кейін растап, өзіме айтты" деген болатын.

Марат Оспанов президент сайлауынан соң іле-шала айтылған сынға жауап беруге тырысқаны байқалады.

– Оппозиция президент билігі легитимді емес деді, енді легитимді сайланса да ұнамай тұр. Өзім де оппозициядан шықтым. Тіпті, белгілі бір ортада "Оспанов әлі оппозициядан кеткен жоқ, кез келген уақытта оппозицияға орала салуы мүмкін" дейтін сенімсіздік бар. Бұл фактіні президентпен ара-қатынасымды бұзу үшін қолданғысы келетіндер бар екенін білемін, – деді ол 1998 жылы 27 қарашада "Инфо-Цес" басылымына сұхбатында.

"ОТАН" ПАРТИЯСЫНЫҢ №3 КУӘЛІГІ

1990 жылдары жоғарғы кеңесте "Демократиялық Қазақстан" тобын құрған Марат Оспанов 1998 жылға дейін шартта түрде Олжас Сүлейменов басқаратын "Халық конгресі" партиясының құрамында болды. Партиясын да, Олжас Сүлейменовті де "ескіліктен арылғысы келмейтіндер" деп сынады және мәжіліс депутаттарын партиялық тізіммен сайлау жөнінде жиі айтты.

Марат Оспанов 12 шақырылымдағы Жоғарғы кеңесте сөйлеп тұр. 1990 жыл "Достойное служение Родине. Марат Оспанов" кітабынан. Алматы: BrandBook, 2020
Марат Оспанов 12 шақырылымдағы Жоғарғы кеңесте сөйлеп тұр. 1990 жыл "Достойное служение Родине. Марат Оспанов" кітабынан. Алматы: BrandBook, 2020

1998 жылы басталған президент сайлауы барысында Назарбаевты қолдау үшін құрылған штаб "Отан" партиясына айналғанда Назарбаев пен бұрынғы премьер-министр, сайлау штабының жетекшісі Сергей Терещенкодан кейін №3 куәлікті Оспанов алды.

Марат Оспанов "Отанның" президентшіл партия атанғанында тұрған ештеңе жоқ деп санады.

– Бұл – президент шексіз билік иеленді деушілерге де жақсы жауап. Партия президентке де белгілі бір шектеу қоя алады, – деп түсіндірді ол.

– Президентке шексіз билік ұстатқан сіз басқаратын парламент емес пе?" деген сұраққа "мүлде олай емес" деп жауап берді ("Аргументы и Факты" №40, 1999).

Алайда, ол БАҚ-қа берген жауаптарында өзі басқаратын мәжілістің құзыры айтарлықтай азайғанын мойындағаны аңғарылады.

– Оппозиция бізді "үкіметті бақылай алмайтын антихалықтық парламент" деп сынайды. Олар бізде бақылау функциясы жоқ екенін ұмытып кетеді. 12-шақырылған жоғарғы кеңес президент тағайындамай тұрып, министрлердің бәрін бекітетін. Ал 13-шақырылымдағы жоғарғы кеңес тек күш министрлерін ғана бекітетін болды. 1995 жылғы Конституциядан кейін бірде-бір министрді бекітпейді, премьер-министр ұсынысымен президент өзі бекіте салады, – деді ол.

Алайда Марат Оспанов мұны "президент Назарбаев үкімет құру мен оны бақылауды монополиялап алғаны рас. Бірақ президентті жақсы білемін, ол мұның бәрі уақытша кезеңге жасалып отырғанын түсінеді деп ойлаймын" деген ақтаған еді.

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оны қолдайтын "Нұр Отан" партиясының мүшелері парламент сайлауындағы жеңісіне арналған шарада тұр. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласы, 18 тамыз 2007 жыл.
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оны қолдайтын "Нұр Отан" партиясының мүшелері парламент сайлауындағы жеңісіне арналған шарада тұр. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласы, 18 тамыз 2007 жыл.

Марат Оспанов мәжіліс төрағасы болып жүргенде бірнеше рет экономикалық бағдарлама жасап, үкіметке ұсынды. 1999 жылы Нұрлан Балғымбаев үкіметінен шұғыл отставкаға кетуді талап еткенде оған баспасөз назары ерекше ауды.

"Назарбаев қолдап отырған Балғымбаев үкіметін "Отан" партиясының екінші адамы "түкке жарамайды" деп сынағанын қалай түсінуге болады?" деген сұраққа ол:

– Президент Конституция бойынша қандай да бір партияда болмауы тиіс. Иә, ол "Отан" партиясының төрағасы болып сайланды, бірақ сол сәтте өз өкілетін тапсырып, бейресми жетекші болып қалды. Бұл – "Отан" партиясы үнемі президент беделін пайдаланып, соның айтқанымен жүреді деген сөз емес, – деді ол.

Марат Оспановтың 1999-2005 жылдарға арналған экономикалық бағдарламасы "Тұрақтылықтан өсімге қарай жол". Міне, көптен күткен экономикалық бағдарлама" ("Вот она, долгожданная экономическая прграмма "От стабилизациий к росту") деген бас тақырыппен 1999 жылғы ақпан айында "Начнем с понедельника" газетінің бірнеше нөмірінде қатарынан жарық көрді. Сол кезде премьер-министрлікке тағайындалған Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметі осы бағдарламаны басшылыққа алды.

Ресми және бейресми БАҚ-та сыншыл Марат Оспановтың премьер-министр болғысы келетіні жайлы түрлі мақала жарық көріп жатты, ол өзі мұндай сұрақтарға да ашық, еркін жауап беріп жүрді.

"Оспанов сәл белсенді бола бастаса премьер, тіпті президент болғысы келеді дейтін әңгімелер басталады" деп күлген еді ол бір сұхбатында. ("Время". 17 маусым, 1999 жыл).

Марат Оспанов 1999 жылы өткен парламент мәжілісі сайлауына қатысып, қайта сайланды. "Отан" партиясы тізімінің басында тұрды. Алайда мәжілістің алғашқы отырысына қатыса алмай, 1999 жылы қарашада ауруханаға түсіп, 2000 жылғы қаңтардың 23-інде қайтыс болды.

Сол тұста Оспановтың қазасына қатысты түрлі болжамдар айтылған. Журналист Розлана Таукина "Оспановтың Назарбаевпен кездесуден кейін немесе тіпті кездесу кезінде қан қысымы көтерілді" деген.

"МӘЖІЛІСТІҢ КЕЙІНГІ ТӨРАҒАЛАРЫНАН ОНДАЙ АМБИЦИЯ КӨРМЕДІМ"

Мәжілістің бұрынғы депутаттары Ирак Елекеев пен Амангелді Айталы Марат Оспановты "білімді, іскер басшы" деп сипаттаса, Әбіш Кекілбаев басқарған жоғарғы кеңесте Оспановпен бірге жұмыс істеген бұрынғы депутат Жасарал Қуанышәлин оны "қазіргі саяси жүйенің негізін салушылардың бірі" деп санайды.

Ирак Елекеев "1995 жылы жоғарғы кеңес таратылған соң президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолымен жүзден астам заң қабылданды. Ол заңдарға көңілі толмаған Оспанов "бізге тарауға болмайды, сайланған мерзімнің соңына дейін жетуіміз керек" деп жиі айтатын. Ол премьер-министр болғысы келді. Кейінгі мәжіліс төрағаларынан ондай амбиция көрген жоқпын" дейді.

Оның сөзінше, Марат Оспанов депутат болып сайланғанымен, қайтадан спикер болуы екіталай еді. Өйткені басқа адамның кандидатурасы атала бастаған. Ал Марат Оспанов спикер болатынына соңғы сәтке дейін сенген сияқты.

– Түскі асты бірге ішкенімде көңіл күйі жақсы болатын. Бір сағаттан кейін-ақ ауруханаға түсті. Әлдекіммен телефонмен сөйлескен екен. Осыны көрген соң кейінгі спикерлерге "қайта сайланамын деп қатты сеніп қалмаңдар" деп ескертіп жүрдім, – дейді ол.

Мәжілістің бұрынғы депутаты, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы да Марат Оспанов жоғары билікке бәсекелес деп таныла бастаған соң спикерліктен шеттетілді деп санайды.

– Марат Оспанов өзінің қайта сайланарына күмәнданбауы да мүмкін. Бірақ билік жоспардың өзгергенін қайта сайланған мәжілістің бірінші отырысына дейін өзіне айтпағанға ұқсайды, – дейді Айталы. Оның сөзінше "алғыр, білікті, амбициясы бар Марат Оспанов бүгін спикер болса, арғы күні президент қызметінен дәметуі мүмкін" деген де болжамдар айтылған.

Амангелді Айталы "Марат Оспанов көппартиялы жүйеге орнайтынына сенді. "Отан" партиясын құрушылардың бірі болғанымен, оны бүгінгі саяси жүйенің негізін қалаушы деуге болмайды. Себебі оның өзінің демократиялық жоспарлары болды. Саяси жүйе 1999 жылдан бері көп өзгерді" деп санайды.

Екінші шақырылымдағы мәжіліс төрағалығына Қазақстанның бас прокуроры, мемлекеттік тергеу комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған Жармахан Тұяқбай сайланды. Ол да "Отан" партиясының атынан өкілдік етті. Кейін ол президенттің саясатын өткір сынап, оппозицияға кетті.

Әбіш Кекілбаев басқарған жоғарғы кеңесте депутат болған Жасарал Қуанышәлин Марат Оспанов әртүрлі мәлімделер айтқанымен, Назарбаевтың шылауынан шыға алмады, оның тапсырмасын орындаумен шектелді деп есептейді.

Ақын әрі депутат Мұхтар Шаханов басқарған комиссия тарап, оның өзі Қырғызстанға елшілікке кеткен соң Жасарал Қуанышәлин жоғарғы кеңесте Желтоқсан оқиғасына шынайы баға беретін комиссия құру жөнінде бастама көтерген.

– Жоғарғы кеңес төрағасының орынбасары Оспанов қатты кедергі келтіргендердің бірі болды. Ол жиында жүргізіп, мені қолдағандарға сөз бермеуге тырысты. Ақыры үлкен күшпен құрылды, бірақ жоғарғы кеңестің депутат Квятковская арызымен таратылуына байланысты жұмыс істей алмады. Парламентті таратуға түрткі болған мәселенің бірі – осы, – дейді ол.

Марат Оспановтың ғылыми еңбектері мен мақалаларын, сұхбаттарын жинап, бірнеше кітапқа жариялаған әйелі Бақыт Оспанова күйеуінің соңғы жылдары іштей толқып жүргенін байқаған.

– Ол үкіметті де сынады, ойын баспасөзге ірікпей айтып, жиі сұхбат берді. Бірде терең ой үстінде отырып маған "өз ортамда өзімді бөтен сезінемін" ("свой среди чужых, чужой среди своих") деген еді. Ол соңғы сәтке дейін өзін президентпен бір командадамын деп есептеді, – деп еске алады.

1999 жылы құрылған "Отан" партиясы кейін бірнеше партияны қосып, "Нұр Отан" партиясы болып өзгерді. Қазақстанды ширек ғасыр басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткеннен кейін де "Нұр Отан" партиясының төрағасы болып қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG