Accessibility links

Жаңа мәжіліс, ескі спикер, Тоқаевтың кезекті уәдесі


Назарбаев ұсынған сценарий. Нығматулин - спикер, Мамин - премьер
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Назарбаев ұсынған сценарий. Нығматулин - спикер, Мамин - премьер

15 қаңтарда жетінші шақырылымдағы жаңа парламенттің алғашқы сессиясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс бақылаушылары сынаған сайлауға "жоғары деңгейде өтті" деп баға берді. Ол саяси партияның парламентке өту межесін төмендету, сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген жазу қосу, адам құқығы жөніндегі уәкіл жайлы арнайы заң қабылдау және өзге де бірнеше ұсыныс айтты. Кей сарапшылар осының алдындағыдай, билік бұл жолы да ескі жүйені өзгертпей, "жеңіл-желпі сылап-сипаумен" шектелуі мүмкін деп санайды.

ПАРЛАМЕНТКЕ ӨТУДІҢ ПАЙЫЗДЫҚ МЕЖЕСІ, "БӘРІНЕ ҚАРСЫ" ДАУЫС БЕРУ

Жетінші шақырылымдағы парламенттің алғашқы сессиясында сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтардағы мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауы коронавирус пандемиясына байланысты карантин шектеулеріне қарамастан "тартысты" өтті әрі "саяси бәсекені арттыруға оң ықпал етті" деп мәлімдеді.

67 жастағы Тоқаев осы жолғы сайлауға түскен билікшіл бес партияның екеуі – "Адал" мен "Ауылдың" парламентке өтуіне "шамалы дауыс жетпей қалғанын" айтып, болашақта саяси партияның парламентке өту межесін 7 пайыздан 5 пайызға төмендетуді ұсынды.

"Ондай шешім қабылдайтын кез келді, өйткені мұндай ереже ресми тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады" деді президент.

Қазақстанда жексенбіде болған сайлауға елде ресми тіркелген алты партияның бесеуі – "Адал", "Ақ жол", "Ауыл", Қазақстан халық партиясы мен "Нұр Отан" қатысқан. Өзін "оппозициямыз" деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға сайлауға бойкот жариялаған.

Қазіргі заңда саяси партия парламентке өтуі үшін кемінде 7 пайыз дауыс жинауы тиіс. Кейбір белсенділер бұл межені 3 пайызға түсіруді ұсынған.

Тоқаев алдағы уақытта сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген жазуды (графа) енгізу керегін айтты. Қазақстанда сайлау бюллетенінен "барлығына қарсы дауыс беремін" деген жауап нұсқасы 2011 жылы кезектен тыс президент сайлауының алдында алынып тасталған.

Жетінші шақырылымдағы жаңа парламенттің алғашқы сессиясы. Нұр-Сұлтан, 15 қаңтар 2021 жыл.
Жетінші шақырылымдағы жаңа парламенттің алғашқы сессиясы. Нұр-Сұлтан, 15 қаңтар 2021 жыл.

10 қаңтардағы сайлауда тізімге енген бес партияға да наразы кей қазақстандықтар бюллетеннен оларды сызып тастап, бәріне қарсы екенін қолдан жазып, суреттерін әлеуметтік желілерде жариялады.

"Шын мәнінде, балама пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне "бәріне қарсымын" деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?" деді Тоқаев.

Тоқаев президенттікке келгелі бері алғаш рет өткен парламент сайлауының ресми қорытындысына сай, бұл жолы да мәжіліске 2012 және 2016 жылдардағыдай, жеті пайыздық межеден өткен сол баяғы билікшіл үш саяси партия өтті. Оның ішінде ең көп орынға Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған бұрынғы президент әрі Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы ретінде билікке әлі ықпал етіп отырған 80 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін "Нұр Отан" партиясы (76 орын) ие болды.

Мәжілістен "Ақ жол" партиясына – 12, "Қазақстан халық партиясына" (ҚХП) - 10 орын тиді. Тағы тоғыз орын Назарбаев өмірлік төрағасы саналатын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева (оң жақта) құдасы, Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашевтің қолынан депутат куәлігін алып тұр. Нұр-Сұлтан, 14 қаңтар 2021 жыл.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева (оң жақта) құдасы, Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашевтің қолынан депутат куәлігін алып тұр. Нұр-Сұлтан, 14 қаңтар 2021 жыл.

"Нұр Отан" партиясынан мәжіліске сайланған депутаттардың арасында экс-президент Назарбаевтың үлкен қызы, 57 жастағы Дариға Назарбаева да бар. 2019 жылы наурызда әкесі Қазақстан президенттігінен кеткен кезде Назарбаева парламент сенатының спикері, яғни мемлекеттегі екінші үлкен қызметке жоғарлаған еді. Сенат депутаттығына әкесінің жарлығымен тағайындалған Назарбаева парламенттің жоғарғы палатасын бір жылдан астам уақыт басқарып, 2020 жылғы мамырда президент Тоқаевтың жарлығымен сенат депутаттығынан шығарылған. Ал күзде әкесі басқаратын билік партиясы атынан сайлауға түсіп, мәжіліске өтті.

Оппозициялық топтар мен құқық қорғаушылар бұл жолғы сайлауды "шынайы бәсекеден жұрдай, биліктің сценарийі бойынша өткен сайқымазақ қойылым" деп сынаған. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау барысында заң өрескел бұзылып, биліктің бұрын-соңды болмаған қысымына тап болғанын мәлімдеп, өздері тіркеген дауыс беру деректері ресми мәліметтен алшақ екенін айтқан.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының арнайы миссиясы "азаматтарда таңдау болмады, бұл сайлау демократия талаптарына сәйкес емес" деген баға берді. Батыс бақылаушылары Қазақстанда өткен ешбір сайлауды халықаралық стандарттарға сай деп таныған емес.

10 қаңтарда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке наразы азаматтар қарсылық акциясына шықты. Құқық қорғаушылар сол күні полиция 300-ден артық адамды ұстаған деп хабарлады.

БАҚ өкілдері жаңа парламенттің алғашқы бірлескен отырысын бөлек залдағы шағын монитордан бақылап отырды. Нұр-Сұлтан, 15 қаңтар 2021 жыл.
БАҚ өкілдері жаңа парламенттің алғашқы бірлескен отырысын бөлек залдағы шағын монитордан бақылап отырды. Нұр-Сұлтан, 15 қаңтар 2021 жыл.

Жұма күні парламенттің бірлескен отырысы онлайн көрсетілмеді. "Еститін үкімет" болатынын айтып жүрген президент Тоқаевтың қатысуымен өткен жиынға тілшілер мен операторларды қатыстырмады. Журналистер жиынды отырыс өтіп жатқан залдан басқа бөлмедегі шағын монитордан бақылауға мәжбүр болды. Президент баспасөз қызметінің өкілдері Азаттық тілшісіне журналистер отырған залдан видео түсіруге тыйым салып, ескерту жасады.

2020 жылы Қазақстанда саяси партиялар туралы заңға өзгертулер енгізілді. Саяси партия тіркету үшін бұрынғыдай кемінде 40 мың адамның емес, 20 мың адамның қолы жеткілікті деген ереже пайда болды. Сонымен бірге партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілді. Билік осы өзгертулерді "демократиялық реформа" деп сипаттаған. Ал оппозиция мен құқық қорғаушылар заңның шектеуші қызметі сол күйі қалғанын айтып, биліктің "сырттай сылап-сипаумен ғана" шектелгенін сынаған. Осы жолғы сайлауға дейін елде бірқатар саяси белсендінің партия тіркетуге талпынысы нәтижесіз аяқталды, олар билік тарапынан түрлі тосқауыл мен кедергіге тап болғанын мәлімдеген.

ОМБУДСМЕН, СОТ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ

Жаңадан сайланған парламентте сөйлеген сөзінде Тоқаев елде адам құқығын қорғау саласын жетілдіру қажетін айтты.

"Мысалы, бізде омбудсмен институты бар. Бірақ, ол әзірге өзінің әлеуетін толық көрсете алмай отыр. Сондықтан, жақын арада омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдауымыз керек" деді президент.

Ол адам құқықтарына байланысты негізгі мәселелер өңірлерде байқалып отырғанын, жергілікті биліктің үстінен арыз-шағым көп түсетінін мойындады. "Сондықтан омбудсмен институтын, ең алдымен, аймақтарда күшейту қажет" деді Тоқаев.

Құқық қорғаушылар Қазақстандағы омбудсмен институты адам құқығын қорғаумен айналысатын ұлттық мекемелер мәртебесі жайлы Париж принциптеріне сай емес дейді. Қазақстан президенті тағайындап, парламент бекітетін омбудсмен мемлекеттік лауазымды қызметкер саналады.

2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген парламент мәжілісі мен жергілікті депутаттар сайлауының жарнамасы жанынан балдаққа сүйеніп өтіп бара жатқан әйел. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.
2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген парламент мәжілісі мен жергілікті депутаттар сайлауының жарнамасы жанынан балдаққа сүйеніп өтіп бара жатқан әйел. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.

Президенттің пікірінше, елдегі сот жүйесі реформасын аяғына дейін жеткізген жөн.

Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес.

"Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс. Сондықтан, сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек" деді Тоқаев.

"Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес. Бұл – аксиома, ақиқат. Осы орайда, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайта түсу үшін реформаны соңына дейін жеткізуіміз керек" деді ол.

Қазақстанда жоғары лауазымды қызметкерлердің көбін, соның ішінде судьяларды да президент тағайындайды. Оппозиция мен құқық қорғаушылар күшті президенттік билікке негізделген Қазақстанда сот атқарушы билік тармағына тәуелді деп санайды.

СПИКЕР МЕН ПРЕМЬЕРДІ ТАҢДАУ

Мәжіліс төрағасы мен премьер-министр кім болатыны бейсенбіде-ақ белгілі болған. Сол күні "Нұр Отан" партиясы лидері экс-президент Назарбаев ұйымның парламенттегі фракциясы жетекшілігіне 58 жастағы Нұрлан Нығматулинді ұсынған еді. 2012 – 2014 жылдары және 2016 жылдан бастап осы кезге дейін мәжіліс төрағасы болған Нығматулин арасында президент әкімшілігін басқарды.

15 қаңтар күні алғашқы жалпы отырысында жаңа мәжілістегі үш партия мен Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған депутаттардың барлығы Нұрлан Нығматулинді "бірауыздан" палата төрағасы етіп сайлады.

Кей сарапшылар Дариға Назарбаева мәжіліс төрағасы немесе төрағаның орынбасары болып сайлануы мүмкін деген болжам айтқан еді. Назарбаева бұған дейін бесінші шақырылымдағы мәжіліске президент әкесінің жарлығымен депутат болып тағайындалып, 2014-2015 жылдары палата төрағасының орынбасары болып та істеген. Бұл жолы ол мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына енді.

"Нұр Отан" лидері Назарбаев бейсенбі күні өз партиясының фракциясына премьер-министр қызметіне Асқар Маминді қайта тағайындауды ұсынған еді. 55 жастағы Мамин 2019 жылғы ақпаннан бері Қазақстан үкіметін басқарып отыр. Жұма күні түстен кейін парламентке қайта келген президент Тоқаев депутаттарға үкімет жетекшілігіне Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынатынын хабарлады. "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясы фракциялары бұл ұсынысты қолдамады.

Дауыс беру нәтижесі бойынша, 86 депутат Асқар Маминді премьер-министр етіп тағайындауды жақтап дауыс берді, 21 депутат қалыс қалды. Дауыс беру де жабық өткендіктен журналистер оны бақылай алмады. Мәжілісте бұл күні тек жаңадан сайланған депутаттардың ант беруі (кейбірі қағаздағы сөзді оқи алмай тұтықты) мен палата төрағасын сайлауға дауыс беру рәсімі ғана тікелей көрсетілді.

"НЕ ПАТША, НЕ ЕСЕК ӨЛГЕНШЕ"

Қазақстандық саяси сарапшылар президент Тоқаевтың жаңа парламенттің алғашқы отырысындағы сөзіне байланысты ой-пікірін ортаға салып жатыр.

"Тәуекелді бағалау тобының" директоры Досым Сәтпаев президент Тоқаев саяси партияның парламентке өту межесін түсіру, сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген жазу қосу сияқты өзгерістерді жақында болған "өтірік сайлауға" дейін неге енгізбеді деген сауал қояды.

"Тоқаевтың оған жеткілікті уақыты болды. Ал ниеті ше? Немесе президент, Қожанасыр құсап, мәжіліс жұмыс істейтін келесі бес жылда не патша, не есек өледі деп есептейді. Болмаса, 2019 жылғы даулы президенттік сайлаудан кейінгі кездегідей, президент парламенттік "сайлауларға" қарсылық болып жатқан тұста ел ішіндегі әлеуметтік наразылықты бәсеңдетуге тырысып және халықаралық қауымға жақсы көріну үшін тағы да әдемі сөзбен уәдеге тойдырып, бұл жолды да жүйенің тек сыртқы бетін сылап-сипап қойғысы келеді" деп жазды Сәтпаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына.

Оның пікірінше, сайлау процесі биліктің бақылауында болған кезде Тоқаев айтқан сөзден ешнәрсе өнбейді. "Саяси партиялар туралы заңға өзгертулер енгізілген кезде де дәл осылай жалаулатып жарнамалағанымен парламент сайлауы алдында саяси алаңда ешқандай жаңа партия пайда болмады, ескі сахнадан сол баяғы циркті тамашалағанымызды ұмытпайық" деп жазады сарапшы.

Бұған қоса Досым Сәтпаев 2019 жылғы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президенттік қызметтен кетіп, орнына Тоқаевты қалдырғанына көп ұзамай екі ай толатынын айтады. "Сол кезде Назарбаев билікте қалу үшін кетіп бара жатыр, Қазақстанда билік транзиті Назарбаев саяси сахнадан біржолата кеткен кезде ғана басталады" деген болжамы дәл келгенін еске салған.

"Тоқаев Ақордаға келгеннен кейін Кітапхана (экс-президент Назарбаевтың кеңсесі орналасқан ғимарат – ред.) жартылай президенттік жүйе құруға қимылдай бастады. Ол жүйеде президент билікте отырғанымен, басқармайды. Кітапхана сценарийі бойынша, басқару тізгіні "Нұр Отан" партиясы мен төрағасының қолында болуы тиіс, парламент сайлауының нәтижесі 2016 жылғы дәл осындай "сайлаудың" қорытындысын қайталағаны соны білдіреді" дейді сарапшы Досым Сәтпаев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG