Accessibility links

Тақ мұрагерлігі жөніндегі кеңес ІІІ Чарльзды Ұлыбритания патшасы етіп жариялады


ІІІ Чарльз және оның жұбайы, королева-консорт Камилла.
ІІІ Чарльз және оның жұбайы, королева-консорт Камилла.

ІІІ Чарльз ресми түрде Ұлыбританияның жаңа патшасы етіп жарияланды.

ІІ Елизавета патшайым қайтыс болғаннан кейін ұлы Чарльз таққа отыру құқығына ие болды. 10 қыркүйекте Лондонда Тақ мұрагерлігі жөніндегі кеңес оны ресми түрде монарх етіп жариялады.

BBC ақпарат агенттігінің жазуынша, прокламацияға тақ иесінің өзі, оның әйелі, королева-консорт Камилла, Қауымдар палатасының жетекшісі, кеңестің лорд-төрайымы Пенни Мордонт, премьер-министр Лиз Трасс және Кентерберий архиепископы қол қойған.

Рәсімге келгендердің барлығы-дерлік патшайымды аза тұтып, қара киіп келді.

Алдыңғы қатарда Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрлері – Джон Мейджор, Гордон Браун, Борис Джонсон, Дэвид Камерон, Тереза Мэй және Тони Блэр тұрды. Осы қатарда британ оппозициясының жетекшісі, лейбористер партиясының басшысы Кир Стармер де болды.

73 жастағы ІІІ Чарльз Ұлыбритания тарихында таққа отырған жасы ең үлкен монарх. Оның анасы ІІ Елизавета патшайым 8 қыркүйекте 96 жасында Балморал қамалында көз жұмды.

XS
SM
MD
LG