Accessibility links

Маңғыстауда жедел жәрдем қызметкерлері ереуілдеп жатыр


Жаңаөзенде ереуілдеп отырған жедел жәрдем жүргізушілері. Маңғыстау облысы, 12 қыркүйек, 2022 жыл
Жаңаөзенде ереуілдеп отырған жедел жәрдем жүргізушілері. Маңғыстау облысы, 12 қыркүйек, 2022 жыл

Маңғыстау облысының орталығы мен басқа аудандарында жедел жәрдем қызметкерлері үш күннен бері ереуілдеп жатыр. Ереуілге Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы, Бейнеу және Түпқараған аудандарындағы жедел жәрдем қызметкерлері қосылған. Олар жалақыға үстемақы қосып, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуді және бұл тәртіпті ұжымдық шартқа қосуды талап етеді.

Жаңаөзендегі жедел жәрдем станциясы қызметкерлері 10 қыркүйектен бері жұмысты тоқтатқан. Жедел жәрдем жүргізушісі Мұрат Белбаевтың Азаттыққа айтуынша, жағдайы өте ауыр науқасқа бару үшін бір ғана көлік пен жүргізуші қалған.

- Елу шақты адам ереуілдеп тұрмыз. Жұмысты толық тоқтаттық. Науыз айындағы наразылықтан соң жалақымызға 40 мың теңге (84 доллар) қосылатынын айтқан. Бірақ тамыз айында “бюджетте ақша жоқ” деп, оны да бермей қалды. Бұған қоса әлеуметтік төлемдерді талап етеміз, - дейді ол.

Мұрат Белбаев жедел жәрдем жұмысындағы нұсқаулық бойынша елді мекендегі әр 10 мың адамға бір машина болуы тиіс деп көрсетілген талаптың орындалмайтынын, жүргізуші жетіспейтінін, артық жұмыс үшін айына 3 мың теңге ғана төлеп отырғанын айтты.

Ақтауда ереуілдеп тұрған жедел жәрдем стансасы жүргізушілері де талаптарының ортақ екенін айтады.

- Бір ғана көлік жұмыс істеп тұр, ол жағдайы аса ауыр науқастарға арналған. Сексен шақты адам тұрмыз. Талап сол – ақша мәселесі. Берген айлығы ештеңеге жетпейді. Фельдшерге де, жүргізушіге де салмақ көп. “Риксос” қонақ үйі іске қосылғалы келімді- кетімді туристер бар, халық саны көбейді. Қолға алатынымыз 140-150 мың (300 доллардай – ред.) еді, оған қалай күн көреміз? - дейді ақтаулық жедел жәрдем жүргізушісі Мақсат Жалғасбаев.

Ол Ақтауда жаңадан жұмысқа орналасқан фельдшерлерге наразылыққа қатысқаны үшін қысым көрсетіліп жатқанын да хабарлады. Бұл ереуілге Мұнайлы ауданындағы жедел жәрдем жүргізушілері де қосылды.

Ереуілшілер жаппай наразылық басталған соң үстемақы бөліп төлене бастағанын, бірақ олар бұл төлемді ресми түрде ұжымдық шартқа енгізбей, тарқамайтынын айтты.

- Енді сол 40 мың теңгені төлеп жатыр. Бірақ толық емес, біреуге - 14 мың, енді біреуге -31 мың теңге, неге олай екенін тағы түсінбей тұрмыз, - дейді олар.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Аманбек Жұмыров ереуілшілерді “айтқанды түсінбейді” деп сөкті.

- Бәрі төленіп жатыр. Ол 40 мың теңгенің жалақыға қатысы жоқ. Жалақылары дер кезінде төленіп отыр. Сол қосымша ақыға бола жұмысты тоқтатуға негіз жоқ. Соны түсіндіріп жатырмыз. Ал әлеуметтік пакетті кәсіподақтары шешеді. Ұжымдық шартқа сай кәсіподақтарына ақша төлеп отырмыз. Оларға санаторийге жолдама беру, балаларына көмектесу деген заңда жоқ, бәрін үкіметке арта бере ме? - дейді Аманбек Жұмыров.

Маңғыстауда жедел жәрдем станциясы қызметкерлерінің жалақы дауы жалғасып келе жатқанына жарты жылдай болды. Биыл тамыздың 10-ында Маңғыстау облысының жедел жәрдем қызметкерлері видеоүндеу жариялап, орташа жалақыны 350 мың теңгеге дейін өсіруді талап еткен. Сол жолы олар тамыз айындағы жалақының 40 мың теңгеге азайғанына шағымданып, наурыз айындағы наразылықтан соң келісілген үстемақыны төлеуді сұраған.

Жедел жәрдем жүргізушілері биыл қаңтарда Ақтауда жиналып, жалақысына 23 пайыз үстемақы қосуға қол жеткізген еді. Ал 2021 жылы шілде айында Жаңаөзен қаласындағы жедел жәрдем көлігінің 45 жүргізушісі жұмысты тоқтатып, жалақыны көтеруді талап еткен. Кейін бұл талапқа Ақтаудағы, Бейнеу ауданындағы жедел жәрдем станциясы жүргізішілері қосылған. "Талабымыз орындалмады" деген жедел жәрдем жүргізушілері қарашада тағы да наразылық білдірген еді.

Бұл жолы Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясының бастығы Айдарбек Шыршықбаев жалақыны көтеру өз қолында еместігін, оны еңбек министрлігі шешетінін айтқан және аймақтағы ең ірі мұнай-газ өндіруші мекеме - "Өзенмұнайгаздан" жүргізушілер жалақысына 20-30 мың теңгеден қосып, демеуші болуды сұрайтынын айтқан.

Маңғыстау облысында түрлі сала қызметкерлерінің ереуілі жиі болып тұрады. Әсіресе мұнай саласының қызметкерлері еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді талап етіп, жиі наразылыққа шығады. Бірақ ол талаптардың көбі орындалмайды, ал белсенділер, тәуелсіз кәсіподақ басшылары қудалауға ұшырайды.

2011 жылы Жаңаөзенде мұнайшылар алты айдай ереуілдегенімен, мәселесі шешілмеген. Мұның соңы 16 желтоқсанда мұнайшылар мен полицияның қақтығысына ұласып, полицейлер бейбіт адамдарға оқ атқан. Соның кесірінен ресми дерек бойынша 17 адам қаза тапты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG