Украина АҚШ пен оның одақтастарынан қосымша қару-жарақ сұрады. Оның ішінде үлкен қашықтыққа ұшатын зымыран да бар. Бұл туралы 12 қыркүйек күні америкалық The Wall Street Journal басылымы хабарлады. Басылым Украина үкіметі АҚШ конгресіне жіберген құжатқа сілтейтінін айтады.
Тізімде қару-жарақ пен оқ-дәрінің 29 түрі келтірілген. Олардың арасында танктер, дрондар, кеме жойғыш Harpoon зымырандары, HIMARS дүркіндетіп ату реактивті жүйесінің зымырандары және де 300 шақырымға дейін ұшатын ATACMS баллистикалық зымырандары бар. Украина бұл қару-жарақтың "шабуылды 2023 жылы да жалғастыра беру үшін" керек екенін айтқан.
Содан бір күн бұрын Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный мен Жоғарғы рада депутаты Михаил Забродский ортақ мақала жариялап, онда Украинада үлкен қашықтыққа ұшатын қару болса, соғыс шешуші сәтіне жетеді деген.
Мамыр айында Вашингтон Киевке алысқа ұшатын зымырандарды беруден бас тартқан. Ол кезде АҚШ бұл зымырандар Ресей аумағына шабуылдауға қолданылуы мүмкін деп қауіптенген.
The Wall Street Journal басылымының бағалауынша, соғыс басталғалы АҚШ Украинаға 15 миллиард доллардан астам ақшаға көмек көрсеткен.
ПІКІРЛЕР