Accessibility links

Әкімдік Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған белсенділердің жақындарына пикет өткізуге рұқсат бермеді


Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған үш белсенді. Солдан оңға қарай: Қайрат Сұлтанбек, Жанмұрат Аштаев және Ләзат Досмамбетова. Шымкент, 13 шілде 2022 жыл.

Шымкент қаласының әкімдігі Қаңтар оқиғасына байланысты істі болған белсенділер – Жанмұрат Аштаев пен Қайрат Сұлтанбектің жақындарының пикет өткізу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Сотталған азаматтардың туыстары әкімдік рұқсат бермесе де, пикетке шығамыз деп отыр.

15 шілдеде Әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты “жаппай тәртіпсіздік” бабымен айыпталған үш белсенді – Жанмұрат Аштаев, Қайрат Сұлтанбек және Ләззат Досмамбетованы үш жылдан аса мерзімге түрме жазасына кескен.

8 қыркүйекте апелляциялық сот үкімді өзгертпеді. Судья Ләззат Досмамбетованың 14 жасқа толмаған ұлы барын ескеріп, жалғызбасты ананың жазасын өтеу уақытын екі жылға кейінге қалдырды. Белсенділердің туыстары үкімге наразылық білдіріп, толқуды басуға арнайы жасақ шақырылған. Жанмұрат Аштаевтың сот ғимаратында қарсылық көрсеткен төрт інісін полиция ұстап әкетіп, бес тәулікке қамаған.

Соттағы жанжал. Шымкентте "саяси тұтқындарды" судья босатпады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:06 0:00

9 қыркүйекте Жанмұрат Аштаевтың әйелі Мөлдір Нұранова мен Қайрат Сұлтанбектің жұбайы Ардақ Сәтпаева 13-20 қыркүйек аралығында қала әкімдігі, прокуратура, полиция департаменті ғимараттарының алдында, “Гүлжан” және “Колос” аялдамаларында, “Арбат” демалыс аймағында пикет өткізуге өтініш берген. Бірақ әкімдік олардың өтінішін қанағаттандырмады.

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы пикет өткізуге рұқсат бермеу себебін түсіндірмеген. Басқарманың ресми жауабында “Арызыңыз “Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” заңының 10-бабы 1-тармағына сәйкес келмеуіне байланысты, Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен пикет өткізуден бас тарту туралы шешім қабылданды” деп жазылған.

Мөлдір Нұранова Азаттық тілшісіне: “Бәрібір пикетке шығамыз. Тоқаевтың өзі пикет өткізу үшін ескерту қағазын берсеңдер болды деп айтты емес пе? Енді соған жүгінеміз” деді.

Енді сотталған азаматтардың жақындары өтініште көрсетілген мерзім ішінде қаладағы әртүрлі орындарда белсенділерді босатуды талап етіп, пикет өткіземіз дейді.

Енді сотталған азаматтардың жақындары өтініште көрсетілген мерзім ішінде қаладағы әртүрлі орындарда белсенділерді босатуды талап етіп, пикет өткіземіз дейді.Ақорда 2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиындар туралы" заңды демократиялық реформаның нәтижесі деп атайды. Онда жиын өткізу үшін рұқсат сұрау жүйесі әкімдіктерге "ескерту беру" жүйесімен алмастырылған деп дәріптеледі. Бірақ іс жүзінде азаматтар түрлі себептермен жиын өткізуге рұқсат ала алмайды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл заңды жиі сынайды.

  • 16x9 Image

    Динара ТІЛЕУБЕК

    Динара Тілеубек Азаттыққа 2019 жылдан бері жазады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Бұрын республикалық басылымдар мен телеарналарда жұмыс істеген. Автормен оның Facebook парақшасында пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG