Accessibility links

"Шындықты ешкім шынжырлай алмайды". Шымкенттік үш белсенді "ҚДТ-ны қолдады" деп жазаланды


Белсенділер Ерлан Файзуллаев, Нұржан Әбілдаев және Жанмұрат Аштаев (солдан оңға қарай) сот үкіміне наразылық білдіріп тұр. Шымкент, 1 маусым 2021 жыл.
Белсенділер Ерлан Файзуллаев, Нұржан Әбілдаев және Жанмұрат Аштаев (солдан оңға қарай) сот үкіміне наразылық білдіріп тұр. Шымкент, 1 маусым 2021 жыл.

Шымкенттегі Қаратау аудандық соты "тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты" деп айыпталған үш белсендіні жазалады. Олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

"САЯСИ ҚУДАЛАУ"

Үкім шығарған судья Алпысбай Нәлібаев белсенділер Ерлан Файзуллаев пен Нұржан Әбілдаевты Қылмыстық кодекстің 405-бабымен ("тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты") кінәлі деп тауып, олардың бас бостандығын бір жарым жылға шектеді. Ал Жанмұрат Аштаевтың Қылмыстық кодекстің 405-бабынан бірге 296-баппен ("Есірткі психотроптық заттармен, заңсыз жұмыс істеу") кінәлі деп тауып, екі жылға бас бостандығын шектелді.

Сот үш белсендіні "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен "Көше партиясы" ұйымын қолдады деп айыптайды. Қазақстан билігі бұл екі ұйымды "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент өз қарарында оларды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Үш белсендіге 3 жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынып, бас бостандығы шектелген уақытта жылына 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттелді.

Судья белсенділердің кінәсі дәлелдемелер жиынтығы, куәлердің, сарапшылардың жауаптары, тінту хаттары, сот сараптамаларымен толық дәлелденгенін айтты. Прокурор да осы пікірде.

Бірақ үш белсенді іс қозғалғаннан бастап өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Судья үкім оқып тұрғанда соңына дейін тыңдамай наразылық білдіре бастады. Жанмұрат Аштаев Конституцияға "жоқ" деген белгі басып алып, көтеріп тұрды. Ал Нұржан Әбілдаев Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар газет пен "Қазақстанда сот әділетсіз" деген жазуы бар қағазды ұстап тұрды.

Нұржан Әбілдаев пен Жанмұрат Аштаев сотта отыр. Шымкент, 1 маусым 2021 жыл.
Нұржан Әбілдаев пен Жанмұрат Аштаев сотта отыр. Шымкент, 1 маусым 2021 жыл.

- Прокурордың айыптауын судья бір сөзін, үтір, нүктесін де өзгертпей сол күйінде оқып берді, - деді айыпталушы Ерлан Файзуллаев.

Жанмұрат Аштаев сот үкімін "саяси қудалау" дейді. Ол Еуропа елдерінен белсенділердің аузын жауып, үйқамақта ұстап, құқығын таптағаны үшін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа (президенттіктен кетсе де, билікке әсер етіп отыр), президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовке, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке санкция салуды сұрады.

Үш белсенді тергеу мен сот процесі кезінде үйқамақта отырды.

ПРОКУРОР ТАҚҚАН АЙЫП

Прокурор Әйгерім Балтабаева жарыссөзде белсенділерге қандай айып тағылғанын баяндады. Оның айтуынша, 2020 жылы 19 қазанда 43 жастағы Аштаев пен 39 жастағы Файзуллаев Қайнарбұлақ саяжайында тұратын 53 жастағы Әбілдаевтың үйіне барып, үшеуі Файзуллаевтың Facebook парақшасында тікелей эфир жүргізген.

Прокурордың сөзінше, үшеуі ҚДТ қозғалысы мен "Көше партиясының" қызметіне тыйым салынғанын біле тұра жұмысына араласқан және жұртты билікке қарсы наразылыққа шақырған.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, үш белсенді 2020 жылдың 31 қазанында Liberty қорының президенті Ғалым Ағелеуов пен "Ар. Рух. Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожинаның Алматыда ұйымдастырған рұқсат етілген митингісіне жұртты шақырып, сөз соңында "Алға, ҚДТ!" "Алға, Көше!" деген.

Прокурор үш айыпталушы ҚДТ қозғалысы мен "Көше партиясын" қолдаған, қызметіне қатысуға үндеген деп санайды.

- Бұл сот психологиялық және филологиялық сараптамамен дәлеленді, - деді ол.

Прокурор Балтабаева Аштаевты "тыйым салынған ұйымның қызметіне араласқаннан" бөлек "есірткі затын өткізу мақсатынсыз заңсыз иемденген" деген тұжырымға келген. Белсенді марихуананы жолдан тауып алғанын, полиция оны сот санкциясымен тінту кезінде жалға алып тұрған үйінің маңынан тапқанын айтады.

Үш белсенді де сот барысында прокурордың айыптауымен келіспеді.

АЙЫПТАЛУШЫЛАРДЫҢ УӘЖІ

Үш белсендінің құқығын сотта қорғаған адвокат Әбдіраман Аққұловтың сөзінше, Аштаев, Файзуллаев, Әбілдаевтың құқықтары шектеліп, заңсыз сотталып отыр.

- Іс қозғап, тергеп-тексерген полиция мен прокуратураның дәлелдемелері негізсіз. Айғақтар жеткіліксіз, - деді адвокат жарыссөзде.

Аккулов Аштаевтың үйін тінту туралы сот қаулысында есірткі туралы сөз қозғалмағанын, соған қарамастан тінтуге барған тергеушілер есірткі іздеуге дайындалған қызметтік итті өздерімен бірге алып барғанын алға тартады.

- Тінту кезінде есірткі заты анықталмай тұрып Аштаевтың саусақ іздері алынған. Бұл тергеушілердің Аштаевтың үйінде есірткі заты бар екеніне сенімді болғанын дәлелдейді. Тергеушілер жүргізген бейнежазбада есірткі заты салынған пакеттің жап-жаңа, құрғақ күйінде тұрғаны байқалады. Тінту бұлтты күні жүргізілген. Егер оны Аштаев жасырған болса пакет суланып, жұмсақ болып тұрушы еді. Мұның бәрі есірткі затын тергеп-тексеру қызметкерлерінің өздері тастаған болуы мүмкін деген ой туғызады, - деді адвокат жарыссөз кезінде.

Аштаевтың айтуынша, үйін тінтуге келген тергеушілер есірткі затын көрші үйдің аумағынан тапқан. "Заңның күші жоқ" деген ол жарыссөзде наразылық ретінде аузын скотчтап, сөйлеуден бас тартты.

Файзуллаев өзін кінәлі деп есептемейтін, таңдау, сөйлеу, бейбіт митингіге шығу құқығы шектеліп жатқанын, тағылған айыппен келіспейтінін айтады.

- Шындықты ешкім шынжырлай алмайды. Керек болса өзімді өртеймін, - деді ол соттағы соңғы сөзінде.

Белсенділер мен олардың адвокаты сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым түсірмек.

Азаматтық белсенділер Нұржан Әбілдаев, Жанмұрат Аштаев пен Ерлан Файзуллаев бұған дейін Жерді шетелдіктерге сатуға қарсы шығып, Саяси тұтқындарға бостандық талап еткен наразылықтарға, "Қытай экспансиясына қарсы" митингілерге қатысқан. Сол үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.

Нұр-Сұлтан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен "Көше партиясын" 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бірақ бұл сот шешімі ешқайда жарияланбады. Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы жайлы қарарында екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын бұрынғы банкир, шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. Қазақстан оны "адам өлтіруге тапсырыс берді", "ақша жымқырды", "қылмыстық топ құрды" деп өмір бойынша соттаған. Әблязов өзіне қатысты және ҚДТ-ға шыққан сот үкімдерінің "саяси астары бар" деп санайды.

Қазақстанда екі ұйымға қатысты көп белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың көбіне Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша іс қозғалған. Бұл баппен айыпталғандардың ақталуы өте сирек.

"Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина осыған дейін Азаттыққа берген сұхбатында "билік 405-бапты белсенділердің ауызын жауып, белсенділігін басу үшін ұртоқпақ ретінде пайдаланады. Айыпталушыға жазамен қатар қоғамдық іске араласуға тыйым салу мұның саяси іс екенін көрсетеді" деген.

Кейбір құқық қорғаушылар елде "тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты" деген айыппен 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.

Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қарағандыда бірнеше белсенді "ҚДТ жұмысына араласты" деген айыппен істі болып жатыр.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" ҚДТ мен "Көше партиясы" жақтастарына қарсы қолданды деп айыптайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG