Accessibility links

"Билік өлердей қорқады". Әкімдіктер белсенділерге митингіге рұқсат бермей отыр


Коронавирус пандемиясы кезінде оппозицияның наразылық митингісі өтеді деп хабарланған жерге келген азаматты полиция жасағының қалай әкеткенін қарап тұрған маска таққан адамдар. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.

Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер 31 қазанда саяси реформа жасауды және саяси қуғын-сүргінді тоқтатуды талап етіп митинг өткізуге жергілікті биліктің келісімін сұрады. Бірақ Алматыдан басқа өңірде билік түрлі сылтау айтып, бейбіт акцияға рұқсат етпей отыр. Кей сарапшылар мұны биліктің митингіден үрейленетіндігімен байланыстырады.

26 қазанда петропавлдық белсенділер Оксана Широбокова мен Наталья Иванова 31 қазанда саяси талаптармен бейбіт митинг өткізуге келісім беруін сұрап жергілікті әкімдікке екінші рет өтініш тапсырды. Олар Алматы қаласының әкімдігі құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуовке митинг өткізуге рұқсат еткен соң өздеріне де мүмкіндік береді деп үміттенген. Бірақ Петропавл әкімдігі олардың бірінші өтінішін қанағаттандырмаған.

– [Әкімдік] бізге берген жауабында біресе карантинді алға тартады, біресе рұқсат етілген жерден басқа орынды сұрапсыңдар дейді. Міне, сол айтқанын "түзеп", Алматы әкімдігі құқық қорғаушыларға бейбіт митингіге рұқсат бергенін жазып, митинг өткізуге рұқсат етілген орынды көрсетіп, толықтырып қайта тапсырдық. Енді 30 қазанда жауап беруі тиіс, көрейік. Ал Алматыда бейбіт митингіге рұқсат бергенімен қуануға әлі ерте деп ойлаймын, себебі қазірдің өзінде әлеуметтік желіден белсенділерді ұстап, қамап жатқанын көріп отырмыз. Ал белсенділерсіз қандай митинг болмақ? – дейді Наталья Иванова.

Белсенділер алған бетінен қайтпайтынын, әкімдік рұқсат бергенше өтініш тапсыра беретінін айтады.

Белсенділер бейбіт митинг өткізгісі келеді. Билік келіспейді (20 қазан 2020 ж.)

№ 5 ТАЛПЫНЫС

23 қазанда Ақтауда жергілікті белсенділер Айжан Исмакова мен Шолпан Жанұзақова қала әкімдігіне барып, 31 қазанда бейбіт митинг өткізуге бесінші рет өтініш тапсырған. Билік осыған дейін төрт рет коронавирус карантинін алға тартып, митингіге рұқсат бермеген еді. Белсенділер бесінші өтінішке әзірге жауап болмағанын айтады.

Бейбіт жиын туралы жаңа заң туралы сіз білу керек деректер

Қазақстанда коронавирус карантині кезінде қабылданған жаңа "Бейбіт жиналыстар туралы" заңға сай, азаматтар қандай да бір жиын өткізгісі келетіні жөнінде жергілікті әкімдікке бес күн бұрын алдын ала ескертуі тиіс. Құқық қорғаушылар заңда митинг өткізуге рұқсат етпейтін кедергі көп деп санайды.

Қазақстанда бейбіт жиын заңы қалай қабылданды? Заңның кемшілігі қандай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:15 0:00

Олар митингіде елде қамауда отырған саяси тұтқындарды босатуды, шетелдіктерге жер сатылмауын, медициналық сақтандыруды алып тастап, үкіметтің карантин кезінде әр қазақстандыққа 100 мың теңгеден көмек беруін талап етпек.

– Сонда Маңғыстауда ғана карантин бар екен де, өзге аймақтарда жоқ па? Өйткені Алматы әкімдігі құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуовке рұқсат берді ғой? Сондықтан бесінші өтінішімізге, карантин уақытында Алматыда өткен Жанболат Мамай (13 қыркүйекте демократиялық партия құрғысы келетін бастамашыл топ рұқсат етілген наразылық шарасын өткізген – ред.) ұйымдастырған митинг туралы, Төреғожина мен Ағелеуовке рұқсат берілгендігі жайлы барлық ақпаратты қосып, өткіздік. Ал төртінші өтінішімізге "сіздер көрсеткен орын бейбіт жиын өткізуге арналмаған" деп тағы рұқсат берген жоқ, – дейді Айжан Исмакова.

Билік ақтаулық белсенділердің мұндай табандылығын әкімшілік құқық бұзушылық деп бағалаған. 10 қазанда Айжан Исмакова, Шолпан Жанұзақова және құрбылары Ұлболсын Тұрдиева әкімдіктің кезекті тыйымнан кейін, қаладағы "Ынтымақ" алаңына шығып, билік отставкаға кетсін, саяси реформа жүргізілсін деген талап айтқан. Олар сол жерге келген әкімдік өкілі мен полицияға "заңды жолмен билікпен диалог орната алмағандықтан осындай әрекетке амалсыздан барғанын" айтқан. Полиция үшеуін алаңнан әкетіп, әкімшілік іс қозғады.

Сот Айжан Исмаковаға "бейбіт жиын өткізу заңын бұзды" (488-бап) деген айыппен 83 340 теңге, Шолпан Жанұзақоваға 97 230 теңге айыппұл салды. Ал дәл сол бап бойынша айыпталған Ұлболсын Тұрдиеваны жеке куәлігін көрсетпегені үшін "полиция талабына бағынбады" деп (667-бап) 12 тәулікке қамады.

Белсенділер әкімдік митингіге рұқсат бермейінше алған бетінен қайтпайтынын айтады.

Семейлік Әлия Исенова, Райгүл Садырбаева бастаған белсенділер әкімдікке 31 қазанда митинг өткізуге екі рет өтініш беріп, рұқсат ала алмады. Әкімдік "митинг өткізу күні нақты емес" деген уәж айтқан. Белсенділер қала әкімдігіне 23 қазанда үшінші рет өтініш тапсырған.

– Екі өтінішімізге рұқсат етпеді. Әкімдік негізсіз бас тартқанымен қоймай, сес көрсетеді. Жауабында "егер өз бетіңізбен шара ұйымдастырсаңыз, ондай әрекет заңсыз саналып, Қазақстан заңына сай жауапқа тартыласыздар" деп жазылған. Бұл сес көрсету емей немене? – дейді Әлия Исенова.

"БИЛІК КАРАНТИНДІ ӨЗ МҮДДЕСІНЕ ПАЙДАЛАНЫП ОТЫР"

Ақтөбелік құқық қорғаушылар Дана Жанай, Алтынай Түксікова мен Зухра Нариман да өздері тұратын қалада 31 қазан күні экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы паркте саяси реформа мен саяси қуғын-сүргін тоқтату туралы талап қойып, митинг өткізгісі келеді. Олар 23 қазанда қала әкімдігіне митингіге келісімін сұрап, үшінші мәрте өтініш тапсырды.

– Қала әкімдігі бірінші өтінішімізді "Назарбаев атындағы парк митинг өткізуге арналмаған" деп қанағаттандырмай тастады. 20 қазанда екінші рет өтініш жазып, митинг өткізуге рұқсат етілген Ақтөбедегі екі орынның бірі – ескі филармония алаңын сұрадық. Бұл жолы әкімдік "пандемияға байланысты митинг өткізуге рұқсат берілмейді" деп жауап берді. Енді тағы өтініш жаздық, – дейді құқық қорғаушы Дана Жанай.

Ақтөбе әкімдігі жанындағы митинг кезінде полиция қызметкері Дана Жанайдың құжатын тексеріп тұр. 26 қазан 2019 жыл.
Ақтөбе әкімдігі жанындағы митинг кезінде полиция қызметкері Дана Жанайдың құжатын тексеріп тұр. 26 қазан 2019 жыл.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Қабыл құқық қорғаушылардан әкімдікке екі рет митинг өткізуге рұқсат сұраған өтініш түскенін, екі жолы да рұқсат берілмегенін растады.

– Ақтөбе облысы бас санитарлық дәрігерінің №53 қаулысына сәйкес, пандемия кезінде көпшілік шара өткізуге шектеу қойылған. Митинг өткізу туралы заңның 14-бабында да тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайлы айтылған. Осы заңнамаларға сүйеніп, қала әкімдігі митинг өткізуге рұқсат берген жоқ, – дейді Мадияр Қабыл.

Ал Дана Жанай "Францияда пандемияға байланысты карантин күшейген. Соған қарамастан мұғалім өліміне наразылар бейбіт митинг өткізіп жатыр (Францияда ер адам Charlie Hebdo карикатурасына бола мұғалімнің басын кесіп кеткен, кейін жұрт марқұмды еске алу шарасын ұйымдастырды – ред.). Франция билігі карантинді сылтау қылып, азаматтарының құқығын шектеп отырған жоқ. Қазақстан билігінен де азаматтардың бейбіт митингілер өткізу туралы конституциялық құқығын шектемеуді талап етеміз" дейді.

Бұған дейін Human Right Watch халықаралық ұйымы және басқа да құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды коронавирус пандемиясын пайдаланып, адам құқығын шектеп отыр деп сынаған.

Кейінгі екі аптада Ақтау, Петропавл, Семей, Ақтөбеден өзге Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қостанай мен Павлодар қалаларында ондаған белсенді әкімдікке 31 қазанда бейбіт митинг өткізуге өтініш бергенімен, әлі рұқсат алған жоқ.

Өткен аптада Алматы қаласы әкімдігі қазақстандық құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуовке саяси реформа мен саяси-қуғын-сүргінді тоқтату талабымен 500 адам қатысатын митингіге рұқсат берген. Бұған дейін екеуінің митинг өткізу туралы екі мәрте тапсырған өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан әкімдік тек үшінші жолы ғана келісім берді. Бірақ 20 қазанда Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин эпидемиологиялық жағдайға байланысты бейбіт митинг өткізуге уақытша тыйым салынуы мүмкін екенін айтқан.

Қазір жағдай өзгеріп келеді. Сондықтан мұндай шараға тыйым салу жағын қарастырамыз.

– Көп адам жиналатын митингілерді өткізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Эпидемия кезінде он адамнан артық жиналмауы керек. Қыркүйекте митинг өткізуге рұқсат еттік. Вирус жұқтырғандар аз болған кезде митингілер арақашықтық сақтап, маска тағып, дезинфекция қолданып өтті. Қазір жағдай өзгеріп келеді. Сондықтан мұндай шараға тыйым салу жағын қарастырамыз, – деді ол 20 қазандағы брифингте.

26 қазанда журналистер 31 қазанға белгіленген бейбіт митинг жайлы тағы да сұрағанда Бекшин: "Әрине, бұл митингіні және жалпы ауқымды шараның барлығын өткізбеуге кеңес беремін" деді.

"БИЛІК НЕ ІСТЕРІН БІЛМЕГЕНДЕ ТЫЙЫМ САЛА БАСТАЙДЫ"

Қазақстандағы халықаралық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының өкілі, құқық қорғаушы Сергей Дуванов биліктің наразылық акциясына рұқсат берерден бұрын ұйымдастырушысы мен тақырыбына мән беретінін айтады.

– Алматыда билік аса сескене қоймайтын, адам аз жиналатын, күш қолданудың қажеті жоқ деп тапқан оппозиция митингісіне рұқсат берді. Осы арқылы жаңа заңның жұмыс істеп жатқанын көрсеткісі келеді. 31 қазанда Алматыда жоспарланған митинг өтуі тиіс. Бірақ процеске Мұхтар Әблязов (шетелде тұрып жатқан оппозициялық саясаткер – ред.) араласып, жақтастарын осы митингіге және аймақтарда осы күнге белгіленген бейбіт шараларға қатысуға үндеді. Енді билік өзі рұқсат берген митингіде Әблязовтың жақтастары болатынын түсінген соң не істерін білмей дал. Әдетте билік не істерін білмеген кезде тыйым сала бастайды. Аймақтардағы қазіргі тыйымның басты себебі – осы, – дейді Дуванов.

Полиция арнайы жасағы оппозицияның наразылық акциясы өтеді деп хабарланған жерге келген адамды күштеп әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2020 жыл.
Полиция арнайы жасағы оппозицияның наразылық акциясы өтеді деп хабарланған жерге келген адамды күштеп әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2020 жыл.

Қазақстан билігі 2018 жылы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, елдегі қызметіне тыйым салған. Оппозициялық қозғалысты Қазақстан билігін сынап жүрген экс-банкир, 2009 жылдан бері шетелде тұратын Мұхтар Әблязов құрған. Еуропарламент былтырғы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Биыл мамырда Нұр-Сұлтан соты бас прокуратураның шағымынан соң тіркелмеген "Көше партиясын" да "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бас прокуратура "Көше партиясын" ҚДТ қозғалысына қатысы бар деп санайды. Мамыр айының соңында "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп тану туралы сот шешімімен келіспеген бірнеше белсенді сотқа шағым түсірген еді, кейінірек олардың шағымы қабылданбағаны хабарланды.

Әдетте Қазақстанда қандай да бір митинг жоспарланса, полиция белсенділерді бөлімшеге шақырып, сұрақтың астына ала бастайды. Осыған дейінгі митингілерде де полиция белсенділерден ҚДТ қозғалысына қатысы бар-жоғын сұраған.

ҚДТ, я "Көше партиясына" кіресіздер деп ойлаймыз, сондықтан сіздерге сенім жоқ, сол себепті те рұқсат бермейміз" деп ашық айтты.

Биліктен митингіге рұқсат сұрап жүрген ақтаулық белсенді Айжан Исмакова да осы жолы да ішкі саясат басқармасындағылар өзіне ҚДТ мен "Көше партиясы" жайлы сұрақ қойғанын айтады.

– Өткен аптада ішкі саясат басқармасында болдым. Ондағылар маған "сіздер я ҚДТ, я "Көше партиясына" кіресіздер деп ойлаймыз, сондықтан сіздерге сенім жоқ, сол себепті те рұқсат бермейміз" деп ашық айтты. Мен өзіміздің тәуелсіз екенімізді, ешқандай партияға мүше емес екенімізді, халық атынан сөз сөйлеп, пікір білдіріп жүргенімізді айттым. Себебі біз – халықпыз, – дейді ол.

ҚДТ-ға бола билік рұқсат етілген митингіні тоқтата ма? (13 қазан 2020 ж.)

ҚДТ-ға бола билік рұқсат етілген митингіні тоқтата ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:26 0:00

Құқық қорғаушы Сергей Дуванов Қазақстан билігі митингілерден өлердей қорқатынын айтады.

– Себебі барлық революция митингілерден бастау алған. Грузия, Украинада митингілер революцияға ұласты, қазір ондай жағдай Беларусь пен Қырғызстанда болып жатыр. Осыдан билік өлердей қорқады, – дейді ол.

Алматы қаласы әкімдігіне 30-дан аса өтініш беріп жүріп, митинг өткізуге әрең рұқсат алған белсенді Әлнұр Ильяшевтің пайымдауынша, халық бейбіт митинг өткізуге деген конституциялық құқығын табандылықпен талап етуден қайтпауы тиіс.

Қоғамда адам саны шешуші екенін ескерген жөн. Аймақтарда сыни көзқарас көбейгенде қозғалыс басталады.

– Жергілікті билік Алматыда саны көп болмаса да тұрақты азаматтық орта пайда болғанын және оның іс-әрекетін БАҚ үнемі бақылап, халықаралық үкіметтік емес ұйымдар қолдап, батыс дипломатиялық ұйымдары Қазақстанның адам құқығын сақтаудағы халықаралық міндеттемесін қалай орындайтынын бақылап отырғанын түсінген болар. Алматылық белсенділер бейбіт митингіге деген құқығын қорғап қалды десе де болады. Ал өзге аймақтар бұл жұмысты енді бастады. Қоғамда адам саны шешуші екенін ескерген жөн. Аймақтарда сыни көзқарас көбейгенде қозғалыс басталады, – дейді Ильяшев.

Қазақстандық халықаралық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының есебінше, билік елде жалпы орта есеппен бейбіт митингілердің тек 6-10 пайызына ғана келісім беріп, қалғанына рұқсат етпеген.

Бюроның мәліметінше, биыл алғашқы жарты жылда елде 168 бейбіт митинг өткен. Ал былтыр 227 митинг болған.

Бюро есебінде "елде митинг географиясы кеңейген. Бұған дейін митингілер ірі қалаларда ғана өтсе, 2019 жылдан бастап аймақтық деңгейде де өте бастады" деп жазған.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG