Accessibility links

"Жұрт билікті ауыстыруға болатынын түсінді". Қырғызстандағы сайлауға Қазақстаннан көзқарас


Парламент сайлауының нәтижесіне қарсы жұрт Бішкек орталығында тұр. 5 қазан 2020 жыл.
Парламент сайлауының нәтижесіне қарсы жұрт Бішкек орталығында тұр. 5 қазан 2020 жыл.

Тәуекелдерді бақылау тобының директоры, қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттыққа сұхбатында Қырғызстандағы қазіргі жағдайға баға берді. Екі революцияны бастан өткерген бұл елде 4 қазанда болған парламент сайлауынан кейін жұрт нәтижемен келіспей наразылыққа шықты. Елдегі митингіден соң сайлау нәтижесі жойылып, қамауда отырған елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаев түрмеден босатылды. Наразы жұрт жаңа сайлау өткізуді, президент Сооронбай Жээнбековтің биліктен кетуін талап етеді.

"ҚЫРҒЫЗСТАНДА БІРДЕ-БІР ПРЕЗИДЕНТ СЕНІМДІ БОЛА АЛМАЙДЫ"

Азаттық: Қырғызстанда не болып жатыр? Бұл жағдайды саяси ғылымда қандай терминмен сипаттаса болады?

Досым Сәтпаев: Бір жағынан революция алдындағы жағдайға ұқсайды. Қазір көріп отырғанымыз, 2005 жылғы оқиғаны еске салады. Сол кезде де жұрт парламент сайлауының нәтижесімен келіспей соңы бірінші революцияға алып келген. Қазіргі жағдай да соған ұқсас. Парламентке өтпей қалған көптеген саяси партия бірігіп, коалиция құрды. 2015 жылғы сайлауда фаворит болған Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) экс-президент Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастарын түрмеден босатып, мүмкін емес нәрсені жасады.

Досым Сәтпаев.
Досым Сәтпаев.

2005 жылы оппозиция [сол кездегі] президент Асқар Ақаевты және билікті парламентке элитамен байланысы бар ескі саяси партияларды әкелді деп айыптаған. Қазір де сондай жағдай. Ескі билікке жақын партиялар жеңді. Парламентке бұрынғы депутаттар қайта өтті. Олардың көбі – Жогорку Кенеште отырғандар. Бұл жұрттың ашуын тудырды. Себебі бұрынғы парламентке сенім төмен болды, көбі жаңаруды күтті. 16 саяси партия қатысты. Көбі сайлау алдында құрылды. Кейбірін азаматтық қоғам құрды. Жастар саясатқа араласуға, жүйені жаңартуға тырысты. Бірақ мүмкіндік жоқ екенін көрді. Бұл жұрт тарапынан қарсы реакцияға ұшырады. Қазір қырғыз қоғамынан дәстүрге айналып кеткен наразылық шаралары, әкімшілік ғимараттарды басып алу сияқты ескі саяси форманы көріп отырмыз.

Қырғызстанда саяси өмір болжауға келмейді, Орталық Азияның басқа елдерінен айырмашылығы – осы. Атамбаевты қамаудан босатып алады деп ешкім күтпеді. Қазір оның саяси болашағы туралы сұрақ туындап жатыр. Билік оны қайта қамағысы келсе тағы да наразылық күшеюі мүмкін. Атамбаев жағдайды пайдаланып, Жээнбековке қарсылас болу үшін үлкен саясатқа қайта кіруге тырысар. Себебі ол Жээнбековке үмітін ақтамаған сатқын ретінде қарайды. Жээнбеков Атамбаевты түрмеге қамады, себебі парламент сайлауы алдында басты қарсыласын, оның партиясы ҚСДП-ны жолдан алып тастағысы келді.

Азаттық: Бұл жағдай нені көрсетеді?

Қырғызстан тағы да саяси тұрғыдан белсенді мемлекет екенін көрсетті. 2005 жылдан кейін билікке келген қырғыздың бірде-бір президенті өзін қауіпсіз, билікті уысымда ұстап отырмын деп сезіне алмайды. Бұл – түрлі эксперименттер жүріп жатқан саяси лаборатория. Эксперименттердің нәтижесі саясаттың ішінде жүрген қырғыз саясаткерлеріне де белгісіз.

Постсоветтік кеңістікке қарасақ, барлық революция президент я парламент сайлауының нәтижесімен келіспеуден басталған. Грузияда, Украинада солай болды, Беларусьтегі қазіргі жағдайды да алуға болады. Қырғызстанның айырмашылығы, мұнда президент күштік құрылымдар мен олигархтарға ғана сеніп, сенімді отыра алмайды. Мұны Ақаев та, Бакиев те жасай алмады. Оны Жээнбеков жақсы түсінеді. Бұрындары Шарль де Голь "300 түрлі ірімшіктің сорты бар Францияны басқару қандай қиын" деген екен. Қырғызстан туралы да соны айтуға болады. 290 саяси партия тіркелген елді қалай басқаруға болады? Саяси ойыншылар көп...

Көбі саясаткерлердің, олигархтардың, жергілікті авторитеттердің мүддесін қорғау үшін формальды түрде тіркелгені түсінікті. Бірақ Қырғызстанның саяси алаңы құбылмалы, бірақ өте белсенді.

Бір жағынан, бұл әдетке айналып барады. Себебі Қырғызстан азаматтары билікті ауыстыруға болатынын түсініп алған. Бірақ билік ауысқаннан кейін үміт ылғи ақтала бермейді. Екі революцияны бастан өткерді, жүйені өзгертуге, парламенттік республика жасауға көп талпыныстар болды. Алайда өмір сүру деңгейі өскен жоқ, әлеуметтік-экономикалық жағдай нашар. Осының бәрі, қазір көріп отырғанымыздай, халықтың ашуын туғызды. Мұндай жағдайда саяси тұрақтылыққа үміт арту қиын.

"НҰР ОТАН" ЖӘНЕ "МАССОВКА"

Азаттық: Келесі жылы Қазақстанда парламент сайлауы өтетінін ескерсек, бұл Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?

Досым Сәтпаев: Қырғызстанда көппартиялы жүйе ресми түрде орнаған, онда қандай да бір үстем партия жоқ. Иә, оларда "Биримдик" сияқты Жээнбековпен байланысты [партиялар] бар. Бірақ оны жұрттың бәрі сенім артатын партия дей алмаймыз. Ал Қазақстанда "Нұр Отан" сияқты фаворит пен көппартиялы жүйенің иллюзиясын жасайтын "массовка" бар.

Қазақстанда былтыр болған оқиғалар, одан кейінгі жаппай митинг елде наразылықтың өте жоғары екенін аңғартады. Бұл жағдай Қазақстан билігін шошытты. Партия ішіндегі демократиялық механизм ретінде ұсынған праймериз "Нұр Отанға" қалың опа-далап жағу әрекеті болды, бірақ жүйені ешкім өзгертпеді. Жай саяси технология ойыны. Бірақ бұдан ештеңе шықпайды, себебі ол классикалық саяси партия емес, ол ешқашан шынайы сайлауға қатысқан емес, оның шынайы электораты жоқ.

Қырғызстанда жағдай басқа. Онда партия көп. Үлкенірек партиялардың өз электораты бар. Партиялар арасында бәсеке де, белгілі бір деңгейде саяси плюрализм де бар.

Қырғызстанда 2005 жылы болған оқиғалар Қазақстан билігін қатты қорқытты. Ол кезде бұл тақырыпты парламентте де жиі көтерді, ерекше үрей болды. Беларусьтегі жағдай да секем алдырғаны рас. Әрине, билік келесі жылы болатын сайлау белгілі бір деңгейде наразылық туғызады деп үрейленеді.

Бірақ бұл [наразылықтың өршуі] Қырғызстандағы, Беларусьтегі жағдаймен байланысты емес, бұл былтырғы Қазақстандағы оқиғалармен өтірік президент сайлауымен байланысты. Тіпті былтырғы жағдайдың өзі қазіргіден өзгеше. Әлеуметтік-экономикалық ахуал ушықты, жұмыссыздық пен кедейшілік өршіді, экономика "қисайып жатыр", шағын және орта бизнеске үлкен көмек қажет, бұл күз бен қыс ауыр болатын түрі бар, келесі жыл жеңіл болмасы тағы түсінікті. Мұның барлығы сайлау кезінде кері әсерін тигізеді. Әсіресе ол тағы да көзбояушылық болса. Тағы да былтырғы сценариймен жүретін шығар. Сайлауда бір жеңімпаз болады, қалғандары жай "массовка" рөлін атқарады.

"Нұр Отан" ойындарының элитаішілік астары да бар. Себебі элитаның [экс-президент] Назарбаевпен қатысы бар бөлігі "Нұр Отанды" күшейтіп, оның парламенттегі позициясын сақтап қалғысы келеді. Олар парламентті күшті еткісі келеді, бірақ бұл қоғам үшін емес, элитаның өзі үшін керек, яғни [қазіргі президент] Тоқаевқа қарсы күш жасауды қалайды.

"МӘСКЕУ РЕСЕЙШІЛ САЯСАТКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАЙДЫ"

Азаттық: Қырғызстанда болып жатқан жағдайға Ресей араласа ма?

Досым Сәтпаев: Қырғыз сарапшылармен сөйлестім. Алдыңғы сайлаулардан айырмашылығы – бұл жолы сыртқы күштер араласуға тырыспады десе болады. Ресей де, Қазақстан да ешкімге ықпал етуге әрекет жасамады. Қырғызстан – Орталық Азиядағы ресейшілдік қатты байқалатын жалғыз ел. Мұндай көзқарас элита ішінде де, халық арасында да бар. Оның себебі де түсінікті: Ресейде еңбек мигранты өте көп. Қырғызстандық кей саясаткерлердің ел тәуелсіздігі туралы мәлімдемелерін мысалға алайық. Одақ тарағалы 30 жыл болды, ал Қырғызстанда саясаткерлер арасында "Қырғызстан Ресейдің бір бөлшегі болу мүмкіндігін жоққа шығармаймын" деп мәлімдеме жасайды ("Биримдик" партиясының басшысы Марат Аманкулов 26 қыркүйекте осындай мәлімдеме жасаған – Ред.). Қазақстанда бұл үшін қылмыстық жаза бар. Бұл – елді егемендігінен айыру мақсатындағы мәлімдеме. Ал Қырғызстанда мұндай мәлімдемелер айтуға болады. Сайлауалды науқан кезінде партиялардың көбі Еуразия экономикалық одағына басымдық берді. Мұның себебі – қоғамның елеулі бөлігі Ресейге мойын бұрады. Мәскеу ресейшіл саясаткерлерді мүмкіндігінше қолдап отырады. Ол Өзбекстанда, Тәжікстан мен Түркіменстанда, тіпті Қазақстанда бұлай істей алмайды. Себебі бізде Ресейге біршама шынайы, секемшіл көзқараспен қарайды.

Әрине, Ресей Қырғызстанды жіті бақылап отыр, бірақ тікелей араласып жатқан жоқ. Кремль Ресеймен арадағы қарым-қатынасты қазіргі қалпында сақтап қалуға кепілдік беретін кез келген саясаткерді не саяси күшті қолдайды. Егер онда антиевразиялық көзқарасы бар, Ресейді әріптес емес, қатер ретінде қарастыратын күштер басым түсе бастаса, онда олар түрлі механизмдер арқылы ықпал етуге тырысады. Мәселен, мигранттар арқылы. Бір кездері Тәжікстанда кикілжің болғанда Ресей бұл құралды Душанбеге қарсы қолданған еді. Әрине, олар қырғыздың ресейшіл саясаткерлеріне сенім артары анық. Ондайлар көп. Қырғызстанда көп жұрт Ресейді әскери-саяси ынтымақтасық және еңбек нарығы тұрғысынан маңызды әріптес санайды.

"ЖЭЭНБЕКОВ ӨЗІН ӨЗІ ҚАҚПАНҒА ТҮСІРДІ"

Азаттық: Сіздіңше, Жээнбеков енді не істейді?

Досым Сәтпаев: Оның жағдайы өте қиын. Жээнбеков бірнеше жолды таңдауы мүмкін. Бірінші – белсенділік, қарсылық азаяды деп [үміттеніп], уақыт созу. Содан соң ең белсенді дегендерді бейтараптандыру. Наразылық бәсеңдемесе, оған қайта сайлау өткізуге тура келеді. Мұнда "оған қандай партиялар қатысады?" деген сұрақ туындайды. Тізімге "Биримдик" не "Мекеним Кыргызстан" сияқты [билікшіл] партиялардың кіргенін ешкім қаламайды. Оған жаңа оппозиция сапындағы партиялар кірер болса, Жээнбековтің жағдайы тіпті ауырлай түспек. Себебі ол парламентті меңгере алмай қалады. Ол парламентте үкімет құру бойынша келісімге келетін партиялардың отырғанын қош көреді.

Қазақстанның, Беларусь пен Ресейдің президенттерінен айырмашылығы – Жээнбеков бұл қызметте ұзақ отырмайтынын түсінеді. Президенттік мерзім бойынша шектеу бар. Ол мерзімі біткенде кетуі керек. Атамбаевты түрмеге қамағанда ол өзіне қарсы бір прецедент қалыптастырды. Яғни, қазіргі президент бұрынғы басшыны түрмеге қамай алады. Жаңа президент Жээнбековті тыныштандыру керек деп шешсе, оның басына да сондай күн тууы мүмкін. Ол өзін өзі қақпанға түсірді. Қырғызстанда классикалық үлгідегі мұрагерлік сценариі жүзеге аспайды.

Азаттық: Қырғызстанда билік ауысса, бұған Қазақстанның реакциясы қандай болуы мүмкін?

Досым Сәтпаев: Мұның алдындағы билік ауысулары кезінде Қазақстан не істеді? Ол ішкі саяси процестер, Конституция және халықаралық қауымдастық тұрығысынан қай билік легитимді деп танылады, соны мойындайды. Әсіресе [Омурбек] Бабановпен болған оқиғадан кейін (2017 жылғы президент сайлауы кезінде Бабанов кандидат ретінде сайлауға түскен – Ред.). Онымен Назарбаев кездескенде Атамбаев оған ауыр ақпараттық соққы берді. Қазақстанның араласпайтыны түсінікті. Себебі онда не болып жатқанын өзі де түсінбейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG