Accessibility links

Эмиль Жороев: Қырғызстанда парламент сайлауы қайта өтетіні анық


Президент Сооронбай Жээнбековтің кабинетіне кірген наразылардың бірі оның портретін теуіп тұр. Бішкек, 6 қазан 2020 жыл.
Президент Сооронбай Жээнбековтің кабинетіне кірген наразылардың бірі оның портретін теуіп тұр. Бішкек, 6 қазан 2020 жыл.

Қырғызстанда 5 қазандағы парламент сайлауы әділетсіз өтті деп санайтын саяси партиялар билікке наразылық білдіріп жатыр. Өткен түні наразылар Бішкекте президент резиденциясына басып кірді. Президент Сооронбай Жээнбеков "сайлаудағы заңсыздықтар анықталса сайлау қорытындысын жоққа шығаруды тапсырғанын" мәлімдеді. Азаттықтың Қазақ қызметі Қырғызстан саясаттанушысы Эмиль Жороевтан елдегі қазіргі саяси жағдай туралы қысқа сұхбат алды.

Азаттық: Эмиль мырза, Қырғызстанда не болып жатыр?

Эмиль Жороев: Қазір оппозициялық партиялар мен саясатшылар елдегі саяси жағдайды талқылап жатыр. Президент Жээнбеков билігін жоғалтты. Формальді түрде президент болып қалғанымен қолында ешқандай билігі жоқ. Қайда жүргені де белгісіз.

Сайлау өте өрескел заң бұзушылықтармен өткенін президенттің өзі де байқады. Бірақ ешқандай әрекет қылмады.

Қазір әртүрлі нұсқалар талқыланып жатыр. Бір нұсқаға қарағанда, парламент жиналып, уақытша үкімет құруы мүмкін. Сөйтіп уақытша үкімет сайлау өткізуі керек. Әзірше кім лидер болады деген мәселеге жауап жоқ.

Азаттық: Жээнбеков отставкаға кетуі мүмкін бе?

Эмиль Жороев: Оның әрі қарай президент болып қалуы мүмкін емес.

Азаттық: Парламент сайлауында заңсыздық болды ма?

Эмиль Жороев: Сайлау өте өрескел заң бұзушылықтармен өтті. Оны президенттің өзі де байқады. Бірақ ешқандай әрекет қылған жоқ. Соның нәтижесінде оппозициялық партиялар топтасып шықты.

Азаттық: Билікке наразы саяси күштердің Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты түрмеден шығарып алғаны қаншалықты заңды?

Эмиль Жороев: Қамаудан шығарып алғаны күтілген нәрсе. Оны жақтастары, достары шығарып алды, әлбетте ол заңсыз әрекет. Қалай болғанда оған парламент баға беріп, Атамбаевтың мәселесін сот шешуі тиіс.

Азаттық: Сайлауда парламентке төрт партия өткені хабарланды. Оның қайсысы билік партиясы, қайсысы оппозициялық партия?

Эмиль Жороев: Шындығында, Орталық сайлау комиссиясының қорытынды есебі шыққан жоқ. Алдын ала есепке қарағанда парламентке өтті делінген үш партия – билікке жақын партиялар. Парламенттегі 120 орынның 100-ден астамы солардың қолына тиді. Төртінші партия – Адахан Мадумаров бастаған "Бутун Қырғызстан". Ол партия бастапқыда жеті пайыз кедергіден өте алмады деген болатын, кейін қайыра есептеп өткізді.

Азаттық: "Бутун Қырғызстанды" оппозициялық партия деуге бола ма?

Эмиль Жороев: Қырғызстан партияларының оппозицияшылдығы үнемі өзгеріп тұрады. Бүгін билікке оппозицияда болғанымен, келесі жолы басқа билікті жақтап шығады. 2010 жылдан бері оппозицияда жүрген Адахан Мадумаров Қырғызстанның қазіргі президенті Жээнбековті қолдамайды.

Қырғызстан партияларының оппозицияшылдығы үнемі өзгеріп тұрады. Бүгін билікке оппозицияда болғанымен, келесі жолы басқа билікті жақтап шығады.

Азаттық: Парламентке өтпей қалған оппозициялық партиялардың ішінде қай партияның мүмкіндігі бар еді?

Эмиль Жороев: Парламентке өтеді деп күтілген ең ірі партия "Ата Мекен" партиясы болатын. Одан өзге "Респубика" және "Бир бол" партиялары да өтпей қалды. Жұрт осылар өтеді деп күткен.

Азаттық: Президент Жээнбеков "сайлаудың заңсыз өткені анықталатын болса сайлау қорытындысын қайта қарауды тапсырдым" деп мәлімдеді. Ондай болса қайта сайлау өте ме?

Эмиль Жороев: Жээнбековтен енді ешкім сұрамайды. Сайлаудың мәселесі қазіргі уақытта шешіліп қалды, жаңа сайлау болатыны анық.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG