Accessibility links

Қырғыз парламенті сайлауының дүбірі Қазақстандағы мигранттарға да жетті


Қырғыз туын ұстаған жігіт. Көрнекі сурет.

Биыл 4 қазанда Орталық Азия елдері арасында демократияға бір табан жақын саналатын Қырғызстанда парламент сайлауы өтеді. Бір палаталы Жогорку кенештің 120 мандатына 16 партия таласпақ. Үгіт-насихат жұмыстары қызған тұста кей партиялар назарын шетелде жұмыс істеп жүрген отандастарына бұрды. Өйткені Қырғызстан халқының 11 пайызынан астамы шетелде жұмыс істеп жүр. Олардың еңбекке жарамды азаматтар екенін ескерсек, еңбек мигранттарының сайлаушылардың жалпы санына шаққандағы үлесі одан да көп болып шығады. Нәпақасын Қазақстанда тауып жүрген қырғыз азаматтары қырғыз партияларының мигранттармен белсенді жұмыс істеп жатқанын растап отыр. Кейбіріне партияның кандидаты болу ұсынылған. Қазіргі билік мигранттардың дауыс беруіне мүдделі емес дейтіндер де бар.

Екі төңкерісті өткеріп, салдарынан қос президенті елден қашқан, тәуелсіз ел атанғалы бес президентті көрген Қырғызстанда жүздеген саяси партия бар. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, елде барлығы 259 саяси партия тіркелген. Оның 44-і алдағы парламент сайлауына қатысуға ниет білдірген. Бірақ өтінішті тек 17 партия ғана беріп, ақырғы додаға 16-сы өткен. Олар енді 6,4 миллион халқы бар Қырғызстанның 3,4 миллион сайлаушысының дауысына таласады. Бірақ сайлаушылардың бәрі Қырғызстанда жүрген жоқ.

Түрлі бейресми дерек бойынша, шетелде миллионға жуық қырғыз азаматы жүр. 2019 жылы қырғызстандық kaktus.media басылымы Қырғызстанның миграция қызметіне сілтей отырып, шет мемлекеттерде 710 мың қырғызстандықтың жұмыс істейтінін хабарлаған. Оның 640 мыңы Ресейде, 30 мыңы Қазақстанда, 30 мыңы Түркияда, 15 мыңы Оңтүстік Кореяда, 20 мыңы өзге елдерде жүрген. Бұл дерек рас болса және өзгермесе, Қырғызстан халқының 11 пайызы шетелде жүрген болып шығады. Шетелге жұмыс істеуге әдетте кәмелетке толған, еңбекке жарамды азаматтар баратыны белгілі. Сол себепті шетелдегі қырғыз азаматтарының сайлаушыларға шаққандағы үлесі халық санына шаққандағы үлесінен әлдеқайда көп болмақ. Саяси партиялар үшін бұл – елеусіз қалдыруға болмайтын үлкен күш. Сондықтан олар мигрант мәселесін сайлауалды бағдарламасына енгізіп, үгіт-насихат жұмыстарын отандастары жүрген елдерде де өткізіп жүр.

ҮГІТ-НАСИХАТТЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ – МИГРАНТТЫҢ ӨЗІН КАНДИДАТ ҚЫЛУ

Алматыда 2010 жылдан бері тұратын Қырғызстан азаматы Айбек Турдубаев Қырғызстандағы парламент сайлауына қатысып жатқан "Ата Мекен" партиясынан сайлауға түсуге ұсыныс түскенін айтады.

Айбек Турдубаев.
Айбек Турдубаев.

2015 жылы сайланған VI шақырылым депутаттарының 11-і – осы партияның мүшесі. Кандидат болуға келіскен Айбек Турдубаев партиясының қырғыз мигранттарының дауысына ынталы екенін айтады.

– ТМД елдерінде миллионнан астам қырғыз мигранты бар. Олардың арасында шетел азаматтығын алып кеткендер де көп. Тіпті қалған тең жартысы сайлауға белсене қатысса, олардың дауысы Қырғызстандағы парламент сайлауына айтарлықтай әсер ете алады, – дейді ол.

Жогорку кенештің саяси жүйедегі орны қандай?

Конституциясы бойынша Қырғызстан – егемен, демократиялық, құқықтық, зайырлы, унитарлы және әлеуметтік мемлекет. Заңда елді басқару формасының қандай екені нақты көрсетілмеген. Дегенмен Жогоргу кеңештің құзыреті Орталық Азия елдерінің заң шығарушы органдарының құзыретінен кеңірек.

Айбек Турдубаев партия тізімі бойынша парламент депутаты бола қалса, "Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастықты дамыта отырып, Қазақстандағы еңбек мигранттарына барынша қолайлы жағдай туғызуға" тырыспақ. Ол "Ата Мекен" партиясы қазіргі билікке оппозицияда екенін, Қырғызстан азаматтары оппозициялық партияларды қолдауға бейіл екенін айтады.

"Ата Мекен" Қазақстандағы қырғыз мигрантары арасында үгіт-насихатқа кіріскен жалғыз оппозициялық партия емес. Бұрын Қырғызстан мемлекеттік хатшысы қызметін атқарып, кейін оппозицияға кеткен Адахан Мадумаровтың "Бүтін Қырғызстан" партиясы да мигранттарымен белсенді жұмыс істеуге кіріскен.

Осы партияның өкілімін деген ның Алматы базарларының бірінде саудамен айналысып жүргеніне он жылдан асқан.

Абай Озған.
Абай Озған.

– Қырғыз елінің 90 пайызы осы партияны қолдайды. Бұл партия жеңсе, Қырғыз елінде жұмыс орындарын көбейтеді, – деп сендіреді ол.

"Бүтін Қырғызстан" партиясы да Қазақстандағы еңбек мигранттарына партия тізімі бойынша депутаттыққа түсуге ұсыныс жасаған. Озған кандидат болуға келіспегенін, бірақ партияның онлайн үгіт-насихатына үлес қосып жатқанын айтты.

Айбек Турдубаев та, Абай Озған да өз партиялары шетелге кеткен қырғыздардың оралуына жағдай жасауға ұмтылады деп санайды. Бірақ мигранттарды елге қайтару екі ұшты мәселе болып отыр. Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша, Қырғызстан – шетелде жүрген азаматтарының Отанына ақша жіберуі бойынша әлем елдері арасында көш бастап тұрғандардың бірі. 2019 жылы Қырғызстанның жалпыұлттық ішкі өнімі (ЖІӨ) 8,4 миллиар доллар болған. Оның 28,5 пайызы – шетелдегі еңбек мигранттарының еліне жіберген ақшасы.

Жогорку кенеш депутаттары қалай сайланады?

Қырғызстанда Жогоргу кеңеш депутаты сайлауына 21 жасқа толған азаматтар ғана түсе алады. Депутаттар пропорционалдық жүйе бойынша бес жылға сайланады. Сайлау нәтижесі қандай болса да, бір партия 65 мандаттан артық ала алмайды. Ал мандаттардың жалпы саны – 120. Техникалық тұрғыда, бір партия парламенттік көпшілікті құрай алады, бірақ іс-жүзінде мандаттардың жартысынан астамы бір партияға бұйыра бермейді. Парламенттік көпшілік әдетте коалиция негізінде құрылады. Коалицияға кірмей қалған партиялар парламенттік оппозицияға айналады.

Бір партия 200-ден артық кандидат ұсына алмайды. Ұсынылатын кандидаттар саны 75-тен төмен болмауы да қажет.

Сайлау нәтижесі бойынша жинаған дауыс саны 7 пайызға жетпеген партия Жогоргу кеңешке өтпейді. Парламентке өту үшін партия сондай-ақ әр облыстан кемі 0,7 пайыз дауыс алуы қажет. 2015 жылғы сайлауда бұл төменгі межеден 6 партия аса алған.

МИГРАНТТАРЫНЫҢ ШЕТЕЛДЕГІ ӨМІРІН ЖЕҢІЛДЕТУ

Турдыбаев пен Озған қырғыз мигранттарын елге қайтарумен қатар, олардың шетелде жұмыс істеу шартын жақсартуға да көңіл бөлу керек дейді. Олар Қырғызстанның Еуразия экономика одағына кіргенімен, әлі күнге дейін оның пайдасын көре алмай отырғанын, еңбек мигранттарының одақтас елдерде жұмыс істеуіне кедергі көбін айтады.

– Еуразия экономика одағына кіргеннен кейін қырғыз азаматтарына Қазақстанда екі айға дейін тіркелмей жүруіне рұқсат берілді. Екі ай ішінде бір жылға еңбек шартын жасап, әрі қарай жұмыс істесе болады. Әйтсе де қырғыз азаматтарына Қазақстанда жеке кәсіпкерлік ашуға рұқсат жоқ, – дейді Турдыбаев.

Алматыдағы базар басшылығымен келісіп, сауда жасап жүрген Абай Озған биыл көктемде карантин басталғалы Қырғызстандағы отбасына жете алмай қалғанын айтады. Қырғызстанға шығып кетсе, жұмысы тоқтап қалады, қайта кіре алмайды.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы кезек. 16 қазан 2017 жыл. Көрнекі сурет.
Қазақ-қырғыз шекарасындағы кезек. 16 қазан 2017 жыл. Көрнекі сурет.

– Бұрын тауарымыз шекарадан бір күнде өтсе, қазір карантинге байланысты 4-5 күнде әрең өтетін болып жүр. Еуразия экономика одағына кіргелі бұрынғыдай қуалау, жөнсіз паспорт тексеру азайды. Енді екі елдің президенттері келісіп, қырғыз елінің мигранттарына үш ай, алты ай тіркеусіз жүруіне рұқсат берсе болар еді, – дейді.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Қырғызстан азаматтары Қырғызстанмен арадағы шекараның кейде аяқ астынан жабылатынына қынжылады. Олар екі ел билігі арасындағы саяси қайшылық қарапайым халыққа зиянын тигізбеуі керек деп санайды.

ҮГІТ-НАСИХАТ КӨБІНЕ ОНЛАЙН ӨТІП ЖАТЫР

Қырғызстан парламенті сайлауы науқанынан Нұр-Сұлтан қаласында сауда жасап жүрген Қырғызстан азаматтары да хабардар. Олардың бір бөлігі қала шетіндегі "Шанхай" сауда орталығының екінші қабатына шоғырланған. Алайда қазір сауда орталығының екінші қабаты коронавирус инфекциясына байланысты карантинге жабылған. Ал бірінші қабаты мен жанындағы жайма базарда отырған Қырғызстан азаматтары сайлау туралы естігенімен, дауыс беруге барар-бармасын әзірге анық білмейді. Олардың сөзінше, дауыс беру үшін консулдыққа алдын ала тіркеліп, сайлау күні тағы баруы тиіс. Ал саудада әр күн, әрбір сағат маңызды. Дегенмен олар азаматтық құқығын пайдаланғысы келетінін айтады.

Қырғыз еңбек мигранттарының сөзінше, үгіт-насихаттың дені әлеуметтік желіде жүріп жатыр. Оған партиялардан гөрі қарапайым белсенділер көбірек кіріскен көрінеді. "Бүтін Қырғызстан" мен "Ата Мекен" партиясының Алматы шетіндегі базарларда штабы ашылғанымен, үгіт-насихатты әлеуметтік желі арқылы жүргізген тиімді болып шыққан.

Сайлау коммиссиясының мүшесі электронды сайлау жәшігін тексеріп жатыр. Бішкек, Қырғызстан. Көрнекі сурет.
Сайлау коммиссиясының мүшесі электронды сайлау жәшігін тексеріп жатыр. Бішкек, Қырғызстан. Көрнекі сурет.

САЙЛАУҒА СЕНІМСІЗДІКПЕН ҚАРАЙТЫНДАР ДА БАР

Алматыда тұратын қырғыз кәсіпкері Әбдібек Жәлеловке де партия тізімі бойынша сайлауға түсу жөнінде бірнеше партиядан ұсыныс келген, бірақ ол келіспеген. 2018 жылы өткен Қырғызстан президенті сайлауында оппозициялық кандидат Өмірбек Бабановтың өкілі ретінде Алматы қаласында "Республика" партиясы атынан белсенді жұмыс істеген ол ендігі сайлаудан көп үміттенбейді.

– [Алмазбек] Атамбаевтың (Қырғызстанның бұрынғы президенті – ред.) Бабановқа тосқауыл қойып, Сооронбай Жээнбековті (елдің қазіргі президенті – ред.) қалай өткізгенін жұрт біледі. Мен қырғыз саяси элитасы өзгереді деп ойладым. Бір де бір президент уәдесін орындамады. Қырғызстандағы саясатқа көңілім толмайды, қазіргі саясаттың соңына дейін жетеріне сенбеймін. Қырғызстанның бюджеті бос. Бюджетің болмаса, уәдеңді қалай орындайсың? Коронавирус кезінде қырғыз үкіметі халыққа бір тиын да берген жоқ, – дейді ол.

2006 жылдан бері Алматыда тұрақты тұрып, қала көгалдандыру кәсіпкерлігімен шұғылданып келе жатқан Әбдібек Жәлилов "қырғыздар парламентік басқаруға дайын емес" деп ренішін білдірді.

"ДАУЫС БЕРУ ҮШІН КОНСУЛДЫҚҚА БАРУ КЕДЕРГІ ЖАСАУЫ МҮМКІН"

Белсенді Айбек Турдубаевтың сөзінше, дауыс беру үшін консулдыққа тіркелу туралы талап мигранттарды дауыс беру құқығын пайдалануына кедергі жасауы мүмкін.

– Ешкім консулдыққа барып, электронды жүйеге алдын ала тіркеліп әуре болғысы келмейді. Соны онлайн жасаса да болар еді. Өйткені бәрінде ішінде чипі бар электронды паспорт бар. Шетелде жүрген 1,5 миллион қырғыз азаматының (расталмаған бейресми дерек – ред.) дені 18 бен 40 жас аралығындағы белсенді адамдар. Олар, әрине, билік партияларын қолдамайды, – дейді ол.

Қырғызстанның сайлау туралы заңы бойынша, дауыс бергісі келетін мигранттар 19 қыркүйекке дейін консулдыққа тіркелуі тиіс, тіркелмегендер дауыс бере алмайды.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG