Accessibility links

Сайлау нәтижесімен келіспеген Қырғызстан оппозициясы шеруге шықты


Қырғызстанда мыңдаған адам сайлау нәтижесіне қарсы шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:48 0:00

Қырғызстанда мыңдаған адам сайлау нәтижесіне қарсы шықты

Қырғызстанның Ресейге бүйрегі бұратын президенті Сооронбай Жээнбековке жақын партиялар 4 қазанда өткен парламент сайлауында депутаттық орындардың басым бөлігін иеленді. Оппозиция "заң бұзу көп болғандықтан, сайлау нәтижесін мойындамаймыз" деді.

5 қазандағы алдын ала нәтижелерге қарасақ, 7 пайыздық межеден өткен төрт партия Қырғызстанның 120 орындық парламенті – Жогорку кенешке депутат жіберу мүмкіндігіне ие болған.

Жаңа құрылған билік партиясы – "Биримдик" (Бірлік) 24,5 пайыз дауыс алса, "Мекеним Кыргызстан" (Мекенім – Қырғызстан) - 23,88, "Кыргызстан" 8,76 пайыз дауыс жинаған.

Бұл үш партия үкіметті қолдайтын саяси ұйымдар ретінде сипатталады. "Биримдик" те, "Мекеним Кыргызстан" да Мәскеу үстемдік ететін Еуразия экономикалық одағын жақтайды және Ресеймен қауіпсіздік саласында жақын ынтымақтасу керек деп есептейді.

Оппозициядан жалғыз "Бүтүн Кыргызстан" ("Біртұтас Қырғызстан") партиясы ғана 7,13 пайыз дауыспен межеден өте алды. Додаға түскен қалған 12 партия парламентке өтпей қалды.

Сайлаушылардың 56,5 пайызы дауыс беруге қатысқан.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков дауыс беріп жатыр. Бішкек, Қырғызстан. 4 қазан, 2020 жыл.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков дауыс беріп жатыр. Бішкек, Қырғызстан. 4 қазан, 2020 жыл.

Шағын партиялар президент Жээнбековке жақын саналатын "Биримдикті" өз кандидаттарын өткізуде әкімшілік ресурсты қолданды деп айыптады, олар мұны жоққа шығарды.

Президенттің інісі Асылбек Жээнбеков және қазіргі парламенттегі жоғарғы лауазымды адамдардың біразы осы партия атынан үміткер ретінде сайлауға түскен.

"Мекеним Кыргызстан" ауқатты да ықпалды Матраимовтар әулетіне жақын саналады.

2019 жылдың қараша-желтоқсанында наразы топ елдің кеден қызметінде жоғары қызметтер атқарған Райымбек Матраимовқа қарсылық білдірген. Жұрт оны "жемқорлық жасады, ақшаны шетелге жіберді" деп айыптап, жауапқа тартуға шақырған.

4 қазанда сайлау учаскелері жабыла салысымен, оппозициялық партиялар "жаппай заңбұзушылық болған" сайлау нәтижелерін мойындамайтындарын айтып, ел астанасы – Бішкекте наразылық жиынын өткізді. Жұрт біраздан соң тарады, бірақ оппозиция серкелері қазанның 5-інде жаңа шеруге қайта жиналуға шақырды.

Оппозициялық "Ата-Мекен" партиясы бұл доданы "ел тарихындағы ең лас сайлау" деп атады. Партия өкілдерінің айтуынша, елдің барлық сайлау учаскелерінде заңбұзушылық болған.

Оппозиция бақылаушылары сайлау учаскелерін аралап, қайталап дауыс беріп жүрген адамдарды тасыған автобустарды байқағанын хабарлады. Кей жерлерде адамдар "дауыс беру қажет" деген кандидаттардың тізімін ұстап тұрған.

Бішкектің Ала-Тоо алаңындағы наразы жұрт. 5 қазан, 2020
Бішкектің Ала-Тоо алаңындағы наразы жұрт. 5 қазан, 2020

"Реформа" партиясының басшысы Клара Сооронкулова Оштағы сайлау учаскесінде өзіне әлдекімдердің шабуыл жасағанын айтты.

"Онда үкіметтің, мемлекеттің не полицияның нышаны да жоқ" деген Сооронкулова Оштағы барлық сайлау учаскелерін "қылмыстық топтардың мүшелері" бақылады деді.

Орталық сайлау комиссиясы автобуспен сайлау учаскелерін аралап дауыс беріп жүргендер, оларды сайлау учаскелеріне бастап баратындар және дауыс беріп жатқан сәтін бақылайтындар туралы ақпарат алған.

"Қылмыскерлер азаматтарға қысым жасап жатыр, мемлекет азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермейді. Шағымдарға қатысты тергеу жүріп жатыр" деді Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында Азаттық сауалына жауап берген Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Тынычтыкбек Шайназаров.

Азаттық тілшілерінің айтуынша, 4 қазанда кей жерлерде сайлау учаскелерінің сыртында күтіп тұрғандардың қолында адамдардың тізімі болған, олар сайлаушыларға әлдебір конверттер берген.

Таласта сайлау учаскесінде кезек күтіп тұрған сайлаушы Азаттық тілшісінің камерасын ұрып, видео түсіруді тоқтатуын талап еткен.

Ошта Kloop.kg тәуелсіз ақпарат құралының екі журналисі өздеріне біреулер шабуыл жасап, операторды ұрып, телефондарын тартып алғанын хабарлады. Олардың айтуынша, сол маңда болған полиция бұл оқиғаға араласпаған, тек жұрт талап еткен соң ғана шара қолданған.

1990 жылдардың басында Қырғызстан Орталық Азиядағы "демократия аралы" деп аталған.

Үкіметті және оппозицияны жақтайтын кандидаттар қатысқан теледебаттарда, сайлау науқаны кезінде басқа шараларда Жээнбеков пен Қырғызстан үкіметіне, оның жүргізіп отырған саясатына көп сын айтылды.

Қырғызстандағы бұрын болған сайлаулар сияқты бұл жолы да даулы жайттар болды.

Оңтүстіктегі Ош облысында "Мекеним Кыргызстан" мен "Биримдик" партияларының жақтастары арасында қақтығыс болып, соның кесірінен 12 адам ауруханаға түсті, бірнеше көлік өртенді.

1 қазанда "Республика" партиясы оңтүстіктегі Узген ауданында бір белсендісін басқа бір партияның адамы өлтіріп кеткенін хабарлады.

Сайлау қарсаңында қырғыз үкіметі елде Covid індеті қайта өршіді деп дабыл қаққан. Кей аймақтарда жүріс-тұрысқа қайта шектеу қойылып жатыр.

Саяси партиялар санитарлық мекемелердің ескертулеріне көп құлақ аспай, жақтастарының ауқымды жиындарын өткізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG