Accessibility links

Қырғыз-тәжік шекарасында тағы атыс болды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

14 қыркүйекте таңертең қырғыз-тәжік шекарасында атыс болып, кемінде бір адамның қаза болғаны, бірнеше адамның жараланғаны хабарланды. Тараптар оқиғаға бір-бірін кінәлады.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің хабарлауынша, сәрсенбі күні таңертең Баткен облысы Булак-Башы маңында қырғыз шекарашылары тәжік сақшыларының шекараның даулы бөлігіне орналасып алғанын көрген. Ведомствоның мәлімдеуінше, тәжік шекарашылары аумақтан кетуден бас тартып, оқ атқан. Қырғыз жағы да "жауап берген". Қырғыз жағының айтуынша, Тәжік тарабы миномет қолданған. Атыстың салдарынан екі қырғыз шекарашысы жараланған.

"Миномет минасы жарылып, бір шекарашы жеңіл жарақат алды. Екінші әскери қызметкер контузия алды" деп жазылған ведомство хабарламасында.

Жараланғандарға көмек көрсетілген. Дәрігерлер жағдайларын орташа бағалайды. Қырғызстан шекара қызметі сәрсенбі күні түсте Баткен облысы Булак-Башында атыс тоқтатылғанмен, шекарада жағдай күрделі екенін айтты.

Ал тәжік тарабының айтуынша, 14 қыркүйекте таңертеңгі 7:15 шамасында қырғыз шекарашылары себепсіз минометтен 4 оқ атқан. Тәжік тарабы жауап ретінде оқ атқан.

Азаттықтың Тәжік қызметі күштік құрылымдардағы дереккөзге сүйене отырып, атыс кезінде бір шекарашы қаза болғанын, екі жауынгер жараланғанын жазды.

Тәжікстан шекара әскерінің баспасөз орталығы шекарадағы ахуал туралы ресми мәлімет таратқанымен, зардап шеккендер туралы хабарламады.

Қырғыз-тәжік шекарасының осы тұсында кейінгі бірнеше айда осымен үшінші рет атыс болды. 3 маусымда көрші елдердің шекарашыларының атысы бірнеше сағатқа созылып, Қырғызстанның екі сарбазы жараланды. Сол кезде қырғыз жағы Тәжікстан шекарашылары Булақ-Башы елдімекеніндегі шартты шекара сызығын заңсыз кесіп өтіп, Қырғызстан аумағына өтті деп хабарлаған.

  • Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы 970 километр шекараның 519 шақырымы келісілген, қалған бөлігі әлі нақтыланған жоқ. Қырғыздың Баткен облысы мен Тәжікстанның Соғды облысы арасындағы даулы жерде ауылдар, кей тұсында екі елдің тұрғындарының үйлері қоңсы орналасқандықтан ол жерде шекараны нақтылап, белгілеу қиындық туғызған.
  • Соның салдарынан көрші екі елдің тұрғындары мен шекарашылары арасында суға, жерге талас жиі болып тұрады. Кейде жанжал барысында қару қолданылып, адам өліміне ұласады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG