Accessibility links

Алматы полициясы сатиралық пост авторы Темірлан Еңсебекке қозғалған қылмыстық істі тоқтатты


Темірлан Еңсебек полиция тергеуінен шыққаннан кейін ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұр. Алматы, 15 мамыр 2021 жыл.
Темірлан Еңсебек полиция тергеуінен шыққаннан кейін ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұр. Алматы, 15 мамыр 2021 жыл.

Алматы полициясы Инстаграмдағы сатиралық Qaznews24 парақшасының жетекшісі Темірлан Еңсебекке қозғалған "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық істі тоқтатты. Бұл жөнінде Еңсебек пен адвокатының сөзіне сүйенген "Медиазона" сайты жазды. Іс қылмыс құрамының жоқтығынан тоқтатылған.

Адвокат Жанар Балғабаева "Медиазона" сайтына берген сұхбатында сотқа дейінгі тергеу кезінде лингвистикалық және саясаттану бойынша екі сараптама жүргізілгенін айтқан. Нәтижесінде сатиралық контентті жалған ақпарат ретінде қарастыруға болмайды деген тұжырым жасалған.

Былтыр сәуір айында Темірлан Еңсебек Инстаграмнан Қазақстан билігі мен қоғамдағы кейбір құбылыстарды әзілмен жеткізетін сатиралық аккаунт ашып, танымал бола бастаған. Мысалы, бір постта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құдай дәрежесін беріп, мұны Конституцияда бекітуді ұсынды" деп жазылса, тағы бірінде ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарының жылына бір реттен артық шетелге шығуына, шетелде түскен суреттерін әлеуметтік желіде жариялауына тыйым салатын заң жобасын жасап жатыр деген сатиралық "жаңалық" болған. Пабликтың профилінде материалдардың шынайы жағдаймен байланысы жоқтығы, "оқиғалармен және адамдармен сәйкес келіп жатса, бұл – жай кездейсоқтық" екені ескертілген.

Бірнеше аптадан соң полицейлер Еңсебектің үйіне тінту жүргізіп, кеңсе техникасын алып кеткен. Өзін тергеген.

Бұған дейін Қазақстандағы журналистер қауымдастығы және баспасөз қорғау ұйымдары Еңсебекті қудаламауды, "жалған ақпарат тарату" бабын репрессия мақсатында пайдаланбауды талап еткен. Еңсебекке халықаралық Human Rights Watch ұйымы да араша түскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG