Accessibility links

Алматыда тағы бір қарақалпақ белсендісі Раиса Құдайбергенова ұсталды


Полиция көлігі. Көрнекі сурет.
Полиция көлігі. Көрнекі сурет.

Жұма күні кешке Алматы маңында тағы бір қарақалпақ белсендісі Раиса Құдайбергенова ұсталды. Медицина орталықта врач-кардиолог болып істейтін белсендіні жұмыс орнынан алып кеткен. Ол Өзбекстан конституциялық құрылысына нұқсан келтірді деген күдікке ілінген. Бұл жөнінде "Власть" сайты жазды. Басылым қарақалпақ диаспорасының өкілі Ақылбек Мұратбайдың сөзіне сүйенеді.

"Ол сағат 18:30-да жұмысынан хабарласып, қабылдауында пациенттер отырғанына қарамастан бірнеше адамның кіріп, өздерімен бірге жүру қажет деп айтқанын жеткізді. Мен осыған дейін қамалған Қошқарбай Төремұратов пен Жангелді Жақсымбетовті қорғап жүрген адвокаттарға хабарластым. Адвокат қарсыласпай, заң аясында әрекет етеміз деп айтты. Кейін Құдайбергенованың көмекшісі хабарласып, оны үш адам алып кеткенін хабарлады. Біреуі өзін таныстырған, екеуі кім екенін айтпағанмен Өзбекстаннан келгенін жеткізді. Мен оны арнайы сұрадым" деді Ақылбек Мұратбай "Власть" сайтына.

Оның айтуынша, Раиса Құдайбергенова Өзбекстан конституциялық құрылысына нұқсан келтірді деген күдікке ілінген. Осы апта басында дәл осындай күдікпен Алматыда екі қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов пен Жангелді Жақсымбетов ұсталған еді. Ақылбек Мұратбайдың айтуынша, екеуінің қамау мерзімі 40 күнге ұзартылған.

Алматы полициясы белсенділердің ұсталуына байланысты түсініктеме бермеді.

  • Шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды егемен мәртебесінен айыратын Конституция жобасына қарсылық білдірген. Наразылық күшпен басып-жаншылды, билік Қарақалпақстанда төтенше жағдай жариялаған.
  • Ресми мәліметке сай, Қарақалпақстандағы оқиға кезінде 21 адам қаза болған, 516 адам ұсталған. Қаза болғандардың 14-і – бейбіт тұрғын, төртеуі құқық қорғау орган өкілі. Артынша Өзбекстан парламенті Конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады.
  • Халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдер Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны жан-жақты тергеуге, бейбіт наразыларға күш қолданғандарды жазаға тартуға үндеді.
  • Қазақстандағы қарақалпақ белсенділерінің хабарлауынша, шілдеден бері Қазақстан және Өзбекстанның құқық қорғау органдары Қарақалпақстандағы оқиғаға байланысты бірқатар белсенділерді тергеген.

Қарай отырыңыз: Алматыда қарақалпақ белсенділерін ұстап әкетті (14 қыркүйек 2022 жыл).

Алматыда қарақалпақ белсенділерін ұстап әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:26 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG