АҚШ-тың Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Ереванға барған сапарында "Арменияға шабуыл жасап отыр" деп Әзербайжанды айыптай сөйлеген. Бұл жөнінде Азаттықтың Армян редакциясы — Радио Азатутюн хабарлады.
"Бізге Арменияның маңызы зор. Конгресс атынан Әзербайжанның жөн-жосықсыз жойқын шабуылын айыптаймыз", - деді Пелоси Арменияның Ұлттық жиын төрағасы Аллен Симонянмен кездескеннен кейін.
Ол екі ел арасындағы жанжал соғыспен шешілмейтінін, келіссөз қажеттігін айтқан.
Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Пелосидің сөзін "негізсіз және әділетсіз айыптау" деп бағалап, "жанжалды бейбіт жолмен шешуге зор кедергі болады" деп мәлімдеді. "Баку таяуда шекарада болған қақтығысты "Арменияның Әзербайжанға қарсы әскери арандату әрекетінен кейін басталды" деп есептейді дейді Reuters.
Пелоси Арменияға келген кезде Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан шығу туралы митинг өтіп, бірнеше жүз адам қатысты. Әзербайжанмен арадағы қақтығыс кезінде Ереван "егемендігін сақтап қалу үшін" Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан әскери көмек сұраған. Алайда ішінде Қазақстан да бар бұл ұйым көмектен бас тартқан.
- Қыркүйектің 13-іне қараған түні Армения мен Әзербайжан шекарасындағы жағдай күрт шиеленісіп, 200-ден астам адам өлген. Ереван 135 жауынгері, Баку 77 жауынгері өлді деп жариялаған.
- 2020 жылдың соңында Армения мен Әзербайжан арасындағы көп жылдық дау үлкен соғысқа ұласқан еді. 44 күн соғыстан кейін Әзербайжан өзіне тиесілі жерді қайтарып алған.
ПІКІРЛЕР