Accessibility links

Украинадағы соғысқа барудан бас тартқан Дағыстан жауынгерін әскерден босатқан


Украинаның соғыста қираған Изюм қаласы

Махачкала гарнизонының әскери соты Украинадағы соғысқа барудан бас тартқаны үшін Каспий флотының әскери қызметкері Фирудин Гаджибековтің әскер қатарынан босатылғанын заңды деп санады.

Бұған дейін Гаджибековтің соғысқа барудан бас тартқанын әскери бөлім басшылары "тәртіп бұзу" деп бағалап, әскерден босатып жіберген. Гаджибеков келісімшарт бойынша он жылдан аса әскери қызметте істеген, взвод командирі болған.

"Кавказ.Реалии" хабарына қарағанда, 4 мамырда Гаджибеков қызмет ететін батальон командирі сапта тұрған жауынгерлерге "арнаулы тапсырманы орындау үшін Украинаға баратындары" жөнінде ауызша хабарлаған. Бірақ Гаджибеков іссапарға барудан бас тартқан, өйткені командир оған жазбаша бұйрық бермеген. Осыдан кейін Гаджибековті қызметінен босату туралы бұйрық шыққан. Ол сотқа жүгінгенімен нәтиже шығара алмаған.

Украинада соғыс басталғалы Махачкала гарнизонының әскери сотына әскери бөлімді өз бетімен тастап кеткені үшін қозғалған 15 қылмыстық іс түскен. Бірақ онда Украинадағы соғыс жайлы сөз болмаған. Ал 2021 жылы, бір жылдың ішінде небәрі тоғыз іс түскен.

Жергілікті БАҚ жазуына қарағанда, соғысқа дейін келісімшартқа қол қойып, Украинадағы әскери қимылдарға қатысудан бас тартқан Дағыстан жауынгерлеріне түрлі қысым жасалады: гауптвахтаға қамайды, құжатына "сатқындыққа, өтірікке, алдауға бейім" деп мөр басады, бір жолғы төлемақыдан қияды. "Вёрстка" басылымы Дағыстанның үйіне қайтқысы келген бірнеше жауынгерінің бастан кешкендері туралы жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG