Алматы прокуратурасы Қаңтар оқиғасынан соң көзі көрмей қалған Ермек Әбдірешовке қатысты қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Бұл туралы Qantar қоры Instagram парақшасында хабарлады.
"Qantar қорының адвокаттары Ермек Әбірешовтің ісінен көптеген заң бұзушылық тапты. Мысалы, соқыр адамнан заңды өкілсіз жауап алынған. Сондай-ақ физикалық тұрғыдан оқи алмайтын сәтінде жауап алу хаттамасына қол қоюға мәжбүрлеген. Айыпты алып тастау — әлі күрестің басы ғана. Алда әлі жұмыс көп. Ермекті азаптаған полицей әлі күнге бостандықта. Ол іс бойынша куәгер. Құқық қорғаушылар оның қатысуымен азаптаудың 13 эпизодын тапты. Полицейді зардап шеккендер мен куәгерлер таныды" деді Qantar қоры мәлімдемесінде.
Бұл қор қаңтарда бейбіт митингіге шыққандардың ешқандай қылмысқа қатысы жоғын дәлелдеу үшін жұмысын жалғастыра беретінін мәлімдеді.
37 жастағы Ермек Әбдірешов Қаңтар оқиғасы кезінде көзіне резеңке оқ тиіп, жанарынан айырылған. Кейін оны ауруханадан алып кетіп, тергеу изоляторына қамап тастаған. Әбірешов тергеуда орган қызметкерлері азапғанын айтқан.
Тамызда Алматы прокуратурасы қаңтарда ұсталған Саят Әділбекұлының қылмыстық ісін "қылмыс құрамы жоқ" деп тоқтатқан. Әділбекұлы да азапталғанын айтқан.
Бұдан бөлек Талдықорғанда Жақсылық Советбеков пен Азамат Батырбаев та Қаңтар оқиғасынан соң тергеуде азапталғанын мәлімдеген. Сот шілдеде Батырбаевты "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен 4 жылға шартты жаза кескен.
Қаңтар оқиғасында ресми дерек бойынша барлығы 238 адам қаза тапты. Олардың алтауы азаптаудан көз жұмған.
ПІКІРЛЕР