Accessibility links

Мүгедектігі бар адамдар еңбек министрлігіне барып, мемлекеттік көмектің мардымсыздығына шағымданды


Қазақстанның түрлі өңірінен келген мүгедектігі бар адамдар вице-министрге арыздарын айтып жатыр. Астана, 23 қыркүйек 2022 жыл.
Қазақстанның түрлі өңірінен келген мүгедектігі бар адамдар вице-министрге арыздарын айтып жатыр. Астана, 23 қыркүйек 2022 жыл.

23 қыркүйекте Астанада мүгедектігі бар бір топ адам еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне барды. Оларды вице-министр Ербол Оспанов қабылдады. Елдің әр аймағынан арнайы келген мүгедектігі бар адамдар мемлекет тарапынан дұрыс көмек көрсетілмей жатқанын айтып шағынды.

Олардың сөзінше, өңірлерде мүгедектігі бар адамдар заңды көмектің өзін ала алмай жүр. Оған себеп – порталдың дұрыс жұмыс істемеуі, облыс, аудандардағы әлеуметтік көмекке жауап беретін мекемелер жұмысының салғырттығы.

«Мардымсыз жәрдемақыға күнелте алмаймыз. Мемлекеттен берілетін ақша дәрі-дәрмектен артылмайды. Жұмыс істейін десек, жұмысқа жарамсызбыз. Ал өңірлердегі жұмыспен қамту орталықтары бізге қолайлы жұмыс тауып бере алмайды» дейді Қызылордадан келген Ролан Бименов.

Ал екінші топтағы мүгедек Артур Өтегеновтың анасы Рахима Өтегенова 20 жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанын айтады. Оның сөзінше, баспанаға байланысты мемлекеттік бағдарламалардың ішінде екінші топтағы мүгедектерге жеңілдік қарастырылмаған.

Вице-министр қабылдауында болғандар инвотакси жүйесіндегі (мүгедектігі бар азаматтарды таситын такси) олқылықты да айтты. Олардың сөзінше, өңірлерде «инвотакси» дұрыс жұмыс істемейді. Бұған қоса, мүгедектігі бар адам тұрғылықты жерінен басқа өңірге сапарлап барса, «инвотакси» қызметіне жүгіне алмайды екен.

Оннан аса адамның шағымын жеке-жеке тыңдаған вице-министр Ербол Оспанов айтылған мәселенің бәрі қаперге алынғанын, алдағы уақытта шешімін табатын айтты.

– Азаматтардың жан-айқайын естідік. Мүгедектегі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтердің, берілетін тауарлардың сапасы жөнінде біраз мәселе айтылды. Бұл мәселелер бойынша жұмыс топтары құрылады. Оған әр өңірлерден азаматтарды қосамыз, – дейді вице-министр.

Вице-министр қабылдауынан шыққан соң Азаттық тілшісімен сөйлескен Рахима Өтегенова (мүгедектігі бар баланың анасы) билік өкілі берген уәдеге сенбейтінін, министрлікке келген сайын дәл осындай жалпылама жауап еститінін айтты.

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар жәрдемақы көтеруді және баспана мәселесін шешіп беруді талап етіп жиі наразылық акцияларын өткізеді. Былтыр 3 желтоқсан – халықаралық мүгедектер күні қарсаңында Қазақстанда мемлекеттен төленетін жәрдемақыны екі есе көбейтуге үндеген петицияға мыңдаған адам қол қойған еді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің былтырғы дерегінше, елде мүгедектігі бар 702 мыңнан астам адам тіркелген. Олардың 68 мыңға жуығы – бірінші топтағы, 278 мыңы – екінші топтағы, ал қалған 259 мыңнан астамы үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG