Accessibility links

Қазақстанда жасылдар партиясы құрылтайшылар съезін өткізді


"Байтақ" жасылдар партиясының құрылтайшылар съезіне түрлі өңірлерден делегаттар, студенттер де қатысты. Кейбір студенттер "залды толтырып, отыру үшін жіберілгенін" айтты. Алматы, 24 қыркүйек 2022 жыл.
"Байтақ" жасылдар партиясының құрылтайшылар съезіне түрлі өңірлерден делегаттар, студенттер де қатысты. Кейбір студенттер "залды толтырып, отыру үшін жіберілгенін" айтты. Алматы, 24 қыркүйек 2022 жыл.

Алматыда 24 қыркүйекте "Байтақ" жасылдар партиясының құрылтайшылар съезі өтті. Жиынға Қазақстанның әр облысынан делегаттар келген.

Белгіленген уақытта мемлекеттік әнұран орындалып, құрылғалы жатқан партия құру жөніндегі бастамашы топ жетекшісі Азаматхан Әміртай жиынды ашық деп жариялады.

Алдымен ақын Олжас Сүлейменов бата берді. Экономист Оразалы Сәбден, экс-депутат Ирак Елекеев саяси партияға сәттілік тіледі.

– Жастар, елдің болашағы табиғатымызды қорғауға байланысты. ХХІ ғасыр - табиғат ғасыры, жасанды интеллект ғасыры. Жерді қорғау керек, - деді Оразалы Сәбден.

Кейін президиум мүшелері шақырылды, есеп, мандаттық, редакциялық комиссиялардың төрағасы бекітілді. Олардың кандидатурасын Азаматхан Әміртай ұсынды, делегаттар ашық дауысқа салды.

Азаматхан Әміртай елде экологияның асқынып тұрғанын, ірі зауыттардың табиғатқа залал келтіріп жатқанын айтты.

Съезге аймақтардан партияны қолдап келдім деген делегаттар көп болды. Бірақ университет басшылығының тапсырмасымен келген студенттер де болды. Съезд басталғанға дейін Азаттық тілшісі бірнеше студенттен қандай жиын өткелі жатқанын сұрады. Бірі “партия құрылады” десе, кейбірі “білмеймін” деп жауап берді.

– Бізді залды толтыру үшін жіберді. Әйтпесе бұл жиын туралы естімегенбіз, - деді есімін жасырған студент.

Студенттердің сөзінше, Қыздар ұлттық педагогикалық университінен 250, “Қайнар” академиясынан 50 адам келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Абылай хан атындағы шет тілдер университетінің студенттері де отырды.

Ал Қонаев қаласынан делегат ретінде келген 30 шақты адам әскери-техникалық мектептің сарбаздары болып шықты.

Best Western Plus Atakent Park Hotel қонақ үйінің Конгресс залы лық толды.

Ұйымдастырушылар партия жарғысы өткен түнде ғана жазылып біткенін айтты. Оны дауысқа салғанда бір делегат қарсылық білдірді.

— Қоршаған ортаны қорғау мәселесі қарастырылып жатыр. Бірақ елдің әлеуметтік ахуалы жайлы ештеңе жоқ. Ол жарғыда болуы керек. Жалпы қолдаймын, - деді ол.

Артынша бұл талап жарғыға қосылды. Кейін партия бағдарламасы қабылданды. Партия төрағасына Азаматхан Әміртай ұсынылып, делегаттар бірауыздан қолдады.

– Еліміз жаңа кезеңге аяқ басты. Жасылдар партиясы әділетті мемлекет, екінші республиканың тірегі болады деп санаймын. Партиямыз келер жылғы парламент сайлауына қатысады, - деді Әміртай.

Ол көп елде ресми тіркелген жасылдар партиясы барын сөз етті. “Біз сөздің емес, істің партиясы боламыз” деді ол. Залдың қабырғасына экологиясы қатты зардап шеккен өңірлердің суреті қойылған. Ол осындай апаттарды болдырмау үшін жұмыс істеуге шақырды.

Азаттық тілшісінің партия қалай қаржыландырылады деген сауалына Азаматхан Әміртай “бизнесте жүріп жинаған ақшамды салдым, пәтер, көлігімді сатамын“ деп жауап берді.

Ал “билікпен, президент әкімшілігімен ешқандай келісім жасалған жоқ” деді.

Әміртай қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты алдағы сайлауда кандидат ретінде қолдайды.

Енді партия құруға ниетті топ жиынның есебін, құжатын Әділет министрлігіне өткізеді. Егер қабылданса, 20 мың жақтасының қолын жинау қажет.

“Байтақ” ұйымы бұған дейін бірнеше жыл қозғалыс ретінде жұмыс істеген. Әділет министрлігіне бастамашы топты тіркету үшін 17 рет құжат өткізген.

Қазақстанда кейінгі 9 жыл ішінде ешқандай партия тіркелмеген. Әділет министрлігі оппозициялық партия құруға ұмтылғандардың құжатын “заңға қайшылық бар” деп жиі қайтарып тастайды.

Қазір елде ресми тіркелген бес саяси партия бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG