Accessibility links

Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық туралы құжат талқылауға шығарылды. Кампания 1,5 мың адамды қамтуы мүмкін


Қаңтар оқиғасынан кейін көшелерді күзетіп тұрған әскер.
Қаңтар оқиғасынан кейін көшелерді күзетіп тұрған әскер.

Қазақстан бас прокуратурасы Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық қудалауға ұшырағандарға амнистия жариялау туралы заң жобасы аясында әзірленген құжатты қоғам талқысына шығарды. Құжат 23 қыркүйекте "Ашық нормативтік-құқықтық құжаттар" порталында жарияланды.

Құжатқа сәйкес, 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінуі мүмкін. Атап айтқанда, 383 күдікті, 391 қылмыстық іс бойынша айыпталушы, сот үкімі шығып қойған 102 адам, бұған қоса, 1035 сотталушы, оның ішінде түрме жазасын алған 93 адам, бас бостандықты айыру жазасымен байланысты емес сотталған 930 адам, қоғамдық жұмысқа жегілген 9 адам, айыппұл салынған үш адам рақымшылыққа ілінуі мүмкін.

Прокуратура жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасағандардың барлығын қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды ұсынады. Ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасап, сонысын мойындағандардың жазасын қысқартуды ұсынды.

Құжатқа сәйкес, рақымшылықтың "мемлекетке сатқындық жасау, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптаумен байланысты" қылмыс жасағандарға қатысы жоқ.

Құжатты талқылау 14 қазанға дейін жалғасады.

1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша айыпталғандарға амнистия жариялауды ұсынған. Ол мұны кешірім деп атап, мемлекетке "ауызбіршілік қажеттігін" алға тартқан. Сарапшылар ұсынысты қоғамдағы наразы көңіл-күйді басу және 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында ұпай жинау талпынысы деп атаған.

Құқық қорғаушылар Қаңтар кезінде бейбіт митингіге шыққан азаматтық белсенділерге амнистия қолданыла ма деген сұрақ та қойды. Белсенділерге "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып тағылған, кейбірі түрме жазасына, кейбіріне шартты жаза берілген.

  • Жыл басында Қазақстанның батысында сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық өзге аймақтарға жайылған. Көптеген қала, аудан, елді мекен орталықтарында саяси сипатта ұрандар айтылды, әлеуметтік теңсіздік, жемқорлық мәселелері қозғалды. Кейбір қалаларда демонстрациялар тәртіпсіздік пен қантөгіске ұласты. Билік "шетелде дайындықтан өткен террористердің" шабуыл жасағанын айтқанмен оған дәлел келтіре алмады.
  • Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам опат болған. Кемінде алтауы ұстау кезінде азапталып, көз жұмған.
  • Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
  • Қантөгістен кейін Тоқаев жоғары лауазымды тұлғалардың "мемлекетті сатып кеткенін" мәлімдеді. Бірақ олардың аты-жөндерін атамады. Қаңтар оқиғасы кезінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталды, оған мемлекетке сатқындық жасады, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды, жемқорлықпен айналысты деген айыптар тағылды. Мәсімов пен оның үш орынбасарына қозғалған істер "өте құпия" іс ретінде тергеліп жатыр.
XS
SM
MD
LG