Accessibility links

Тоқаев: Төңкеріс жасауға талпынғандар арасында белгілі адамдар бар


Парламенттің бірлескен отырысы. 16 наурыз 2022 жыл.
Парламенттің бірлескен отырысы. 16 наурыз 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасы кезінде "төңкеріс жасауға тырысқандардың арасында белгілі адамдар да болды" деді президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбі күні парламенттің бірлескен отырысында. Оның айтуынша, елдегі бірқатар "өзгерістер кейбір ықпалды топтарға ұнамаған".

"Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді" деді Тоқаев.

Ол "төңкеріс жасамақ болғандар радикалды топтарды өз мақсатына пайдаланбақ болды" деді. Бірақ ешкімнің атын атамады.

Ол Қаңтар оқиғасы кезінде әрекет еткен топтардың өзін "биліктен кетірмек болғанын да" айтты. Ол "мемлекеттілікке қауіп төнген шақта" қатаң шаралар қолдануға мәжбүр болғанын жеткізді.

Президент сәрсенбі күні халыққа жолдауында қаңтар оқиғасы кезінде құқық қорғау органдарының ұсталғандарға заңсыз тергеу әдістерін қолданғанын билік мойындады деді. Ол азаптау әдістерін "ортағасырлық әдіс" деп атады.

  • 2022 жылы қаңтар айының басында елде жаппай наразылықтың соңы тәуелсіз Қазақстан тарихында болмаған қантөгіске ұласқан. Тоқаев сол кезде ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін қолына алғанын хабарлаған. Оған дейін ол қызметті экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев атқарған. Елді 30 жылға жуық уақыт басқарып, 2019 жылы отставкаға кеткен Назарбаевты сарапшылар сол қызмет арқылы мемлекет аппаратына ықпал жасап отырды деп айтқан.
  • Биліктің мәліметінше, қаңтар қырғыны кезінде шамамен он мың адам ұсталған. Жүздеген адам "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік" және "қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша қамауға алынған. Ұсталғандар жаппай азаптауға шағымданды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG