Accessibility links

"Әйел, өмір, азаттық!" Ирандағы наразылық фольклорының бір қыры


Иранда "хиджабы нормаға сәйкес емес" деп ұсталып, артынша қаза болған Махса Амини өлімінен кейін наразылық тұтанып, ізінше наразылықтар әлем қалаларында жалғасты. Түркияда өткен наразылық.
Иранда "хиджабы нормаға сәйкес емес" деп ұсталып, артынша қаза болған Махса Амини өлімінен кейін наразылық тұтанып, ізінше наразылықтар әлем қалаларында жалғасты. Түркияда өткен наразылық.

Соңғы күндері Ирандағы наразылыққа өнер, спорт саласының өкілдері, жалпы зиялы қауым үн қоса бастады. Бұл наразылық коронавирустан айтарлықтай зардап шеккен Иранда пандемиядан кейінгі халықтың билікке қарсы ашу-ызасын қамтыған ауқымды қарсылық акциясы болды.

16 қыркүйек күні Тегеранда қайтыс болған 22 жастағы Махса Аминидің қазасы Ирандағы жаппай наразылыққа ұласты.

МАХСА АМИНИ КІМ?

Иранда кеше, 24 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында әдетте осы күні көңілді атмосфера орнайтын. Алайда биылғы жағдай басқаша өрістеді. Кейбір оқу орындарында оқу жылы онлайн тәртіппен басталды.

Махса Жина Аминидің қазасы Иран қоғамында билікке қарсы наразылықты ұлғайта түсті. Махса Амини өзінің туған күніне небәрі төрт күн қалғанда полицияның қатысы бар оқиғада қаза тапты. Кейбір Иран ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, Махса Амини оқуға енді ғана қабылданған студент.

Махса Амини Иранның солтүстік-батысындағы Күрдістан провинциясының Саққыз қаласында күрд жанұясында туып өскен. 13 қыркүйек күні ол отбасымен бірге ел астанасы Тегеранға келген. Сол күні қала көшесінде оны ахлақ полициясы хиджабы нормаға сәйкес емес деп тауып ұстаған. Полиция ұстаған сәтте оның жанында ағасы да болған. Полиция оған Махсаны бөлімшеге апарып, хиджаб жөніндегі 40 минуттық арнайы курс оқытатынын айтады. Мәліметтерге қарағанда, бөлімшеге барғанша екі сағат ішінде Махса соққыға жығылған. Кейіннен оның мобилді телефонының бетінен қан дағы және бас сүйегі мен денесінен соққы таңбасы байқалған.

Видео: 22 жастағы қыздың өлімінен кейін Иранда халық наразылығы күшейді (22 қыркүйек 2022 жыл).

22 жастағы қыздың өлімінен Иранда халық наразылығы күшейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

Дегенмен полиция бөлімшесіне барғанда өз аяғымен жүрген ол полицияның бірі шақырып, тексерген соң басын ұстап құлап түседі. Тегеран полициясы өздерінің оны соққыға жықпағанын айтып, ақталып, бөлімшедегі жағдай түсірілген видеоны көпшілікке көрсетуге мәжбүр болады. Ресми орындар сол жерде жас қыздың инсульт алғанын хабарлайды. Тіпті билікке жақын кейбір ақпарат көздері Махсаның инсульт пен жүрек талмасына қатар ұшырағанын хабарлаған. Ал оның абақтыға барғанша полиция көлігінде не күйде болғаны туралы мәлімет әзірге жоқ.

Ал абақтыда құлаған жерінен Тегерандағы Кесра ауруханаға апарылғанда комада жатқан Махса жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Туыстарының айтуынша, осы оқиғаға дейін Махсаның денсаулығы жақсы болған, ешқандай шағым болған емес. Махса ауруханада үш күн есін жинамай жатып, өмірден өтеді. Оның қазасы жайлы мәлімет әлеуметтік желіге тараған соң-ақ, ашу-ызаға булыққан көпшілік жинала Махса құлаған мекеменің алдына жинала бастайды.

ШЕРУГЕ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ ДЕ ҮН ҚОСТЫ

16 қыркүйекте Махса Аминидің бақилық болғаны белгілі болған соң, ол қамалған абақтының алдында наразылық шеруі басталады. Жиналғандар ашу-ызаға булыққан ұрандар айтып, тарамай тұрып алған. Күштік құрылымдардың жиынды тоқтатпақ болған әрекетінен нәтиже болмай, жиналғандар қарасы түнге қарай одан сайын молая түседі.

Оның мәйіті оның туған жері Саққез қаласына жеткізіліп, жаназасы шығарылады. Алайда рәсімнің соңы тағы да билікке қарсы наразылыққа жалғасқан. Бұл наразылық акциясы кең жайылып, қазір бұл шараға Иранның үлкенді-кішілі жүзге жуық қаланың қосылғаны айтылады.

Махса Амини өлімінен соң Тегеранда тұтанған наразылық. 21 қыркүйек 2022 жыл.
Махса Амини өлімінен соң Тегеранда тұтанған наразылық. 21 қыркүйек 2022 жыл.

БҰҰ бас ассамблеясы жиынына қатысу үшін Иран президенті Ибрагим Раиси Нью-Йоркқа барғанда Америкада тұратын ирандықтар да наразылық акциясын өткізген. Ел басшылығы әзірге оқиғаны тексеру туралы тапсырма берген.

Наразылыққа шетелде тұратын ауғандықтар мен Түркиядағы өнер адамдары да үн қосып отыр. Басқа да елдерден белгілі адамдар әлеуметтік желі арқылы осы оқиғаға тілектес екендігін білдірген. Ирандағы әдебиет, өнер және спорт қайраткерлері де ресми билікке наразылығын видео арқылы жариялап, таратқан. Мәселен, актер, режиссерлер ендігіде өздерінің киносы мен бейнесі Иранның ресми теледидарынан көрсетілуіне қарсы екенін айтқан. Спортшылар болса, Иранның құрама команда сапынан шығатынын жариялаған.

Мәселен, Иранда көп көрілетін әзіл-сықақ бағдарламалардың бірін жүргізуші, актер, режиссер Мехран Мудири биліктен ендігіде өзінің бейнесін ресми теледидардан көрсетпеуді талап еткен. Ол күштік құрылымдарға қарата «40 жыл бойғы дағдарыстың барлығында қастарыңнан табылған халыққа күш қолданбаңдар!» деп үндеген. Кезінде шет елге көшіп кеткен Гугуш, Дариуш сияқты атақты әншілер де Ирандағы халықтың қайғысымен ортақтасып, көңіл білдірген.

Ал оқиғаның алғашқы күні кейбір үлкен қалаларда биліктің әрекетіне наразылық ретінде кәсіпкерлер дүкендері мен базарларын ашпай қойған.

Күштік құрылымдар болса, көшеде жиналғандарға қарсы көзден жас ағатын газ, су ататын көлік, суық қару және басқа да шеруге қарсы техникаларды қолданған. Қазірге дейін 30-дан аса адамның шеру кезінде қаза тапқандығы хабарланғанымен, кейбір дереккөздері одан да көп санды айтады.

Тәртіп сақшылары, билік адамдары арасында да бірлі-жарым шығын болуы мүмкін. Дегенмен әлеуметтік желіде тараған видеоларда соққыға жығылған полицейлердің орнынан тұра салып, шерушілердің артынан оқ атқаны түсірілген.

Режимге қарсы наразылық акциясы кезінде әртүрлі қалада бірде полиция жағы, тағы бірде шерушілер жағы басым түсіп, бір-бірін тықсырған видеолар да көптеп тарап жатыр. Ал шерушілердің қолында қару байқалмаған. Шеруге шыққан әйелдер орамалдарын шешіп, өртеген. Ал күштік құрылымдар жүздеген адамды қамаған. Қамауға жедел-жәрдем көліктері де пайдаланылғаны айтылады.

ШЕРУ СИПАТЫ

Осы жолғы наразылықты қатысушылардың жас мөлшері, қоғамдық пікірге әсері және жыныстық жағынан және географиялық жағынан қарастырғанда өзіндік ерекшелікке ие.

Наразылық шеруінде негізінен жастар қатысып жатқанымен, әлеуметтік желіде болған наразылық ретінде өздерінің «шаш қию» акциясында әртүрлі жастағы адамдар кездесті. Яғни, Ирандағы бұл шеру әлеуметтік желімен бірге көшеде бір уақытта тұтанды. Бірақ көп ұзамай елдің қауіпсіздік кеңесінің ұйғарымымен интернет шектеліп, кейбір әлеуметтік желілер жұмыс істемей қалды.

Әдетте, Иранда жастарды «революция ұрпағы» деп сипаттайды. Өйткені қазіргі жастардың барлығы – 1979 жылғы ислам революциясынан кейін дүниеге келгендер. Ал іс барысында «революция ұрпағының» өзі революция құндылықтары ретінде жарияланған нормаларды адам құқығын шектеу ретінде қарастырып, оған қарсы шығып жатыр. Және олардың ішінде әйелдердің көп болуы назар аудартады. Жалпы, Иран исламдық республика деп дәріптелгенімен наразылық шараларында бұған дейін де әйелдер көптеп қатысқан. Арасында құрбан болғандар мен жараланғандар да бар. Қазіргі оқиғада да қаза тапқандарды жерлеу рәсімі кезекті шеруге ұласып кетіп жатыр. Бірақ соңғы оқиғада әйелдер мәселесі бірінші орынға шықты. «Бүгін Махсаны өлтірсе, ертең сенің қызыңды өлтіреді» деді шеруге шыққандар.

Махса Аминидің өлімінен кейін наразылыққа шыққан студенттер. Иран, қыркүйек 2022 жыл.
Махса Аминидің өлімінен кейін наразылыққа шыққан студенттер. Иран, қыркүйек 2022 жыл.

Бұл оқиғаға бұрынғыдай орталық, ел астанасы емес, қашықтау жатқан периферия себеп болды. Күрдістан провинциясының тұрғындары негізінен күрд азшылығы болып келеді. Олардың билікке қарсылығы бір бұл емес. Күрдістан – бұрыннан оқтын-оқтын әртүрлі деңгейде наразылықтар мен жиындар жиі көрініс беретін, орталық билікке мейлінше наразы аймақ. Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, әртүрлі дискриминация, жұмыссыздық және басқа да жағдайға қарсы қалыптасқан ішкі наразылық бұл жолы лақ етіп көшеге төгілгендей әсер берді.

1979 жылғы революциядан кейін өзін референдум жолымен ислам республикасы деп жариялаған Иранда мұсылмандардың барлығы бірдй «бақытты» ғұмыр кешіп жатқан жоқ. Әсіресе, Күрдістан тәрізді бірнеше провинцияда сүннит мәзхабындағы мұсылмандардың жағдайын орталықтағылармен салыстыруға келмейді. Шекаралас провинциялар орталық биліктен жиі қағажу көреді. Тиісінше, билікке қарсы көңіл-күй бұл аймақтарда жылдар бойы қалыптасқан.

Иран билігі өз азаматтары ғана емес, осы елге келген шетелдік әйелдерге де хиджабты міндеттейді. Бір кезде Иран үкіметі шетелдік әйелдердің тіпті паспортқа да хиджабпен суретке түсуін талап еткенімен, жылдар өте бұл норма қолданыстан түсіп қалды.

Иранда болып жатқан наразылық шеруіне орай биліктің әрекетін халықаралық құқық қорғайтын Amnesty International ұйымы «жан шошырлықтай» деп бағалаған. Ұйымның мәліметінше шеру кезінде қаза тапқандар арасында бала да бар. Human Rights Watch ұйымы Иран билігін заңдарды әйелдердің дербес құқығын қамтамасыз ететіндей қайта қарау керегін мәлімдеген. Бұл ұйым киіміне бола қамалған соң Махса Аминидің өлімге ұшырауын «барып тұрған тұрған азғындықтың дәлелі» деп бағалап, оқиғаның егжей-тегжейлі тексеріліп, кінәлылардың жазалануына мүдделілік білдірген.

«БІР АДАМНЫҢ ҚАЗАСЫ – 80 МИЛЛИОННЫҢ ЖАРАСЫ!»

Ирандағы адам өліміне себеп болған «дресс-код» дауынан кейін тұтанған соңғы оқиғадағы ұрандар халықтың қатты ашу-ызасын білдіреді. Бұрынғы наразылық шерулерімен салыстырғанда бұл жолы әйелдер құқығы бірінші орынға шықты.

Сондай ұрандардың бір парасы мынандай болып келеді.

«Қарындасымды өлтіргенді мен де өлтірем!»

«Бір адамның қазасы – 80 миллионның жарасы!»

«Әйел, өмір, азаттық!»

Наразылыққа себепші болған хиджаб туралы ұрандардың бірі мынандай.

«Орамал үшін өлтіру қашанға дейін жалғасады?!»

«Орамал да емес, бас та емес, тек азаттық – ұраным!»

Хиджаб киюді міндеттемеуді талап еткен әйел басындағы орамалын жағып жатыр. Иран, қыркүйек 2022 жыл.
Хиджаб киюді міндеттемеуді талап еткен әйел басындағы орамалын жағып жатыр. Иран, қыркүйек 2022 жыл.

Иранның тағы бір қаласы, діни жағынан маңызды деп есептелетін Мешхедте де наразылық акциясы болған. Шерудегі көптеген ұрандарға мешхедтіктер де үн қосқанымен, олар хиджабтан біржолата бас тартпайтындай ұран айтқан. Мешхедтегі наразылықта шерушілер хиджаб кию-кимеуді әркімнің өз еркіне қалдыруды талап еткен. Сондайда «Азаттық, әділет! Хиджабты еркін ет!» деген ұран көтерілген.

Ирандағы соңғы шерудегі жаңа ұранның бір шоғыры Күрдістан туралы айтылады.

«Күрдістан, Күрдістан – Иранның көз бен айнасы!»

«Күрдістаннан Тегеранға дейін әйелдер зорлықта»

«Құдіретіміз бірлікте!»

«Ирандық азамат, қайраттан, қайраттан! Қолдаймыз, қолдаймыз!»

Күрдістан провинциясындағы шерулерде ұрандар күрд тілінде де айтылды. Әдетте, Иранда ұлттық азшылықтар құқығы аяқасты болып, олардың тілдері мен мәдениеті көшеге шықпай, тек отбасы деңгейінде ғана қолданылатын.

Шерудегі ұрандардың тағы бір легі мынандай.

«Иранға – азаттық!»

«Соғысамыз, өлеміз, Иранды қайтарып аламыз!»

«Биыл қан төгіледі – Сеид Әли биліктен кетеді»

Шерушілердің «Сеид Әли» деп отырғаны – Иранның жоғары басшысы, ислам революциясының жетекшісі Сеид Әли Хаменеи. Наразылық акциясы алдында оның денсаулығы нашар екендігі жайында мәлімет тараған. Алайда шеруден соң көп алдына шыққан Хаменеи наразылық жайлы тоқталмаған. Ол Иран-Ирак соғысы ардагерлері мен соғыста қаза тапқандар жанұяларымен кездескен.

Шеруге шыққандар жоғары билікке қарата тағы да «Диктатура жойылсын!» «Ислам республикасы жойылсын!» деп ұрандаса, «Раисидің көзі жойылсын!» деген ұранды ел президентіне арнаған. Режимге қарсы бұл ұрандар бұдан алдындағы акцияларда да айтылған. Сондай ұрандардың бірі «Біздің көсем – алдамшы», «Зеңбірек, танк оқ атсын, молда да бірге жоғалсын!»

Ұрандардың бір шоғыры мынандай мәнде айтылған. «Хаменеи – Захак, жүзін топырақ жасырмақ!» Захак – Иран мифологиясында айтылатын жамандық шақырушы, жылан патшасы, немесе аждаһа.

Тағы бір ұран «Мужтаба, өлесің! Көсемдік көрмей өтесің!» Мужтаба деп – ирандықтар Хаменеидің екінші ұлын меңзеп отыр. Мужтаба Хаменеи – әкесі биліктен бас тартса, ауырса, немесе қайтыс болса, осы орынға ықтимал үміткердің бірі.

Ирандағы соңғы аптадағы шеруде «Бұл – ақырғы ұран, режим енді құрыған» деген ұран да болды.

Ирандағы шеру ұрандары билікке қойылатын талаптың сан қатпарлы екендігін көрсетеді. Тіпті осы бас көтеруге себеп болған Махса Аминидің қабірінің құлпытасына да мынандай сөздер жазылды.

«Махсажан, сен өлмейсің! Есімің мәңгі – символсың!»

(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін).

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG