Accessibility links

Украина жалған референдумға байланысты БҰҰ шұғыл жиынын өткізуді талап етті


Украина Ресей бақылауға алған аумақта "Ресейге қосылу туралы референдумға" байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізуді талап етті. Бұл жөнінде Украина сыртқы істер министрлігінің өкілі Олег Николенко Твиттердегі парақшасында хабарлады. Ол Украинаның халықаралық дәрежеде мойындалған шекарасын өзгертуге тырысқаны үшін Ресей жауапқа тартылуы тиіс деді.

Украинаның бір бөлігін Ресейге қосу туралы референдум 23 қыркүйекте басталған. Украинаның Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облысының бір бөлігінде өтіп жатқан референдум бес күнге созылады. Дауыс беру өтіп жатқан аумақта халықаралық БАҚ пен халықаралық ұйым бақылаушыларының өкілі жоқ. Украина мен халықаралық қауымдастық оның нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеген.

БАҚ "референдумда" ережелер өрескел бұзылып жатқанын хабарлады: дауыс беру сайлау учаскесінен тыс жерде, дауыс беру құпиялылығы сақталмай, қарулы адамдардың бақылауында өтіп жатыр.

Көп сарапшы референдум нәтижесі қолдан жасалады, ал ол өткен соң 29-30 қыркүйекте Ресей "дауыс берген" аймақты өзінің аумағы ретінде жариялауы мүмкін, бұл оған елде әскери жағдай жариялап, әскери басқыншылығын күшейтуге мүмкіндік береді деп болжайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG