Accessibility links

Faridaily: Путин мобилизация жариялап, демалысқа кетті


21 қыркүйекте Ресейде мобилизация жариялағаннан кейін президент Владимир Путин демалысқа кеткен. Бұл жөнінде үш дереккөзге сүйенген журналист Фарида Рустамова жүргізетін Faridaily телеграм-арнасы хабарлады.

Путин соңғы рет жұрт алдында 21 қыркүйекте Великий Новгородта сөйлеген кезде көрінген. Рустамованың дереккөзінің хабарлауынша, концерттен соң Путинде демалыс басталған. Ол кемінде бір аптаға созылады. Бірақ телеарналар бұрынғыша Путиннің қатысуымен өткен сюжеттерді көрсетіп жатыр. Рустамованың хабарлауынша, бұл бағдарламалар алдын ала түсірілген.

Бір дереккөздің айтуынша, Путин қазір Новгород облысында Валдай резиденциясында демалып жатыр. Бұл сарай жөнінде осыған дейін Алексей Навальныйдың жемқорлықпен күрес қоры жазған.

Көптеген комментаторлар Путиннің жұма күні Мәскеудегі референдумды (Украинаның кейбір аумағын Ресейге қосу туралы референдум, Украина мен Батыс елдері оны заңсыз деп атаған) қолдау концертіне келмегеніне назар аударады. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің қолы тимей жатқанын хабарлады. Ол сонымен бірге Путиннің демалыста екенін жоққа шығарды.

2022 жылы наурызда Рустамова Кремльдегі дереккөздеріне сүйене отырып, Ресейдің Украинаға басып кіруінен Путиннің айналасындағы адамдар шошығанын, бірнеше аптадан соң көндігіп, Путиннің айналасына қайта топтасқанын жазды.

Журналистің айтуынша, Путин енді жұрт алдына 29 қыркүйекте шығуы мүмкін. Ол кезде оның аймақтарға сапары жоспарланған. Ол уақытқа дейін "референдум" аяқталмақ.

Сенбі күні "РИА Новости" агенттігі дереккөзге сүйене отырып, 30 қыркүйекте президент Федералдық жиынға жолдау жасайтынын хабарлаған. Конституция бойынша президент мұндай жолдауды жылына бір рет жасай алады, биыл ондай жолдау болған жоқ. Болжам бойынша, Путин референдум нәтижесін хабарлауы мүмкін. Бұған дейін ол Украинаның төрт облысын Ресейге қосуды қолдауға әзір екенін меңзеген.

"Верстка" басылымы да дереккөзге сүйеніп, дәл осы мерзімді айтады. Басылым сол күні Украинаның бірқатар аумағын Ресейге қосу туралы келісімге қол қойылатынын жоққа шығармайды.

Жолдаудың мерзімі ресми түрде айтылған жоқ.

XS
SM
MD
LG