Accessibility links

Мобилизациядан қашқандар, шекарадағы абыр-сабыр. Азаттық тілшілерінің көргені


Ресеймен шекарадағы "Маштаково" бекетінде тұрған адамдар. Батыс Қазақстан облысы, 22 қыркүйек 2022 жыл. Сурет mgorod.kz порталынан алынды.
Ресеймен шекарадағы "Маштаково" бекетінде тұрған адамдар. Батыс Қазақстан облысы, 22 қыркүйек 2022 жыл. Сурет mgorod.kz порталынан алынды.

Кремльдің Украинаға соғысқа аттандыру мақсатында "ішінара мобилизация" жариялап, 300 мың адам әскерге алынатынын мәлімдеуі Ресей қоғамын дүрліктіріп қойды. Ұшақпен, автокөлікпен, я жаяу-жалпылап елден шығуға асыққан ресейліктер жайлы ақпарат көптеп тарап жатыр. Азаттық тілшілері Ресейдің Қазақстанмен шекарасындағы кейбір бекеттердегі жағдайды көріп қайтты. Ресейден келіп жатқандар мобилизациядан қашуға мәжбүр болғанын жасырмайды.

"СЫРЫМ" БЕКЕТІ. БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Орал қаласынан 60 шақырым жердегі "Сырым" шекара бекетінде абыр-сабыр басылмай тұр. Ресеймен шекараның Қазақстан жағында адам күтіп тұрған такси көп. Олар түннен бері осында. "Келіп жатқандар көп, қаламен екі ортаға 7-8 рет барып-келіп үлгердік" дейді такси жүргізушілердің бірі.

Ресейден Қазақстанға өтіп жатқандар күрт көбейгеннен кейін такси қызметінің бағасы да өскен. Әдетте бір адамды екі мың теңгеге алып баратын жерге жеткізу үшін қазір сегіз мыңнан 15 мың теңгеге дейін (1000-2000 рубль) сұрайды. Бірақ шекардан өту үшін 12 сағат кезекте тұрған Игорь сияқтылар бұл бағаны қымбатсынып жатқан жоқ. 33 жастағы программист Оралдан 260 шақырым қашықтағы Самара қаласынан келгенін айтты.

– Адам көп, көлік те көп. Жаяу өттім. Кеденде көп сұрақ қоймады. Қазақстанда туған-туысым жоқ. Оралда танысым бар, соған келдім. Туған қаламнан әскерге шақырту кеп қала ма деп, амалсыз кеттім. Досыма шақырту келді, мен әлі алмадым. Сөздің шыны керек, қорықтым, біреуді өлтіргім келмейді, өзім де өлгім келмейді, – дейді Игорь.

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы "Сырым" бекеті. Батыс Қазақстан облысы. 22 қыркүйек 2022 жыл.
Қазақстан мен Ресей шекарасындағы "Сырым" бекеті. Батыс Қазақстан облысы. 22 қыркүйек 2022 жыл.

Шекарадан өтіп жатқандардың дені журналистермен сөйлесуге құлықсыз, олардың түрінен шаршағаны сезіледі. Сөздерінше, көбі жолға асығыс-үсігіс жиналып, жылы орнынан шұғыл кетуге мәжбүр болған. Ұшақ билетінің бағасы төрт-бес есе қымбаттағанына қарамастан түгел сатылып кеткен, барлық бағытқа билет жоқ. Амалсыз 5-7 сағат тікеден тұрып, шекарадан жаяу өткен. Қазақстан жағына өткен ресейліктер жақын маңдағы кафеден жүрек жалғап, мызғып алып жатыр.

"Сырым" бекетінде Азаттық тілшісі болған бір жарым сағатта шекарадан негізінен үлкен жүк көліктері өтті. Жеңіл көлік көрінбеді. Бес адам жаяу өтті, бәрі Ресей азаматтары. Аты-жөнін атамауды өтінген кеден бекетінің қызметкері шекараның арғы жағында 100-ге тарта көлік тұрғанын айтты. "Әдетте 10-15 көлік болатын" дейді ол.

– "Қашып кеп жатырмыз" демейді ғой, "қонаққа келдік" дейді. Үш күннің ішінде көші-қон қызметіне тіркелуі керек, сөйтіп 30 күн Қазақстанда визасыз жүре алады. Ал егер осында қалғысы келсе, еңбек визасын жасатып, 90 күнге дейін қалуға мүмкіндік алады, – дейді Ресей азаматтарының Қазақстанда жүріп-тұру тәртібін түсіндірген кеден қызметкері.

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы "Сырым" бекеті маңында тұрған жүк көліктері. Батыс Қазақстан облысы. 22 қыркүйек 2022 жыл.
Қазақстан мен Ресей шекарасындағы "Сырым" бекеті маңында тұрған жүк көліктері. Батыс Қазақстан облысы. 22 қыркүйек 2022 жыл.

Шекарадан жолыққан Виталий Оралда қонақта болып, қазір енді Самараға қайтып бара жатқанын айтты. Кремль "ішінара мобилизация" жариялаған кезде 48 жастағы Ресей азаматы Қазақстанда жүрген.

– Мобилизаация туралы естідік. Бірақ қайда барамыз? Үйіміз сонда ғой. Бізді әскерге шақырмайтын шығар деп ойлаймын. Кеше наразылықтың алғашқы толқыны болды ғой. Адамдар бәрібір ақылға салар. Саяси жетекшілерге бола адам өлтіру – ақылға қонбайтын әрі адамгершілікке жат қылық деп санаймын, – дейді Виталий.

Жергілікті такси жүргізушілер 23 қыркүйекке қараған түні шекараның арғы бетінде "қару асынып, форма киген адамдар пайда болған, ер азаматтарды Қазақстанға жібермей жатыр" деген хабар естігенін айтады. Әзірге бұл ақпаратты ресми орындардан растау мүмкін болмады.

"ЖАЙСАҢ" БЕКЕТІ. АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

"Жайсаң" бекеті Ақтөбеден 100 шақырымнан астам қашықта орналасқан. Қазір мұнда да адам көп. Ресейдің Орынбор облысымен шекарадағы бекетте жүк көліктерімен қатар ондаған жеңіл автокөлік кезекте тұр.

Ресеймен шекарадағы "Жайсаң" бекетінде тұрған адамдар мен көліктер. Ақтөбе облысы, 22 қыркүйек 2022 жыл.
Ресеймен шекарадағы "Жайсаң" бекетінде тұрған адамдар мен көліктер. Ақтөбе облысы, 22 қыркүйек 2022 жыл.

Ақтөбедегі "Экспресс" автобекетіне Ресейдің Орынбор, Самара, Уфа мен Қазан қалаларына күнделікті және күнара жолаушы таситын рейстер бар. 22 қыркүйекте Ресейден келген автобустардан түсіп жатқандар арасында жас жігіттер көп екені байқалды. Азаттық тілшісі сөйлескен төрт жігіт Уфадан келгенін, ендігі беталысы Алматы қаласы екенін айтты.

– Шекара жабылып қалмай тұрғанда шығып кетейік дедік. Мен [әскер қатарына] шақыртылатындар санатына кірмеймін, дегенмен жағдай әп-сәтте өзгеріп кетуі мүмкін ғой. Сондықтан бір күннің ішінде жиналып, кетіп қалдым. ІТ саласы бойынша маманмын, қашықтан жұмыс істеймін, сондықтан жұмыссыз қалмаспын деп ойлаймын. Алматыға бара жатырмыз, жақсы қала ғой, – дейді 29 жастағы Денис.

Ресейліктердің сөзінше, шекарадан бері өтер алдында өздері сияқты жастарды оңаша бөлмеге кіргізіп, жеке басына қатысты мәліметтер, мобилизация жайлы, Қазақстанға қандай мақсатпен бара жатқанын сұраған.

Ресей президенті Владимир Путиннің 21 қыркүйектегі "ішінара мобилизация" туралы жарлығына сәйкес, Ресейдің 18 бен 60 жас аралығындағы азаматтары армия қатарына шақырту алғаннан кейін үкімет жұмсаған жаққа аттануға міндеттеледі. Бағынбағандар қылмыстық жауапқа тартылады. Путин жарлығы Ресей қоғамында дүрбелең туғызды. Соғысқа барудан қашып, Ресейден визасыз баруға болатын елдерге, оның ішінде Қазақстанға да өткісі келетіндер көбейген. Олардың арасында Ресей қазақтары да бар.

Сәрсенбі күні Ресейдің ондаған қаласында әскери мобилизацияға қарсылық акциялары өтіп, құқық қорғаушылардың дерегінше, мыңнан астам адам ұсталған.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі 23 қыркүйекте таратқан ақпаратта "қазір Ресеймен шекарадағы 30 автокөлік өткізу бекеті қалыпты жұмыс істеп тұр, оның төртеуінде адам мен көлік құралдарының көбеюіне байланысты кептеліс пайда болды" деп жазылған.

Ресейде "ішінара мобилизация" жарияланғаннан кейін Қазақстанға нақты қанша ресейлік келгені әзірге белгісіз.

"Жыл басынан бері Қазақстанға Ресейден 1,66 млн адам келіп, 1,64 млн адам елден шығып кеткен. Еуразия экономика одағына мүше мемлекеттердің азаматтарына мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап 90 күнге дейін Қазақстанда жүріп-тұруға рұқсат етілген" деді жұма күні Ішкі істер министрлігі көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.

Қазақстан заңында көрсетілген жүріп-тұру тәртібін бұзған шетел азаматы елден шығарылады және 5 жыл мерзімге дейін Қазақстанға қайта кіруіне тыйым салынады деп ескертеді билік өкілі.

Ресеймен шекарадағы "Жайсаң" бекетінде тұрған адамдар мен көліктер. Ақтөбе облысы, 22 қыркүйек 2022 жыл.
Ресеймен шекарадағы "Жайсаң" бекетінде тұрған адамдар мен көліктер. Ақтөбе облысы, 22 қыркүйек 2022 жыл.

22 қыркүйекте сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанға келіп, ықтиярхат алғысы келген шетелдік азаматтың өз елінен берілген рұқсаты болуы керек деп мәлімдеді.

– Біздің заңда бәрі айқын жазылған. Егер қандай да бір елдің азаматы өз мемлекеті рұқсат бермесе де, қандай да бір амалдармен кетіп қалған болса және Қазақстаннан ықтиярхат сұраса, Қазақстан оған ықтиярхат бере алмайды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Жекелеген саясаткерлер Қазақстанға ресейліктердің көптеп келуінің бірнеше теріс әсері болады деп болжайды. Мысалы, тұрғын үйді жалға беру мен автокөлік бағасы көтеріліп, адам саны көбейгендіктен мектеп пен емханада орын тапшы болады дейді олар.

Ресейліктердің Қазақстанға көптеп келуі алғаш рет емес. Мәскеу 24 ақпанда Украинаға басқыншылық шабуыл бастап, көп ұзамай Кремль өзінің саясатымен келіспегендерді жазалау тетіктерін бұрынғыдан да қатайтқан соң Ресейден кетушілер көбейген. Батыс санкцияларынан кейін ресейліктерге Visa және Mastercard жүйесіндегі банк картасын пайдалану қиынға соқты. Олар Ресеймен бірге ЕАЭО-на мүше Қазақстанға жаппай келіп, банктен шот пен карта ашқан еді.

Ресей мен Қазақстан арасындағы шекараның жалпы ұзындығы 7,5 шақырымнан асады, оның бойында 51 өткізу бекеті бар.

Ресейліктер Қазақстанға қашып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:55 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG