Accessibility links

Моңғолияның экс-президенті тува, бурят және қалмақтарды мобилизациядан қашуға үндеді


Моңғолияның бұрынғы резиденті Цахиагийн Элбэгдорж (Архивтен алынған сурет).
Моңғолияның бұрынғы резиденті Цахиагийн Элбэгдорж (Архивтен алынған сурет).

Моңғолияның бұрынғы президенті Цахиагийн Элбэгдорж Украинаға қарсы соғысқысы келмейтін тува, бурят және қалмақтарды Ресейден қашуға үндеді. Оның видеомәлімдемесі Дүниежүзілік моңғолдар федерациясының Youtube-арнасында жарияланды.

Азаттықтың Сібір қызметі – Сибирь. Реалии жобасының хабарлауынша, кеудесіне Украинаны қолдаудың белгісі ретінде көк-сары түсті лента таққан Цахиагийн Элбэгдорж Ресей тұрғындарына ағылшын тілінде қайырылды. Оның айтуынша, түрлі елдер Ресей билігі соғысқа жіберіп жатқан аз ұлт өкілдерін қабылдауы тиіс. Мысалы, Моңғолия босқындарды қабылдауға даяр деді.

"Қанды соғыс басталғалы бері одан Ресейде тұрып жатқан аз ұлт өкілдері бәрінен көп зардап шегіп жатыр. Бурят моңғолдары, тува және қалмақ моңғолдары едәуір дәрежеде зардап шекті, оларды зеңбірекке салатын ет ретінде пайдаланып жатыр. Жүздеген адам жараланды, мыңдаған адам опат болды" деді саясаткер.

Ол сонымен бірге Украинада жүрген ресейліктерді жергілікті тұрғындарға оқ атпауға, олардың бостандығын шектемеуге үндеді. Элбэгдорж Украинаның өмір сүруге толық құқығы бар деп украиндар мен президент Владимир Зеленскийге батылдығы үшін алғыс айтты.

  • 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа байланысты ішінара мобилизация жариялаған. Сарапшылардың айтуынша, мобилизация туралы жарлықтың бұлыңғыр жазылғаны соншалықты ол арқылы кез келген резервисті әскерге шақыруға болады. Билік "әскерде тәжірибесі" бар адамдарды бірінші кезекте шақыратынын айтқан.
  • Ресми мәлімет бойынша, барлығы 300 мың азамат әскерге шақырылады. Алайда "Новая газета. Европа" басылымы шақырылатындар саны 1 млн-ға жетуі мүмкін екенін жазды.
  • Бір күн бұрын Ресейдің 30-дан астам қаласында мобилизацияға қарсы акция өтіп, 700-ден астам адам ұсталған.
XS
SM
MD
LG