Accessibility links

Қазақстан СІМ Украинадағы "референдум" туралы: Аумақтық тұтастық тұрғысынан қараймыз


Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украинаның сепаратистік "ДХР" мен "ЛХР" облыстары мен Ресей басып алған тағы басқа аймақтардағы сепаратистік құрылымдардың "Ресейге қосылу туралы" референдумы жөнінде пікір білдіріп, "Қазақстан бұл мәселеге мемлекеттің аумақтық тұтастығы тұрғысынан қарайтынын" мәлімдеді.

"Өзін-өзі жариялап алған "ДХР" мен "ЛХР-дің" және Запорожье және Херсон облыстарындағы әскери әкімшіліктің Ресейге қосылу туралы референдумына келетін болсақ, Қазақстан мемлекеттің аумақтық тұтастығы принципін ұстанады" деген Смадияровтың сөзін жергілікті БАҚ таратты.

Смадияров "Қазақстан президенті халықаралық құқық принциптерін сақтаудың маңызды екенін бірнеше рет қайталады, таяуда БҰҰ-да сөйлеген сөзінде де айтты" дейді.

Украинаның Донецк және Луганск облыстары мен Ресей бақылауына алған Херсон облысы және Ресей басып алған Запарожье облысының бір бөлігі өткен аптада "Ресейге қосылу туралы рефрендум" өткізуді бастаған. Украина, АҚШ пен Батыстың өзге де елдері мұндай референдум қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеген.

Көптеген сарапшылар "референдум" қорытындысы қолдан жасалатынын, "референдум» аяқталысымен — 29–30 қыркүйекте Ресей бұл аймақтарды өз жері деп есептейтінін, осыған байланысты "соғыс жағдайын" жариялап, Украинаға ядролық қару қолдануға дейін баруы мүмкін екенін айтып отыр.

Украина конституциясында ел аумағын өзгерту мәселесі Бүкіл Украина бойынша өтетін референдумда шешілетіні көрсетілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG