Accessibility links

Рогозин Украинаның Ресей аннексиялаған облыстарында Путиннің өкілі болуы мүмкін


Дмитрий Рогозин
Дмитрий Рогозин

Роскосмостың бұрынғы басшысы Дмитрий Рогозин Ресейдің Украинадан тартып алған жерлерінде Путиннің өкілетті өкілі болуы мүмкін. Ресей 2014 жылы Украинадан аннексиялап алған Қырым түбегінде федералды округ құрып, оған Украинада қазір псевореферендум өтіп жатқан аймақтарды да қосуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде Федерация кеңесіндегі дереккөзге сүйеніп, "Ведомости" хабарлады.

Басылымның Ресей президенті әкімшілігіне жақын жүрген тағы бір дереккөзі Рогозинді өкілетті өкіл етіп тағайындау туралы шешім таяу күндері шығатынын айтқан. Кремль жаңадан құрылатын округті "саяси салмағы ауыр адам" басқаруға тиіс деп есептейді.

Шілдеде Рогозин Роскосмостан кеткен соң "Ведомости" газетінің дереккөзі Кремль оны Донбассты басқаруға жіберуі мүмкін деген еді.

"Медуза" сайты ол бұл қызметті президент әкімшілігінде жүріп атқарады деп жазған. Дереккөзін көрсетпеген "Московский комсомолец" газеті де осыған ұқсас ақпарат жариялаған еді.

2020 жылы шілдеде Ресей президенті Владимир Путин Дмитрий Рогозинді Роскосмос басшылығынан босатты. Ол бұл лауазымда 2018 жылдан бері отырған. Рогозин Роскосмосты басқарған кезде Ресей мемлекеттік корпорациясы ғарышкерді орбитаға шығару саласындағы монополиядан айырылған, Украинаға басып кірген соң Еуропа ғарыш агенттігімен ынтымақтастығын үзген.

Украинадағы соғысты неғұрлым белсенді жақтаушылардың бірі саналатын Рогозин майданға баруға дайын екенін мәлімдеген, бірақ бармаған. Ол Ресейдің "Родина" ұлтшыл партиясының жетекшісі, "Великая Россия" оңшыл радикал партиясының мүшесі болған.

23 қыркүйекте Ресей басып алған Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон облыстарында басталған "референдум" Мәскеудің жоспары бойынша 27 қыркүйекте аяқталуға тиіс. Дауыс беру процесі халқы босып кеткен, ұрыс қимылдары тоқтамаған, әскер бақылауында тұрған аймақта өтіп жатыр. Киев пен Батыс елдері мұндай "референдум" нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG