Accessibility links

Павлодар әкімдігі: Бес күн ішінде облыстағы өткізу пункттерінен 13 мың Ресей азаматы өткен


Қазақстан мен Ресей шекарасында қалыптасқан ұзын-сонар кезек.
Қазақстан мен Ресей шекарасында қалыптасқан ұзын-сонар кезек.

Қазақстанның Ресеймен шекаралас Павлодар облысындағы өткізу пункттерінен соңғы бес күн ішінде 13 мың Ресей азаматы өткен. Билік аймақта "көші-қон процесін бақылауды күшейту" қажеттігін айтты.

Қазақстан ҰҚК шекара қызметі департаментінің бастығы Ғани Бекмурзаевтың айтуынша, 21-26 қыркүйек аралығында Павлодар облысындағы өткізу пунктінен 35 мың адам өткен. 13 мыңы - Ресей азаматы. Бес мыңы Қазақстан аумағынан шығып кеткен.

Жергілікті полиция мәліметінше, соңғы бес күн ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтары мен көші-қон қызметі бөліміне Ресейдің 388 азаматы келгені жөнінде хабарлама берген. 154 ресейлік уақытша тұруға рұқсат сұраған. Полиция "облыста қылмыс ахуалы тұрақты" екенін айтады.

Жергілікті билік халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек қалыптаспас үшін қосымша терезелер ашылғанын хабарлады. Жылжымайтын мүлік нарығында да "жағдайды тұрақты ұстап тұру шараларын қабылдау" қажеттігін алға тартты.

"Қала және аудан әкімдеріне мигранттар толқынын реттеу мақсатында штабтар құруды тапсырамын" деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақов.

Ол облысқа келгендерге "Қазақстан заңына сәйкес, көмек берілетінін" айтты.

21 қыркүйекте Ресейде ішінара мобилизация жарияланғалы бері көрші елдерге, оның ішінде Қазақстанға келушілер көбейген. ІІМ мәліметінше, 21 қыркүйектен бері елге 100 мың ресейлік келген, 65 пайызы шығып кеткен.

Елде жағдайға алаңдап, Қазақстан билігінен шекараны жабуды талап еткендер де көбейген. Қазақстанның көптеген қалаларында халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезек қалыптасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG