Accessibility links

NetBlocks Қазақстан аумағында интернет байланыстың нашарлағанын тіркеді


NetBlocks ұйымының интернеттің кідіруі туралы мониторингісінен скриншот.
NetBlocks ұйымының интернеттің кідіруі туралы мониторингісінен скриншот.

Әлем елдерінде интернеттің бұғатталуына мониторинг жасайтын Лондонда шоғырланған NetBlocks ұйымы 28 қыркүйекте ерте таңертең Қазақстанда интернет байланыс қалыпты деңгейден 23 пайызға түсіп кеткенін хабарлады.

Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің мәліметінше, аталған "ауқымды" кідіріс бірнеше сағатқа созылған. Осы уақыт аралығында интернет жылдамдығы едәуір азайған немесе мүлде болмаған.

"Мониторингке сәйкес, аталған оқиға бұрын тіркелген, ар жағында үкімет тұратын интернет өшіру оқиғаларынан ерекшеленеді және интернет-провайдерлер DDoS-шабуыл кезіндегідей реакция білдірді" деді Азаттыққа NetBlocks атқарушы директоры Альп Токер.

Қазақстанда кейінгі күндері интернетпен байланысты мәселелер жиілеген. 24 қыркүйектен бері Қазақстан аумағында Азаттық сайты дұрыс ашылмай қалды. Елдегі бас провайдер "Қазақтелеком" өкілдері 27 қыркүйекте Азаттық сайтында шектеу жоғын айтып, мәселе сайттың өзінде деген. Алайда техник мамандар сайттың Қазақстаннан өзге аумақта ашылып тұрғанын және оған VPN-мен кірсе еркін ашылатынын айтқан. Соған қарағанда "сайтты астыртын бұғаттаған да болуы мүмкін" деген болжам айтылды.

Қазақстанда веб-сайттарды бұғаттау бұған дейін де болған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, бас прокуратура сынды құзырлы органдар сот шешімінсіз интернет сервистерді шектейтін құзіретке ие.

Бұған дейін кейбір қазақстандық сайттардың да сенбіден бері дұрыс істемей қалғаны жөнінде ақпарат болған. 25 қыркүйекте "Қазақтелеком" өкілдері "бірқатар қазақстандық БАҚ, оның ішінде toppress.kz, sn.kz және newtimes.kz сайттарына DDos-шабуыл жасалғанын" хабарлаған. 28 қыркүйекте "мемлекеттік техникалық қызмет" мекемесі "қазнетке хакерлер шабуылдағанын" мәлімдеді.

Кейінгі бірнеше күн ішінде қазақстандықтар Beeline мен Tele2 интернетінің дұрыс істемей тұрғанына да шағымданған. Beeline компаниясының қызметті қолдау өкілдері Қазақстан бойынша интернет баяулағанын, себебін білмейтіндіктерін мәлімдеген. Tele2 баспасөз қызметі Zakon.kz сайтына интернетпен проблема ғаламдық деңгейде болып жатқанын және одан операторлар да зардап шегіп жатқанын айтқан.

28 қыркүйекке қараған түні Air Astana әуе компаниясы "әуежайда интернет өшіп, таңғы рейстердің кешіккенін" хабарлады. Әуе компаниясы бірақ интернеттің өшуіне не себеп болғанын хабарламады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG