Accessibility links

Министр Азаттықтың ашылмауы "Тоқаевтың астыртын бизнесі" туралы зерттеумен байланысты емес деп санайды


Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі кейінгі күндері Азаттық сайтының ашылмай қалуы немесе кідіріп ашылуын аталған сайтта жарияланған "Тоқаевтың астыртын бизнесі туралы" мақаламен байланысты емес деп санайды. Министр бұл пікірін 28 қыркүйекте журналистердің сұрақтарына жауап берген кезде айтты.

Кибершабуылдар (бұған дейін "Қазақтелеком" бірқатар БАҚ-қа "кибершабуыл жасалғанын" мәлімдеген - ред. ) "Тоқаев отбасымен байланысты зерттеумен байланысты екенін жоққа шығарасыз ба?" деген сұраққа министр:

– Оған қатысы жоқ деп ойлаймын. Оның [интернет бұғаттаудың] себебі анықталып жатыр. Бірақ оның [кибершабуылдың] ұлғайғандығы туралы "Қазақтелеком" басшысы айтты, – деді Дархан Қыдырәлі.

Оның айтуынша, кейінгі күндері Азаттық сайты ғана емес, Қазақстандағы өзге де ақпарат сайттарына (министрдің айтуынша, zakon.kz, orda.kz, kaztag.kz) кіру қиындаған.

"Қазір өз тарабымыздан қадағалау орындарына айтып, бұл мәселені, техникалық мәселені шешіп жатырмыз" деді министр.

"Министрлік мұндай Ddos-шабуылдар қайталанбас үшін қандай шара қолданып жатыр?" деген сұраққа Дархан Қыдырәлі "техникалық құралдар басқа органдар құзыретінде. Біз жалпы журналистердің [кәсіби міндетін] еркін атқаруына мүмкіндік жасауға тырысамыз, септесеміз" деді ол.

Министрдің Тоқаевтың отбасы туралы зерттеуді оқығаны-оқымағаны белгісіз, бірақ ол Азаттық сайтын оқып тұратынын айтты.

Ал Қазақстан бас прокурорының орынбасары Әсет Шыңдалиев сәрсенбі күні Азаттық сайтының кідіріп ашылуының себебі жайлы сұраққа "прокуратураАзаттық сайтына ешқандай шара қолданған жоқ" деп жауап берді.

24 қыркүйекте Азаттықта "Тоқаевтың "астыртын бизнесі" және "Мәскеудің Қазақстанды соғысқа араластыру ықтималдығы" атты мақала жарық көрген. Мақаланың алғашқы бөлігінде швейцариялық Public Eye ұйымының зерттеуі жөнінде айтылады. Осы мақала жарияланғаннан кейін әуелі Азаттықтың орысша беті, кейін қазақша жағы ашылмай қалды. Сенбі күні кешке Қазақстан аумағында Public Eye ұйымының сайты да ашылмай қалды.

24 қыркүйектен бері Азаттық сайты бір ашылып, бір ашылмай тұр. Дегенмен сайтқа VPN арқылы еркін кіруге болады.

Бұған дейін кейбір қазақстандық сайттардың да сенбіден бері дұрыс істемей қалғаны жөнінде ақпарат болған.

25 қыркүйекте "Қазақтелеком" өкілдері "бірқатар қазақстандық БАҚ, оның ішінде toppress.kz, sn.kz және newtimes.kz сайттарына DDos-шабуыл жасалғанын" хабарлаған. 28 қыркүйекте "мемлекеттік техникалық қызмет" мекемесі "қазнетке хакерлер шабуылдағанын" мәлімдеді.

"Кибершабуылдар мемлекеттік органдармен қатар, Қазнет инфрақұрылымына да бағытталған. Кибершабуылдың салдарынан интернет баяулады" деп жазылған компания хабарламасында.

Ал кейбір ІТ-сарапшылар Азаттық сайтының бұғатталуынан саяси астар іздейді.

"Егер барлық елдерден кіріп, тек қана Қазақстаннан кірмей тұрған болса, онда бәлкім астыртын бұғаттау тәсілін жасап жатқан болуы мүмкін. Яғни біздің құзырлы органдарда оған толыққанды техникалық мүмкіндіктері жетеді деп есептеймін" деді ІТ-маман Садық Шерімбек 27 қыркүйекте Азаттыққа.

Қазақстанда веб-сайттарды бұғаттау бұған дейін де болған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, бас прокуратура сынды құзырлы органдар сот шешімінсіз интернет сервистерді шектейтін құзіретке ие.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG