Accessibility links

Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Астрахан облысындағы өткізу бекетінде мобилизация пункті ашылады


Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Астрахан облысындағы "Караөзек" пункті маңындағы кезек. Қыркүйек, 2022 жыл.
Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Астрахан облысындағы "Караөзек" пункті маңындағы кезек. Қыркүйек, 2022 жыл.

Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Астрахан облысындағы өткізу бекетінде мобилизация пункті пайда болады. Азаматтарға сол жерден әскерге шақырту тапсырыла бастайды. Бұл жөнінде аймақ билігінің ақпаратына сүйенген "Коммерсант" басылымы хабарлады.

"Өткізу пунктінде елден кеткендер мен федералдық реестрде тұрған мобилизацияға жататындардың құжаттарын салыстырып тексере бастады. Шақыру критерийіне сәйкес келетін, ішінара мобилизацияны кейінге шегеруге құқығы жоқ азаматтар жіберілмейді" деп басылым аймақ билігінің сайтындағы хабарламадан үзінді келтіреді.

Ақпаратқа қарағанда, алдағы күндері Қазақстанмен шекарадағы мобилизация пунктінде азаматтарға әскерге шақырту тапсырыла бастайды.

Басылымның жазуынша, Ресейдің Финляндиямен шекарасындағы "Торфяновка" өткізу бекетінде де мобильді шақыру пункті пайда болған.

Ресей қорғаныс министрлігі апта басында азаматтардың қозғалуына тыйым салмағанын айтқан. Алайда 29 қыркүйекте мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин мобилизация туралы заңға сәйкес, әскери тізімде тұрған азаматтарға әскери комиссариаттың рұқсатынсыз елден кетуге тыйым салынғанын мәлімдеген.

21 қыркүйекте Ресей президенті Путин елде мобилизация жариялаған соң ондаған мың ресейлік елден қашқан. Ресейліктердің көбі қазір Қазақстан, Грузия және Орталық Азия елдеріне кетіп жатыр. Қазақстан ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 21-26 қыркүйек аралығында елге 100 мың Ресей азаматы кірген, 65 пайызы шығып кеткен.

Бұған дейін Балтық елдері мобилизациядан қашқан ресейліктерді қабылдаудан бас тартқан. Батыс елдері ішінен Германия мен АҚШ соғысқа барудан қашқан ресейліктерді қабылдауға дайын екенін білдіріп, әр адамның өтініші жеке-жеке қаралады деп мәлімдеді.

Бұған дейін Қазақстан билігі "қылмыстық іс қозғалмаса" мобилизациядан қашқан ресейліктерді еліне қайтармайтынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG