Accessibility links

Тоқаев "кибершабуылдарды" сайлау науқанымен байланыстырды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Абай облысы, 30 қыркүйек 2022 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Абай облысы, 30 қыркүйек 2022 жыл.

30 қыркүйекте биыл құрылған Абай облысына жұмыс сапарымен барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықпен кездесу кезінде "кибершабуылдарға" тоқталып, оны сайлау науқанымен байланыстырды. Оның сөзінен Ақорда сайты үзінді келтіреді.

"Әлемдегі ахуал күрделі болып кетті" деген Тоқаев сондай кезеңде "ұлт болып ұйысып, бірігу" қажеттігін алға тартты.

"Әрбір саясаткер, қоғам қайраткері, журналист, блогер немесе жалпы азаматтар сөзі мен әрекетінің жауапкершілігін сезінуге тиіс. Қазір әр ісіміз мемлекет мүддесіне сай болуы қажет. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Өкінішке қарай, ашығын айту керек, шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес. Олар, тіпті, біздің елімізге ақпараттық шабуыл да ұйымдастырады. Оның бәрін көріп отырмыз" деді Тоқаев.

Дегенмен ол "ақпараттық шабуыл" туралы сөзін тарқатып айтпады.

Тоқаев "елде үлкен саяси науқан басталғанын" алға тартып, сайлау қарсаңында "жалған ақпараттар мен фейктер" күшейгенін атап өтті.

"Сайлау жарияланған соң түрлі жалған деректер, ақпарат, яғни фейктер таратылып, кибершабуылдар күшейді. Бұл жайдан жай емес. Кейбір күштер шетелден осындай әрекеттерді ұйымдастырып, ел ішіне іріткі салуды көздейді. Олар Қазақстанда оң өзгерістерге кедергі жасағысы келеді. Бірақ біз бағытымыздан таймаймыз" деді ол.

Тоқаев бұл сөзін жуырда өзінің "астыртын бизнесіне" қатысты зерттеу жарияланып, ізінше кейбір ақпарат құралдарына, оның ішінде Азаттық та бар, кіру қиындаған шақта айтып отыр. Ақорда зерттеуге байланысты реакция білдірмеді.

Бұған дейін елдегі ұлттық бас оператор "Қазақтелеком" және интернет-байланысқа жауапты өзге де мекемелер "Қазнетке сырттан кибершабуылдар жасалғанын" мәлімдеген. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі кейінгі күндері Азаттық сайтының ашылмай қалуы немесе кідіріп ашылуын аталған сайтта жарияланған "Тоқаевтың астыртын бизнесі туралы" мақаламен байланысты емес деп санайтынын айтқан. Ал кейбір ІТ-сарапшылар Азаттық сайтының бұғатталуынан саяси астар іздеген.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашаға белгіленген. Сайлау қарсаңында президент бастамасымен Конституцияға өзгерістер енгізіліп, президент өкілеті жеті жылдық бір мерзіммен шектелген. Сарапшылар осы сайлау арқылы Тоқаев өз билігін күшейтуді көздейді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG