Accessibility links

"Ауыл" кандидаты мен белсенді Балли Мажец ОСК-ға құжаттарын өткізуге барды


Жигули Дайрабаев.
Жигули Дайрабаев.

"Ауыл" партиясының кандидаты Жигули Дайрабаев пен Польша азаматы, белсенді Балли Мажец 5 қазанда орталық сайлау комиссиясына президенттікке үміткер ретінде құжаттарын өткізуге барды. ОСК Дайрабаевтың құжаттарын қабылдап, Мажецтің өтінішін кері қайтарды.

Азаттық тілшісі "Ауыл"партиясының кандидаты Жигули Дайрабаевқа "сіз сайлауға өз еркіңізбен түсіп жатсыз ба әлде сізді міндеттеді ме?" деп сұрақ қойған еді.

"Мен біреудің қолшоқпары болатын уақыттан өтіп кеткен азаматпын. Мен енді партияның солдатымын" деген Дайрабаев "партияластарының оны кандидат ретінде ұсынып, съезде шешім қабылданғанын, өзінің оған қарсы емес екенін" жеткізді. "Өзіңізді Тоқаевтың сенімді бәсекесі ретінде сезінесіз бе? Жеңе аламын деп сенесіз бе?" деген Азаттық тілшісінің сауалына "сайлауға Тоқаев пен Дайрабаев қана түсіп жатқан жоқ қой" деп қысқа қайырды.

ОСК оның құжаттарын қабылдады.

5 қазанда Польша азаматы, белсенді Балли Мажец те орталық сайлау комиссиясына келіп, президенттікке үміткер ретінде құжаттарын тапсыруға тырысты. Алайда ОСК оның президенттікке үміткерге қойылатын талаптарға сәйкес еместігін жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан заңы бойынша президенттікке үміткер кемінде 15 жыл Қазақстан аумағында тұруы тиіс және Қазақстан азаматтығы болуы керек.

Балли өзінің Шымкентте туған қазақ екенін айтып, туу туралы куәлігін де көрсетті. "Соңғы 15 жылда Қазақстанда тұратын едім, алайда мені елге кіргізбеді. Назарбаев режимі тұсында қудаландым, сондықтан осының барлығын ескере отырып, мені Қазақстанда тұрған адам ретінде санауы керек" деді Балли Мажец.

Алайда ОСК оның айтқан уәждерімен келіспеді. Польша азаматы, осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан билігінен елде қалуды сұраған Балли Мажец бұған дейін де ОСК-ға өтініш тапсырған, алайда өтініші осы себеппен кері қайтарылған. Ол бұған дейін президенттікке үміткерге қойылатын талаптар "Қазақстан азаматтарының құқықтарын шектейтінін" айтқан.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған. Президент сайлауы 20 қарашаға белгіленген.

Бір күн бұрын ОСК халықаралық "Астана" ғылыми кешеніне қарасты экономикалық зерттеулер институтының басшысы Мейрам Кажыкенді "Аманат" Қазақстан кәсіподақтары достастығы атынан президентікке кандидатқа үміткер ретінде құжаттарын тапсырғанын хабарлаған.

Бұған дейін "оппозициялық" ЖСДП осы партияның Астанадағы бөлімшесінің басшысы Нұрлан Әуесбаевты президенттікке үміткер ретінде ұсынған. Бірақ оның ОСК-ға құжаттарын тапсырғаны туралы ақпарат болмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG