Accessibility links

Польшада тұратын белсенді, тегі қазақ Балли Мажец президент сайлауына қатысуға ниет білдірді


Балли Мажец.
Балли Мажец.

Польшада тұратын белсенді, тегі қазақ Балли Мажец президент сайлауына үміткер ретінде тіркелуге бірнеше рет талпыныс жасаған. Бұл жөнінде 2 қазанда Қазақстан орталық сайлау комиссиясы хабарлады.

"Қазақстанның орталық сайлау комиссиясына Польша азаматы Балли Мажец президенттікке кандидат ретінде сайлауға түсу ниетін білдіріп, бірнеше рет жүгінді" деп жазылған ОСК хабарламасында.

ОСК Балли Мажецке Қазақстан заңнамасын түсіндіргенін хабарлап, оның президенттіктен үміткер ретінде тіркеле алмайтынын меңзейді.

Мекеменің жазуынша, ҚР Конституциясының 41-бап 2-бөлігіне сәйкес, Қазақстанда туған, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатын, соңғы 15 жылда Қазақстан аумағында тұрған, жоғары білімі бар, мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл істеген адам президент болып сайлана алады.

Балли Мажецтің өзі 29 қыркүйекте Твиттердегі парақшасында ОСК-ға өтініш өткізу сәтінен видео жариялаған. Ол өтінішін қабылдаған ОСК өкіліне президенттіктен үміткердің "мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл тәжірибесі болуы керек" деген талапқа қарсы екенін жеткізіп, талапты сынайды.

"Сонда шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлер ғана үміткер бола алуы керек пе?" деген сұрақ қояды.

Өзін "Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросының" жетекшісімін деп атайтын, тегі қазақ Балли Мажец 2017 жылы Қазақстан билігінен елде қалуға рұқсат сұраған. Ол 2015 жылы Польшадағы президент сайлауында кандидат болған. Ол қазақстандық бірқатар саяси тұтқындарды қолдап, танылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған. Өткен аптада сайлаудың 20 қарашада өтетіні белгілі болды. Кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталған.

Осыған дейін "Ауыл" партиясы – 67 жастағы Жигули Дайрабаевты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 65 жастағы Нұрлан Әуесбаевты кандидат ретінде бекіткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG