Accessibility links

Тоқаев "өзін қолдау үшін құрылған коалиция" атынан сайлауға түседі


Тоқаевты қолдау "халықтық коалициясының" жиыны. Астана, 6 қазан 2022 жыл.
Тоқаевты қолдау "халықтық коалициясының" жиыны. Астана, 6 қазан 2022 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзін қолдау бойынша құрылған "халықтық коалиция" атынан сайлауға түсетінін мәлімдеді. Бірнеше үкіметтік емес ұйым және үш саяси партия мүшелерін біріктірген жаңа коалицияның құрылғаны 6 қазанда түсте белгілі болған.

Түстен кейін коалиция жиынында сөйлеген Тоқаев "өзіне сенім артқаны үшін" көпке алғыс айтып, сөз арасында "сайлаудың әділ өтетініне" тағы уәде берді.

Ұзақ сөйлеген Тоқаев халық болып "коронавирус індетіне бірге қарсы тұрдық", "қасіретті қаңтардағы сынақты тұтас ел болып еңсердік" деді. Ол Конституцияға енгізілген өзгерістерді мақтап, "саяси реформалар арқылы "күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" қағидатын орнықтыратынын" жеткізді.

Тоқаев келесі жылдан бастап "мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша сайланатынын", ауыл әкімдері тікелей сайланып жатқанын айтты. Саяси партияларға "жағдай жасалып жатқанын да" тілге тиек етті. Жемқорлықпен күрес, тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам саудасы үшін жазаны күшейту бағыты бойынша "шаруалар атқарылғанын" да атап өтті.

"Біздің реформамыздың негізгі мақсаты – әділ Қазақстан құру" деді ол.

Бір күн бұрын Тоқаев "ұйым емес", "қоғамдық-саяси коалиция" атынан сайлауға түсетінін мәлімдеген.

6 қазанда елде тіркелген бес партияның үшеуі: биліктің "Аманат" партиясы, "Ақ жол" және "Қазақстан халық партиясы" (бұрынғы коммунистер) президент сайлауына кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынатынын айтты. Одан бөлек, тағы бірнеше ұйым: арасында Qazaqstan Team қоғамдық жастар бірлестігі мен Қазақстанның азаматтық альянсы ұйымы да бар, Тоқаевты кандидат ретінде ұсынатынын мәлімдеген.

Тоқаевтың өзі сайлауға қатысатынын қыркүйектің басында сайлау өтетінін жариялаған кезде-ақ айтқан. Сарапшылар Тоқаев жаңа мерзімге саяси реформалар жүргізу үшін емес, өз позициясын нығайту үшін сайланғысы келеді дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG