Accessibility links

Тоқаевтың ойыны, реформа имитациясы және Назарбаев дәуірінің сценариі. Сайлау қарсаңындағы Қазақстан


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық референдумға дауыс беруге келген кезі. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық референдумға дауыс беруге келген кезі. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов Азаттыққа сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауға асығып, реформаларға келгенде неге жайбасарлық танытып отырғанын талдап көрді. Сарапшы "Қаңтар қырғынынан" кейін және сайлау науқанының алдында елдің саяси алаңы қалай өзгергенін, нәтижесі белгілі сайлауда қандай күтпеген салдарлар болуы мүмкін екенін айтып берді.

"ҚАҢТАРДА РЕЖИМ ЕСЕҢГІРЕП, ТОҚАЕВ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАР ИМИТАЦИЯСЫН ЖАСАУҒА МӘЖБҮР БОЛДЫ"

Азаттық: Сізге Тоқаевтың сайлауалды науқаны басталып кеткендей көрінбей ме? Ол халыққа демократиялық реформалар жүргізуге уәде беріп, "Жаңа Қазақстан" жариялады, жолдауында Ұлттық қор табысының бір бөлігін балалар шотына аударуды ұсынды, Қостанай облысында өрттен зардап шеккен халықпен кездесіп, балалармен суретке түсті.

Димаш Әлжанов: Тоқаев сайлауалды науқан дайындығына Қаңтар оқиғасынан кейін бірнеше айдан соң кірісті. Есіңізде болса, президенттің имиджін оңдау жұмыстары студенттерді жинап, "Тоқаев – жолбарыс!" деген ұран айтылған жиында басталған. Президенттің одан кейінгі халықаралық сапарлары, Катардағы, Санкт-Петербургтегі форумда сөйлеген сөздері Тоқаевты шешімді өзі қабылдайтын саясаткер ретінде көрсетуге бағытталды. Билікшіл блогерлер де белсенді жұмыс істеп, Тоқаевты "мықты дипломат" деп атады, оның кәсіби карьерасындағы кей сәттерді әсірелеп көрсетуге тырысты. Билік біртіндеп Тоқаевтың имиджін жақсартып, халықты оның Назарбаевқа ұқсамайтынына сендіруге тырысып, кезектен тыс президент сайлауын жариялады.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Президенттің өкілетін ұзарту мәселесі Қаңтар оқиғасынан кейін пайда болды деп ойлаймын. Өйткені Тоқаевтың билігі шайқалды, оған екі жылдан кейін қайта сайланатынын ойлап, Назарбаевпен және оның туыстарымен келісуге, олардың Қаңтар дағдарысынан кейінгі әрекетін болжауға тура келді. Билік қаңтардан кейінгі қоғамдық көңіл-күйді ескеріп, Тоқаевты тезірек қайта сайлап, алдағы жеті жылға бұл мәселені жауып тастағысы келді.

Азаттық: Президентті жеті жылға сайлау туралы өзгерісті аз уақыт ішінде Конституцияға енгізетін сияқты. Тоқаев Назарбаевтың жолына түсіп бара жатқан жоқ па?

Димаш Әлжанов: Тоқаев билікті толықтай өз қолына алып, президенттік мерзімін ұзарту үшін Назарбаевтың істегенін қайталап отыр. Кезінде Назарбаев та қоғамдық пікірге манипуляция жасап, Конституцияны жиі өзгертетін. Өйткені президенттік құзыреті негізгі заңға өзгеріс енгізуге мүмкіндік беретін.

Тоқаевтың мәлімдемелері мен қабылдаған шешімдеріне қарасақ, бұрынғы президенттің әрекеттеріне ұқсас сценарий көреміз. Демократия мен салмақты реформалар туралы уәде берген президент саяси жүйені өзгертпейтін жеңіл-желпі, техникалық өзгерістер ұсынып отыр. Тоқаев жеке дара билігін күшейтіп, өкілетін ұзартуға қамданып жатыр. Сондықтан қандай да бір өзгеріс күтудің реті жоқ.

Қазақстанның бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне ресми кіріскен күні онымен бірге парламентте тұр. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне ресми кіріскен күні онымен бірге парламентте тұр. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.

Азаттық: Демократиялық реформаларға уақыт керек. Өзгерістер, әсіресе, демократиялық өзгерістер бірден болмайды. Тоқаев уәде еткен реформалар біртіндеп жүзеге асуы мүмкін бе?

Димаш Әлжанов: Өзгерістер болады, бірақ әуелі президенттің билігін нығайтып, өкілетін ұзартып алайық деген – билікке ыңғайлы әңгіме. Мұндай әдіске келіспеймін.

Реформалар қоғам автократқа қысым көрсетіп, оны демократия үшін жеке дара билігінен бас тартуға мәжбүрлеген кезде ғана болады. Ал президент бүкіл билікті қолына жинап, саяси элитаның аузын майлап, позициясын күшейтіп жатқанда реформалар екінші планға ығысады. Отыз жылға жалғасқан сценариймен тағы да жүруге болмайды. Назарбаев осы сценариймен билігін нығайтып, оппозицияның көзін жойып, қоғамның саяси құқықтарын шектеп, экономиканың негізгі салаларын өз қолына алды. Саясат ғана емес, экономика да реформасыз қалды.

Тоқаев пен командасы президент билігін ұзартуға асығып, ал қоғамды демократияландыру мәселесіне келгенде қалай жайбасарлық танытып отырғанын салыстырып көрейік. Саяси партиялар тіркелмеді, әділ әрі еркін сайлаудан үміт жоқ. Тоқаев өзі президент болған үш жарым жылда ойын ережесін өзгертуге тырысты. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің Тоқаев саяси реформаларын аяқтады деген тамыздың аяғындағы мәлімдемесі қоғамның қаңтардағы наразылық арқылы режимді шынайы реформаларға итермелейтіндей қысым көрсете алмағанын білдіреді.

Азаттық: Қаңтарда Тоқаевтың билігі әлсірегенін байқадық. Енді президент өз өкілетін заңдастыру үшін кезектен тыс сайлау өткізгелі жатыр. Билігін күшейту тұрғысынан алғанда, Тоқаевтың әрекетін түсінуге болады. Мүмкін ол әуелі президенттік билігін нығайтып алып, кейін асықпай демократиялық реформалар жүргізуді қолға алатын шығар?​

Димаш Әлжанов: Бұл қате пікір. Елдің түкпір-түкпірінде наразылық болған кезде режим оларды басып-жаншуға бұйрық берді. Әлі де билікте отырған Назарбаев пен оның отбасына қатысты жағдайды тұрақтандыру мүмкін емесі түсінікті болды. Қоғам мұны қабылдамас еді. Режимді тұрақтандырып, "мұрагердің" билігін сақтап қалу үшін Тоқаевты Назарбаевтан алшақтату туралы шешім қабылданды. Назарбаевтың жағдайы жақсы: ол қорғауда, ешкім оның қызметін тергеп, тексеріп жатқан жоқ.

Қаңтарда режим есеңгіреп қалды, бұл Тоқаевты демократиялық реформалар имитациясын жасауға итермеледі. Бірақ бұл қоғам өз талаптарын қойып, әртүрлі саяси топтар президенттің әлсіздігін түсініп, билікке таласа бастайтындай әсер бермеді. Сондықтан Тоқаев салмақты реформалар жүргізбей, имитация жасаумен ғана айналысып отыр.

Реформа автократ президенттің біржақты әрекетінің ғана нәтижесі емес. Керісінше, автократтың билігі мықты болған сайын, оның жүйені реформалауға құлшынысы азая береді. Авторитар жүйелерде президент бір жағынан қоғамның, екінші жағынан саяси қарсыластарының талабын орындауға мәжбүр болған кезде ғана реформаға барады.

Саяси элита арасына жік түскен жоқ. Парламент пен өңірлер президентке адалдығын көрсетті. Сондықтан режим бірлігін сақтап қалды. Наразыларға оқ атудан кейін басқарылатын демократияға мүмкіндік жоқ. Президенттің қолында билік көп, енді ол елді жеті жыл басқарады. Тоқаев осы уақыт ішінде экономикадағы позициясын күшейтумен және жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етумен әуре болып, демократиялық өзгерістерді ұмытып кете ме деген қаупім бар.​

Азаттық: Саяси элита бірлігін сақтап қалғанымен, Назарбаев саяси сахнадан кеткеннен кейін активтеріміз бен ықпалымызды жоғалтып аламыз деп қорқып жүргендер бар шығар. Олар осылай Тоқаевқа бәсекелес болатын оппозицияға айналып кетуі мүмкін. Президент осыдан қорқып отырған жоқ па?

Димаш Әлжанов: Әрине. Бұл бірінші кезекте, қоғам үшін жақсы болар еді. Қарапайым азаматтарға саяси элитаның жікке бөлініп, сахнада жалғыз ойыншы емес, тепе-теңдікті сақтайтын бірнеше топ болғаны жақсы. Бұл топтар өзін саяси тұрғыдан қорғау үшін саяси партиялар құруға, қоғамның қолдауын іздеп, сайлаушылардан көмек сұрауға мәжбүр болады. Қазақстанның болашағын ойлайтын азаматтар мұны стратегия көріп, авторитар режимнің бірігуін емес, керісінше, ыдырауын қолдауы тиіс. Саяси күрес кезінде болашақ демократияға жағдай жасап алуға болады.

Қазір Тоқаев құзыретін пайдаланып, елдегі негізгі қаржы ағындарын өз бақылауына алмақ. Назарбаев отбасының ықпалы аз мүшелері – Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевқа қарсы қылмыстық іс қозғалғанын көрдік. Енді олардың мүлкі мен активтерін тартып алу мәселесі қаралып жатқан сияқты. Тоқаевтың позициясы күшейген бойда демократиялық реформалар емес, президенттің өкілетін ұзарту мәселесі басымдыққа ие болып шыға келді. Бұл бәрі бұрынғы қалыпқа түскенін көрсететін нашар тенденция. Тек қазір жүйенің басында Назарбаев емес, Тоқаев отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Азаттық: Қаңтарда Тоқаев Конституцияны өзгертпеуге уәде берген. Бірақ кейін референдум өткізіп, 56 түзету енгізді. Қазір президент өкілеті мерзімін жеті жылға ұзартып, астанаға бұрынғы атауын қайтарып, негізгі заңды тағы өзгерткелі отыр. Бұл туралы не айтасыз?​

Димаш Әлжанов: Тоқаевтың қолында конституциялық құзыреті, парламент пен Конституциялық кеңесті басқару мүмкіндігі тұрғанда, ол да Назарбаев сияқты билігін асыра пайдаланып, басты заңды өз ыңғайына қарай өзгерте береді. Бұл – жүйенің қателігі, оны тек президент билігін әлсіретіп, Конституцияны өзгерту арқылы ғана жоюға болады. Президент біраз құзыретінен айырылуы керек. Парламенттік демократиядағы жай ғана символикалық тұлға болып қалса тіпті жақсы. Саяси жүйеде билік тармақтары арасында тепе-теңдік қалыптастыру керек, әйтпесе Конституцияны қорлау тоқтамайды.

Мәслихат Нұр-Сұлтанға Астана атын қайтаруға келісті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

"АҚОРДА ҚОҒАМНЫҢ БИЛІКТІ САЙЛАУ АРҚЫЛЫ АУЫСТЫРУ МҮМКІНДІГІН БАРЫНША ШЕКТЕП ОТЫР"

Азаттық: Тоқаев уәде еткен, бірақ әлі жүзеге аспаған реформаларға кеңірек тоқталсақ. Наурызда президент кезекті жолдауында саяси партияларды тіркеу процесін жеңілдетуді тапсырды. Тіркеуге қажетті партия мүшелерінің саны жиырма мыңнан бес мыңға дейін қысқаратынын айтты. Қыркүйекте Тоқаев бұл сөзін қайталаған жоқ, ал саяси партияларды тіркеудің жаңа ережелері парламенттің қарауына берілмеді.​

Димаш Әлжанов: Бұл жерде екі қулық бар. Біріншіден, Тоқаевтың саяси партиялар туралы заңды өзгерту жөніндегі ұсыныстары сандық көрсеткіштерді өзгерткенімен, партия тіркеу процесіне әсер етпейді. Сондықтан тіркеуге қажетті партия мүшелерінің саны бес мыңға дейін азайса да, бұл оппозициялық партиялар еркін тіркеле береді дегенді білдірмейді. Саяси партияларды тіркеу тізгіні әділет министрлігі арқылы президент әкімшілігінің қолында қалады.

Бұл заң әділет министрлігіне партияны тіркеу процесін себебін түсіндірместен белгісіз уақытқа дейін тоқтатып қоюға мүмкіндік береді. Қазақстанда сот жүйесі президенттің бақылауында болғандықтан, әділет министрлігіне қарсы апелляциялық шағымның немен аяқталатыны белгілі.

Екіншіден, Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін заңға өзгертулер енгізіп, партия тіркеу процесін жеңілдетсе, президент сайлауына дейін партиялардың еркін тіркелуіне кедергі жасамаса дұрыс болар еді. Бірақ тіркелмеген партиялар не істерін білмей отыр. Тоқаев осы арқылы олардың тіркелуін президент сайлауының нәтижесіне тәуелді етіп қойды. Яғни, кезектен тыс президент сайлауы кезінде өздеріңді жақсы ұстасаңдар, партияларыңды тіркеп береміз дегендей емеурін танытып отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау акциясы. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау акциясы. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.

Азаттық: 2019 жылы маусымда көшеге мыңдаған адам шыққан кездегідей наразылық тағы қайталануы мүмкін бе?​

Димаш Әлжанов: Бұл сұраққа жауап беру қиын. Өйткені дауыс берушілердің мінез-құлық моделін анықтауға көмектесетін социологиялық деректер жоқ. Әдетте наразылық – тосын жағдайларға толы процесс. Қаңтарда жаңа жылдық демалыс кезінде наразылық басталады деп ешкім күткен жоқ. Қазір бәрі президент әкімшілігінің бақылауында сияқты болып көрінгенімен, болашақ бұлыңғыр. Әділетсіз сайлаудың ақыры наразылыққа ұласып кетуі әбден мүмкін.

Сондықтан президент әкімшілігі өзіне барынша қолайлы, нәтижесі белгілі жағдай қалыптастыруға тырысып жатыр. Аз уақыт ішінде кезектен тыс президент сайлауын өткізу идеясы осыдан шыққан. Бұл қоғамдағы күштер қаржы, ұйымдастыру ресурсын біріктіріп үлгермей, Тоқаевтың қайта сайлануына қарсы шыға алмасын деген оймен жасалып отыр.

Ескі оппозиция ұсынған "ортақ кандидат" шығару идеясының өзі Ақорданың сценариіне сәйкес келеді. Нәтижесі күнібұрын белгілі сайлауға оппозициядан кандидат қатыстыру Тоқаевқа билігін заңдастырып, өзін саяси бәсекеде жеңіп шыққандай көрсету үшін керек.

Полиция әділ, демократиялық сайлау өткізуді талап етіп митингіге шыққан азаматтарды күштеп әкетіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Полиция әділ, демократиялық сайлау өткізуді талап етіп митингіге шыққан азаматтарды күштеп әкетіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Азаттық: Ресми статистикаға сенсек, 2019 жылы Тоқаевтың сайлаудағы "қарсыласы" Әміржан Қосанов сайлауалды науқан жүргізбей-ақ, 16 пайыздан көп дауыс жинады. Осы 16 пайыздың өзі қоғамға өзгеріс керегін көрсетіп отырған сияқты.

Димаш Әлжанов: Қаңтарда халық билікті ауыстыру үшін көшеге шықты. Басқа қандай аргумент керек? Режим өзінің қандай жағдайда екенін жақсы біледі: президент билікті иемденіп алып, ешкімге бергісі келмей отыр. Елестетіп көріңізші: сіз – президентсіз, билігіңізді ұзарту керек, бірақ бұл халыққа да, халықаралық аудиторияға да сенімді көрінетіндей түрде жүзеге асуы тиіс. Мұндай жағдайда Тоқаев үшін ең үздік сценарий – саяси бәсеке имитациясын жасап, оппозицияның атынан ортақ кандидат болатын адам табу. Оның үстіне, қазіргі кандидаттарды тіркеу ережесімен ол екі ай ішінде президентке қарсы электораттың басын біріктіріп үлгермейді.

Азаттық: Техникалық тұрғыдан алғанда, 2022 жылғы президент сайлауы қалай өтеді?

Димаш Әлжанов: Қазіргі ереже бойынша Қазақстандағы сайлауда жеңіске жету мүмкін емесін талай айтқанмын. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, президент Орталық сайлау комиссиясынан бастап барлық сайлау орындарын бақылауда ұстайды. Тоқаев наурыздағы жолдауында Орталық сайлау комиссиясының өкілдері билік партиясына мүше болмайды дегенді не үшін айтты деп ойлайсыз? Бұл алдағы сайлауда қоғамдық наразылық пен халықаралық қауымдастық тарапынан айтылатын сынның алдын-алу үшін жасалған қадам еді.

Шын мәнінде билік сайлау процесін бұрынғыдай бақылауда ұстайды. Сайлау комиссиясының мүшелерін президент пен оның айтқанынан шықпайтын парламент тағайындайды. Сондықтан сайлау комиссиялары Тоқаевтың пайдасына жұмыс істейтініне күмән жоқ. Орталықтандырылған сайлауды бұрмалау жүйесі де осыдан шығады. Жоғарыдан қандай нәтиже керегі жөнінде тапсырма түседі, жергілікті жерлерде соған қарай бюллетеньді топтап салу, хаттаманы өзгерту сияқты заң бұзуға барады. Өйткені билік жариялайтын сайлау қорытындысы мен сайлау комиссияларындағы нәтиже сәйкес келуі керек қой. Мұндай жағдайда бақылаушылар сайлаушылардың дауысын қорғай алмайды. Оларды дауыс санау процесіне қатыстырмайды. Кей бақылаушыларды қолына түзетілген хаттама ұстатып, қуып жібереді.

Екіншіден, кандидаттарды тіркеу процесі де президенттің бақылауында. Қазіргі дискриминациялық ережелер бойынша, ескі оппозицияның өзінен ешкімді таңдап алу мүмкін емес. Мемлекеттік қызметте бес жыл істеген тәжірибесі бар үш-төрт адам бар, бірақ олардың беделі нашар. Яғни, мемлекеттік қызмет тәжірибесі бар адамдар бір кездері қазіргі саяси жүйенің ішінде болған. Билік президент қызметін Тоқаевқа тапсырмай тұрып, 2017 жылы сайлау туралы заңға өзгеріс енгізгенде, 2019 жылы Назарбаевтың "мұрагеріне" жасы келген, беделі нашар тұлғалардан басқа ешкім бәсекелес бола алмауын қарастырып қойған. Бұл жағдай әлі күнге дейін өзгерген жоқ.

Үшіншіден, екі айда дауыс берушілерді біріктіріп, азаматтардың бәрін сайлауға қатыстыру мүмкін емес. Халықтың көбі Тоқаевқа қарсы болғанымен, оларды президентке қарсы дауыс беруге жіберу үшін сайлаушылармен келісіп, көндіру керек. Оппозиция көбірек дауыс жинайтыны анық. Мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік жағдайы осал топтар мәжбүрлі түрде Тоқаевқа 20-30 пайыз дауыс жинап берер. Бірақ екі айда бұл мүмкін емес.

Ақорда осыны түсініп, қоғамның билікті сайлау арқылы ауыстыру мүмкіндігін барынша шектеп отыр. Сол себептен Тоқаев сайлауға асығып, өзінің қайта сайлануына қосымша жағдай жасап жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG