Accessibility links

Сот "Демпартияның" ұсталған үш белсендісіне 153 мың теңге айыппұл салды


"Демпартия" белсенділерінің наразылығы. Алматы, 6 қазан 2022 жыл.
"Демпартия" белсенділерінің наразылығы. Алматы, 6 қазан 2022 жыл.

Бейсенбі, 6 қазанда Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Алматыдағы "Аманат" партиясы кеңсесі алдында наразылық білдірген үш белсендіні — Аружан Дүйсебаева, Гүлнар Мірмәмбетова мен Анар Мұхамеджанованың әрқайсын "митинг ұйымдастыру ережесін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы 11-тармағы) деп танып, әрқайсына 50 АЕК (153 150 теңге) айыппұл салды.

Белсенділер Астанада биліктегі "Аманат" партиясының съезі өтіп жатқанда "Назарбаев жүйесіне қызмет еткен Аманат таратылсын!", "Назарбаевты — түрмеге", "Жанболатқа бостандық!" деп айқайлаған, қолдарына "Тоқаев, Жанболат Мамайды босат" деген плакат ұстап тұрды.

"Тоқаев, қорқақ болма!" Билік партиясына қарсы төрт белсендіні ұстап әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:52 0:00

Әкімдік өкілі митинг заңсыз екенін айтып ескерткен соң, полиция оларды күштеп ұстап әкетті. Наразылық 15 минуттай уақытқа ғана жалғасты.

Белсенділер адвокаты Ернар Кенжебаев сот кезінде полиция "бірнеше заң бұзғанын айтқанымен, судья ескермегенін" айтады.

— Полиция белсенділерді ұстап әкетіп, қандай заңбұзушылық болғанын содан соң ғана анықтаған. Үшеуіне де хаттаманы ұстап әкеткеннен кейін толтырған. Әкімдікке де [митинг ұйымдастыру бойынша хабарландыру жайлы] кейін сұраныс жіберген. Іс қозғауға негіз болған дәлелдемелер заңсыз жолмен алынғандықтан, іс қысқартылуы керек еді, — дейді адвокат.

Тіркелмеген "Демпартия" белсендісі Аружан Дүйсебаева полиция ұстау кезінде "күш қолданғанын" айтады. Ол желіге денесінің көгерген тұстарын салды.

— Денемнің бәрі ауырып тұр. Көгерген жерім көп. Сотта наразылықты неге ұйымдастырғанымды, неге шыққанымды сұрады. "Жанболат Мамайға бостандық берілсін, президент сайлауы туралы заң өзгеріп, Инга Иманбайды тіркесін, саяси тұтқындар бостылсын" дедім. Хаттамамен, тағылған айыппен келіспейтінімді айттым. Прокурор 50 АЕК салуды сұрады. Сот соны бекітіп берді. Үкіммен келіспеймін, — деді Дүйсебаева Азаттыққа.

Алматыда "Демпартия" белсенділері ұсталған күні "Аманат" партиясы Астанада съезд өткізіп, 20 қарашадағы кезектен тыс сайлауға қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынған. Одан соң "Ақ жол" мен "Қазақстан халық партиясы" (бұрынғы коммунистер) да Тоқаевтың кандидатурасын қолдады. Ал Тоқаев өзін қолдау бойынша құрылған "халықтық коалиция" атынан сайлауға түсетінін мәлімдеді. Коалиция осы үш партиядан және бірнеше үкіметтік емес ұйымнан құрылды.

Бір күн бұрын, 5 қазанда сот оппозициялық саясаткер, тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайдың қамау мерзімін тағы бір айға созған. Қаңтар оқиғасынан соң Мамайға бірнеше бап бойынша айып тағылған. Арасында "жаппай тәртіпсіздік", "билік өкілін қорлау" баптары бар. Ол сегіз айдан бері қамауда отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG