Accessibility links

Жаңаөзенде біреулер белсенді Мұратбай Жұмағалиевті ұрып кеткен


Жаңаөзенде белсенді Мұратбай Жұмағалиевті біреулер ұрып кеткен. Жаңаөзендегі белсенділердің айтуынша, оқиға 6 қазанда түнде болған. "Демпартия" өкілі Мұратбай Жұмағалиев ұлымен бірге үйіне келгенде маска таққан бірнеше жігіт белсендіні ұрып соққан деп айтылады.

Белсендіні жақсы танитын Келбет Нұрбаевтың сөзіне қарағанда, "ұлы қорғанатын зат алып шығу үшін үйіне жүгіріп кіріп кеткен". "Шыққан кезде шабуылдаушылар қашып кеткен".

Интернетте оқиғадан соң Жұмағалиевті ауруханаға әкелген сәті түсірілген видео тарады. Онда Мұратбай Жұмағалиевтің оң аяғының дәкемен ораулы екені көрінеді.

Видеоны түсіріп тұрған адам "адамдарды шындықты айтқаны үшін қудалауға болмайтынын" айтады. Оның айтуынша, Жұмағалиевтің үйінің маңында камера да болған. Ауруханаға сәлден соң полиция да келетінін жеткізеді.

Келбет Нұрбаевтың айтуынша, дәрігерлер Жұмағалиевтің аяғын рентгенге түсіріп, аяғы сынбағанын анықтаған. "Бірақ жамбас, аяқтары қатты көгеріп тұр" дейді ол. Жұмағалиевтің өзі полицияға арыз түсірмеген. Қазір белсенді үйінде.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, белсенді ауруханаға түскеннен кейін Жаңаөзен қаласының полиция басқармасы оқиғаны "Бұзақылық" (293-бап) бойынша тексере бастаған.

Мұратбай Жұмағалиев – Жаңаөзенде қоғамдық мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенділердің бірі. Ол соңғы кезде қаладағы жұмыссыздық, ресейліктердің елге ағылуына байланысты шара қолдану мәселелерін көтеріп жүрген.

Ол маусым айында мұнайшы Нұрлыбек Нұрғалиевпен бірге Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанда болған қанды оқиғаны қайта тергеуді талап етіп, президент әкімшілігіне хат тапсырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG