Accessibility links

Бішкекте Ресей елшілігі алдында Путинге қарсы акция өткізген азаматтарды милиция ұстап әкетті


Бішкектегі Ресей елшілігі алдында акция өткізіп тұрған белсенді Өндіріс Тоқтанасыров.
Бішкектегі Ресей елшілігі алдында акция өткізіп тұрған белсенді Өндіріс Тоқтанасыров.

7 қазанда Бішкекте Ресей елшілігі алдында Владимир Путинге қарсы пикет өткізген бірнеше адамды милиция ұстап әкетті. Бұл жөнінде белсенділер сөзіне сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, елшілік алдына әң әуелі азаматтық белсенді Өндіріс Тоқтанасыров келген. Кейін оның пикетіне тағы екі азамат қосылған. Сәлден соң милиция қызметкерлері келіп, оларды ұстап, Бірінші май басқармасына жеткізген.

"Өндіріс Тоқтанасыров Ресей елшілігі алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп, Путинді "туған күнімен құттықтамақ" болған. Себебі Путиннің қылмыстық әрекетінің салдарынан көп адам өліп жатыр... Милиционерлер акцияға қатысқан үш адамды алып кетіп, бірақ хаттама толтырмаған. Демонстрацияға әдейі кедергі келтірген. Ұсталғандар әлі милиция бөлімшесінде. Оларға ұстау кезінде құқық қорғау қызметкерлеріне кедергі келтірді деген айып таққысы келеді" деді белсендінің адвокаты Бақытбек Автандил.

Оның айтуынша, құқық қорғау орган өкілдері Бірінші май ауданы аумағында митинг өткізуге сот шешімімен тыйым салынғанын алға тартқан.

Қыркүйек басында сот Бірінші май ауданы аумағында митинг өткізбеу туралы тыйым мерзімін 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін созған еді.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Бішкекте Украинаны қолдаған бірнеше акция өткен. Көбінде милиция белсенділерді ұстап, кейбіріне "құқық қорғау органы қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін" айыппұл салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG