Accessibility links

Астанада оқушылар шетел басшыларының сапарына байланысты қашықтан оқиды


Астанада мектептер 13-14 қазанда қашықтан оқиды, деп хабарлады қалалық білім басқармасы. Мұндай шешім шетел басшыларының астанаға сапарына байланысты қабылданған.

"Астанада 13-14 қазанда мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілерінің қатысуымен ірі халықаралық форумдардың өтуіне байланысты қаланың кейбір бөліктерінде жол қозғалысы уақытша ішінара шектеледі. Мұндай тәжірибе көптеген елдерде осындай ірі шаралар өтетін кезде қолданылады. Жоғарыда аталған жайттарды ескере отырып, оқушылар мен ата-аналарға қолайлы болуы үшін 13-14 қазанда меншік формасына қарамастан қаладағы барлық мектептер қашықтан оқу форматына көшіріледі" деп жазылған басқарма хабарламасында.

Ақорданың баспасөз қызметі бұған дейін келесі аптада астанада Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі саммит өтетінін, шара аясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшылары және үкімет жетекшілерімен екіжақты кездесу өткізетінін хабарлаған. 14 қазанда Астанада Қазақстан төрағалық ететін ТМД елдері басшыларының кеңес отырысы да өтуі тиіс. Сол күні "Орталық Азия – Ресей" саммиті болады.

7 қазанда Петербургте ТМД ел басшыларының бейресми кездесуі кезінде Ресей президенті Владимир Путин "Орталық Азия – Ресей" форматында саммиттің алғаш өтетінін айтқан.

Мәскеу постсоветтік кеңістіктегі бес республиканы өзінің ықпал ету аймағы ретінде көреді. Ресейдің Украинаға басқыншылығы тұсында және Украинаның бірнеше облысын аннексиялаған шақта Орталық Азия елдері Кремльден өзін алшақ ұстауға тырысып жатыр. Орталық Азияның бірде-бір елі псевдореферендумға сүйеніп жүзеге асырылған аннексияның заңдылығын мойындаған жоқ. Астана Украинаның территориялық тұтастығын құрметтейтінін айтқан. Қазақстан мен Өзбекстан Киевке гуманитарлық жүк жіберді.

Кремль ішінара мобилизация жариялағаннан кейін Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Қазақстанға мобилизациядан қашқан ресейліктер ағылған. Қазақстан мен Өзбекстан билігі соғысқа барудан қашқан ресейліктерді оларға өз елдерінде қылмыстық іс қозғалмайынша отанына қайтармайтынын мәлімдеген.

Сарапшылар Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін Орталық Азия елдері Мәскеуге тәуелділігін азайтуға талпынып, Қытай және Түркиямен әріптестікті жандандыруға күш салып жатыр дейді.

12 қазанда Астанаға Түркия басшысы Режеп Ердоған келеді. Мамыр айында Тоқаевтың Түркияға сапары кезінде Ресейді айналып өтетін Транскаспий сауда бағытының мүмкіндіктерін пайдалану мәселесі талқыланған.

XS
SM
MD
LG