Accessibility links

Украинадағы соғыс Түркия мен Қытайдың Орталық Азияға ықпалына қалай әсер етеді?


Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Орталық Азия елдерінің басшылары экономикасын тіктеу үшін Ресейден бойын аулақ ұстап, жаңа серіктес іздеп жатқан тұста Пекин мен Анкара аймаққа ықпалын күшейте түсті

Мәскеудің Украинаға басқыншылығынан кейін Орталық Азия елдері Кремльден бойын аулақ ұстап, Ресейге салынған экономикалық санкциялардың әсерінен қорғанумен әлек боп жатыр. Батыс елдерінің Украинаға басқыншылық жасаған Кремльге салған санкциялары аймаққа да ықпал еткен еді.

Бұл - Орталық Азия елдерімен бұрыннан байланысы бар Қытай мен Түркияға жаңа мүмкіндіктер берді. Аймақ басшылары әлемдік державалармен байланысын қайта қарап жатыр.

Жуықта Түркия Орталық Азиямен сауда және қорғаныс саласында келісімшарттар жасап, аймаққа ықпалын күшейтті. Ал Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Қазақстан мен Өзбекстан басшыларымен кездесті.

Қытай да ондаған жыл бұрын белгілеген бағытынан тайған жоқ. Аймақтағы қауіпсіздік саласына ықпал етіп, пайдалы қазбалар мен энергетика ресурстарын экспорттауға мүмкіндік беріп отыр. Кейінгі кездері Пекин белсенді дипломатиялық байланысқа көшіп, риторикасын күшейтті.

7 маусымда Қытай сыртқы істер министрі Ван И Қазақстанға барды. 8 маусымда Нұр-Сұлтанда өткен Қытай мен Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің үшінші рет өтіп жатқан жыл сайынғы кездесуіне қатысты. Онда ол Украинадағы дағдарыстың салдарына алаңдаушылық білдіріп, Орталық Азия елдерінің билігін геосаяси шиеленістен аулақ болуға шақырып, аймақтағы экономикалық мүддесін тағы бір көрсеткендей болды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (солдан оңға қарай).
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (солдан оңға қарай).

"[Соғыс басталғалы] Түркия мен Қытайдың Орталық Азиядағы белсенділігі айтарлықтай күшейді" деді Азаттыққа Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университетінің қызметкері Ерика Марат. "Екі ел де аймаққа ықпалын күшейту мүмкіндіктерін көріп отыр". "Байланысты нығайта түсу ниеті екі жақта да бар" дейді ол.

Кремль әлі де Орталық Азия елдеріне қатты ықпал етеді. Бұл елдердің билігі Ресейді сынамауға тырысады. Бірақ олар Мәскеуден алыстап, басқа әріптестер де табуға ұмтылып жатыр. Кейінгі кездері саяси оқиғалардан соң аймақтың экономикасы әлсірейді деген болжам айтылған еді.

Түркіменстанның бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың ұлы Сердар Бердімұхамедов наурызда президент болды.

5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтті. Негізгі заңды өзгерту шешімі қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Назарбаев арасында Қаңтар оқиғасы кезінде болған саяси тартыстан кейін қабылданды.

Тоқаев бұл өзгеріс президенттің туыстарына мемлекеттік қызметке келуге тыйым салатынын айтады. Бірақ сарапшылар жаңа Конституция Қазақстандағы авторитар жүйені өзгерте қоймайды дейді.

"Ресейдің Орталық Азияда біршама жыл қолға алып келген бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі жоқ, сондықтан әзірге [Мәскеудің] назары басқада болғанда, өзге мемлекеттер осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысып жатыр" дейді Глазго университетінің сарапшысы Лука Анчески. "Бірақ Орталық Азия үшін мәселе ішкі контексте болып отыр. Олар соғыстың кез келген салдарынан сақтанғысы келеді".

ЖАҢА ӘРІПТЕСТІК

Осы аптадағы сапарында Ван И аймақтағы елдерді геосаяси мәселелерге араласпауға шақырғанына қарамастан, Қытай шенеунігі бұл сөзін АҚШ-қа қарата айтқандай болды. Бұған оның АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі көмекшісі Дональд Лудың сапарынан кейін Тоқаевпен кездесуі дәлел бола алады.

"Қытай Орталық Азия елдері батылдық танытып, координациясын күшейтетініне, өз еркімен әріптес болып, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қорғайтынына үміттенеді" деп жазылған Қытайдың мәлімдемесінде. "Қытай Орталық Азияда ешқашан геосаяси мүддені ұстанған емес және ешқашан аймаққа жатпайтын сыртқы күштерге аймаққа проблема туғызуға мүмкіндік бермеген".

Ван Украинадағы соғыс басталмай тұрып, осындай риторика нысанына айналған Вашингтонды меңзеп отыр. Бірақ Қытай Орталық Азиядағы кез келген экономикалық проблемаға Батыс пен АҚШ-тың Ресейге салған санкцияларын кінәлаған соң, ашу-ыза өрши түсті.Тоқаев пен Ванның кездесуі жайлы хабарламада Қытай сыртқы істер министрінің геосаяси жағдай жайлы сөзі келтірілмеген. Оның орнына Қытай президенті Си Цзиньпиннің Тоқаевтың саяси бағдарламасын қолдайтыны, Қытай президентінің күзде Қазақстанға сапары жоспарланғаны айтылады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.

Орталық Азиядағы бес мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің қатысуымен өткен саммит сауда байланысын тереңдету және келісім жасау жайлы мәлімдемелермен аяқталды. Ал Қытай билігі келіссөздерде көлік қатынасын, атап айтқанда, Қытай мен Өзбекстанды Қырғызстан арқылы байланыстыратын теміржол жобасын талқылады.

Кейінгі жылдары Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалы тереңдей түсті. Аймақтағы сарапшылар "Пекин Орталық Азиямен қаншалық тығыз байланыста болғысы келеді?" және "Қытай аймақ экономикасының қозғаушы күші бола ала ма?" деген сұрақ қойып жатыр.

"Соғыс Пекиннің аймаққа деген көзқарасын өзгерткен-өзгертпегенін білмеймін" деді Анчески. "Бірақ, Қытай Орталық Азияға ықпалын қазіргіден де күшейткісі келетініне сенімдімін" дейді ол.

АНКАРАНЫҢ ҚАДАМЫ

Ресейдің қаржы жағдайы мен аймақтағы ықпалы өзгеріп жатқанда, Түркия Орталық Азияға жаңа қадам жасады.

Наурызда Ердоған екі күнге Өзбекстанға барып, он келісімшарт жасады. Ташкентпен екіжақты сауда айналымын он миллиард долларға жеткізуге келісті. 10 мамырда Қазақстан президенті Тоқаевтың Түркияға сапарынан кейін де осындай меже айтылды. Анкара мен Нұр-Сұлтан бұл келісімді әріптестіктің жаңа дәуірі деп атады.

"Ресейдің Украинаға басқыншылығы Түркияның Орталық Азияға ықпалын күшейтуіне әсер етті" деді Азаттық радиосына Тбилисидегі Еуропа университетінің қызметкері, Geocase сараптама орталығының Таяу Шығыс жөніндегі зерттеулер директоры Эмиль Авдалиани.

Түркия Орталық Азия елдерімен бұрыннан әріптес. 1991 жылы Совет одағы тараған соң, бұл байланыс едәуір дамыды. Анкара аймаққа ықпалын айтарлықтай күшейтуге тырысты.

2020 жылғы Таулы Қарабақ шайқасында Түркияның әскери дрондары Әзербайжанға айтарлықтай басымдық берді. Қазір Украина сарбаздары да оны сәтті қолданып жатыр. Бұл Түркияның имиджіне әсер етті.

Түркіменстан да түріктерден бұрыннан қару алады. Оның арасында Bayraktar TB2 дроны да бар. 2021 жылы Тәжікстанмен болған шекара дауынан соң Қырғызстан да Түркиядан қару сатып алған.

Орталық Азия мен Түркия бір-бірімен сауда байланысын нығайта алады.

Авдалиани Анкараның Ресейге, Қытай немесе АҚШ-қа қарағанда экономика мен қолда бар ресурстар жағынан мүмкіндігі шектеулі дейді. Бірақ қазіргі таңда Түркияның аймақта белсенді бола түскені байқалады. Анкараның Ресейдің Украинаға басқыншылығынан соң Мәскеудің орнын басуға мүмкіндігі бар.

Түркия Қытайдың "Бір белдеу бір жол" жобасы аясында Ресейдің орнын баса алатынын көрсетуге тырысып жатыр. Бұл жоба Батыс Қытайдан Еуропа нарығына Орталық Азия мен Ресей арқылы тауар тасуды көздейді.

Ресейге қарсы санкция бұл маршрутты өзгертті. Ал Түркия Ресейді айналып өтудің ыңғайлы жолы бола алады.

"Орталық Азия елдері, әсіресе, Қазақстан Еуразиядағы байланыс схемалары өзгерген соң Түркиямен тығыз байланыс орнатуға ұмтылып отыр" дейді Авдалиани.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG