Accessibility links

"Тоқаевтың президент сайлауына дайындығы" және аймақта "ықпалы әлсірейтін Мәскеу"


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Балалар күніне арналған шараға қатысқан сәті. Алматы, 1 маусым 2022 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Балалар күніне арналған шараға қатысқан сәті. Алматы, 1 маусым 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада 5 маусым күні өтетін Конституцияға түзетулер бойынша референдумға тоқталып, ол неліктен Тоқаевтың 2024 жылы өтетін президент сайлауына дайындығына айналғанын жазады. Сонымен қатар Батыс елдерінің салған санкцияларынан экономикасы әлсіреп жатқан Мәскеудің Орталық Азиядағы ықпалы азая ма деген мәселені талдайды. Бұдан бөлек Қазақстан мұнай тасымалдауда Ресейге тәуелділіктен арылып, балама құбыр дәліздерін таба ала ма деген сұраққа жауап іздейді.

"РЕФЕРЕНДУМ МӘНІН ЖЕТЕ ТҮСІНБЕГЕН САЙЛАУШЫЛАР" ЖӘНЕ "ӘЛСІЗ АҚПАРАТТЫҚ НАУҚАН"

Eurasianet басылымы 5 маусым күні өтетін референдумның күн тәртібіне шығарылған Конституцияға түзетулерден халық жете хабардар емес, оның мәнін толық түсінбегенін жазады.

Басылым референдум мән-мазмұнын қоғамға түсіндіруге жауаптылардың өзі қарапайым халықтың көбі оның мақсатын білмейтінін, тіпті түсіндірген күннің өзінде бүге-шігесін толық ұқпауы мүмкін екенін мойындағанын келтіреді. Мысалы, мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Конституцияның ескі нұсқасының жаңа нұсқадан қандай айырмасы бар екенін көпшілікке түсіну қиынға соғуы мүмкін екенін айтқан.

Конституцияға ұсынылған 56 өзгеріс референдумда «иә» не «жоқ» деген жалғыз сұрақпен шешілгелі жатыр. Басылым жұртқа бұл түзетулердің ара-жігін ажыратып, не үшін дауыс беретінін және оның салдарын түсінуге аз уақыт берілгеніне назар аударады.

«Бұл шым-шытырықты қарапайым халық түгіл, сарапшыларға түсіну қиын» дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев басылымға берген сұхбатта.

Саясаттанушы билік үшін мұның бүге-шігесіне бару артық нәрсе, өйткені референдум 2024 жылы өтетін президент сайлауына дайындық деп есептейді. Басылымның жазуынша, келесі сайлауда «жеңіске жетіп қалатын» Тоқаев «қаңтар оқиғасынан кейін саяси реформаны өзінің брендіне айналдырды».

Референдумға шақырған плакат ілінген ғимараттан шығып бара жатқан ер адам. Алматы, 1 маусым 2022 жыл.
Референдумға шақырған плакат ілінген ғимараттан шығып бара жатқан ер адам. Алматы, 1 маусым 2022 жыл.

Тоқаев рефрендум өткізуге 16,4 миллиард теңге жұмсалатынын мәлімдеген. Бұл соманың белгілі бір бөлігі ақпараттық науқанға жұмсалды. Бірақ ақпараттық науқанда әдетте реформаларды қолдайтын және қолдамайтын топтардың арасындағы талас-тартыс, пікірталас деген атымен болмады, ақпарат науқаны негізінен халықты референдум өтетінінен хабардар етуге бағытталды. Мақала авторы Алмаз Куменов билік ақпараттық науқанға өзі сенетін саясаттанушылар мен пікір көшбасшыларын тартып, соңғылары реформаларды сөзсіз қолдайтынын айтып-жазғанына назар аударады.

Басылым ақпараттық науқанда қарсылардың үні мүлде шықпағанын келтіреді. Қоғамдық пікірді зерттеу орталығының директоры Гүлжан Әлімбекова басылымға берген сұхбатында халықты ақпараттандыру науқаны әлсіз болғандықтан, шалғай елдімекендер мен ауылдардың тұрғындары референдумның ерекшеліктерін түсінбегенін жеткізді. «Дауыс беруге үндеу көп, бірақ реформаларды нақты түсіндіру жоқ», − дейді ол.

Қарай отырыңыз: "Уақыт тығыз". Референдумды бақылаушы неге аз? (2 маусым 2022 жыл).

"Уақыт тығыз". Референдумды бақылаушы неге аз?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:43 0:00

Ал Досым Сәтпаев референдумның түпкі мақсаты Тоқаевтың позициясын күшейту деп санайды.

«Референдумда халық түзетулерге емес, президентке дауыс береді. Бұл билікке халық Тоқаевты қаншалықты қолдайтынын байқауға мүмкіндік береді», − дейді ол.

"РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ САНКЦИЯЛАР МӘСКЕУДІҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЫҚПАЛЫН ӘЛСІРЕТІП ЖАТЫР"

"Америка дауысы" радиосы Батыс елдері салған санкциялардан экономикасы әлсіреп жатқан Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалы азаятынын жазады.

Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстан Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттарының ақша аударымдарына тәуелді болатын, бұл тіпті Мәскеудің сол елдерге ықпал ету тетігіне айналған еді. Питтсбург университеті нарық және басқару орталығының басшысы Дженнифер Брик Муртазашвили ендігі жерде Украинадағы соғысқа байланысты ахуал өзгерді, «бұдан былай Орталық Азия елдері Ресейге жұмыс күші қажет екенін түсінеді» дейді.

«Бұл елдер қолдарында ықпал ету тетігі бар екенін және оны қолдана алатынын түсіне бастады. Қазір ұлы державалардың арасынан таңдау еркіндігі көбірек және бұрынғыға қарағанда күштірек Орталық Азины көріп тұрмыз», − дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Ресейдің әлсіреуі Қытайға аймақтағы ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді. 31 мамыр күні Қытай Өзбекстанға «бірлескен әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін» 37,5 миллион доллар көлемінде тегін көмек көрсетуге уәде етті.

Ал одан бір күн бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лу АҚШ делегациясын бес күндік сапармен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қазақстанға бастап келді. Мемлекеттік департаменттің мәліметінше, сапар мақсаты – АҚШ-тың аймақпен қарым-қатынасын күшейту».

Сингапурдағы Раджаратнам атындағы халықаралық зерттеулер мектебінің аға ғылыми қызметкері, «Синостан» еңбегінің авторы Рафаэлло Пантуччи Ресейдің аймақта ықпалы төмендегенімен, ол елмен қарым-қатынасты толық үзу мүмкін емес, сондықтан ол маңызды ойыншы болып қала беретінін түсіндірді.

Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темур Умаров та Украинадағы соғыс түрлі проблема тудырғанына қарамастан, Ресей аймақтағы ықпалын сақтап қалады деп есептейді. Себебі Ресей Орталық Азияда не болып жатқанын басқа ойыншыларға қарағанда жақсырақ түсінеді.

Бірақ Умаровтың ойынша, Ресейдің Украинадағы соғысынан соң аймақ елдері Мәскеуге балама іздеу процесін тездетуі мүмкін. «Бұл ретте Қытайдың географиялық орналасуы, экономикалық күші мен логистиканы есепке алсақ, ол Ресей орнын алмастыра алатын нөмір бірінші ел».

Дегенмен Муртазашвили Орталық Азия халқы Шыңжаңдағы ұйғырлар тағдырын біледі, сол себепті Қытаймен жақындасудан қорқады дейді.

ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙ ТАСЫМАЛДАУДА РЕСЕЙГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛА АЛА МА?

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Украинадағы соғыстан кейін Қазақстан мұнай тасымалдайтын құбырлардың бағыттарын әртараптандыру мәселесіне алаңдай бастағанын жазады. Батыс Ресейдің энергетика жүйесіне санкция салса, ахуал одан бетер ушығуы мүмкін. Сондықтан Қазақстанға тұрақты энергетикалық инфрақұрылым мен шикізатты экспорттайтын балама бағыттар қажет.

Қазақстан батысында өндірілетін мұнайдың 80 пайызы Ресей оңтүстігіне және Ресейдің Қара теңіз түбіндегі Новороссийск терминалына тасымалданады. Мақала авторы Risk Advisory Group халықаралық консалтинг компаниясының Ресей, Шығыс Еуропа және Еуразия бойынша ғылыми қызметкері София Нина Бурна-Асефи бұл ретте Ресейге тәуелділік қандай да бір монополистік әрекетке әкелуі мүмкін екеніне назар аударады. Мысалы, Каспий құбыр консорциумының акционері «Транснефть» компаниясы мұнай экспортына енгізген квоталар мен Ресей үкіметінің құбырдың өткізу желісін арттыруға құлықсыздығы Қазақстанның көңілін қалдырды.

Новороссийскідегі Каспий құбыр желісі консорциумының теңіз терминалы. Биыл наурызда екі қондырғысы істен шығып, жұмысын ішінара тоқтатып, мамыр соңында қалпына келгені хабарланды.
Новороссийскідегі Каспий құбыр желісі консорциумының теңіз терминалы. Биыл наурызда екі қондырғысы істен шығып, жұмысын ішінара тоқтатып, мамыр соңында қалпына келгені хабарланды.

Қазақстан үшін қандай балама құбыр жолдары бар дегенге келсек, мұнайды экспорттайтын тағы бір негізгі жол Қытай арқылы өтеді. 2005 жылы ашылған Қазақстан-Қытай мұнай құбыры Қазақстанның Каспий теңізіндегі кен орындарында өндірілетін мұнайды тікелей Қытайға жеткізеді. Ал 2009 жылы ашылған Орталық Азия мен Қытай арасындағы құбыр Түркіменстан, Өзбекстан мен Қазақстанның табиғи газын Қытайға тасымалдайды. Қазақстан осы екі құбыр арқылы 2019 жылы Қытайға құны 1,2 миллиард долларға жетеқабыл мұнай мен 1,65 миллиард долларға жуық газ тасымалдады.

Батыс Ресейді айналып өтетін балама жол ұсынды, бірақ бұл бағыт Ресейді толықтай алмастыра алмауы мүмкін. «Әзірбайжанда құрлықта орналасқан Гянджа атты тар өткелі бар, АҚШ Ауғанстандағы соғыс кезінде Каспий теңізінен өтіп, Орталық Азияға жету үшін осы өткелді пайдаланды. Батыс державалары НАТО-ға мүше Түркия, НАТО-ға кандидат Грузия және Батысқа бет бұрып келе жатқан Әзірбайжан арқылы өтетін Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры Каспийдегі танкерлер арқылы Әзірбайжанға, одан кейін Жерорта теңізіне жеткізілетін Қазақстан мен Түркіменстан энерготасымалдағыштарын тасымалдай алар еді деп есептейді». Алайда бұл құбыр дәл Каспий құбыр консорциумы тәрізді үлкен көлемде мұнай тасымалдай алмайды, оған қуаты жетпейді, сондықтан Ресей арқылы өтетін құбырға балама бола алмайды. Оның үстіне Анкара транзит құнын бір баррель үшін 0,55 доллардан 1,50-2 долларға көтергендіктен, бұл дәліз қымбат бола түсті.

Мұнай құбыры.
Мұнай құбыры.

Мақала авторы Қазақстан энергетикалық инфрақұрылым мен мұнай тасымалдауда Ресейге тәуелді болғанымен, қол қусырып отыра бермеуі керек дейді. «Нұр-Сұлтан өз энергетикалық экспортына өзі иелік етіп, оны өз бетінше реттеп, әлемдік энергетика нарығын жаулау үшін өз ресурстарын әртүрлі ойыншылардан жеңілдік алуға пайдалануы керек. Сонымен қатар АҚШ, Еуроодақ, Ресей мен Қытайдың аймақтағы қауіпсіздікті сақтауына мүдделі болуын қамтамасыз ету керек. Осы себепті Қазақстанның көпвекторлы сыртқы және энергетика саясаты сәтті іске асуы үшін Тоқаевқа ептілік қажет».

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG