Accessibility links

Германияның әскери кемелері "Солтүстік ағым" газ құбыры зақымданған жерді тексеруге кірісті


Зақымданған "Солтүстік ағым" газ құбырынап тарап жатқан газ
Зақымданған "Солтүстік ағым" газ құбырынап тарап жатқан газ

Германияның федералды полициясы Балтық теңізіндегі "Солтүстік ағым" және "Солтүстік ағым- 2" газ құбырларына зақымданған жерді тексеруге кіріскен. DW хабарына қарағанда, Данияның Борнхольм аралына Германия әскери теңіз күштерінің екі кемесі сүңгуірлерін алып кеткен.

Германияның қорғаныс министрлігінің Бундестаг қорғаныс комитетіне жазған хатында "Германия федералды полициясы мен бундесвер қызметкерлерінен құралған зерттеу тобы жарылыс болған жерді тексеру үшін Балтық теңізіне аттанғаны" жайлы жазылған. Бұған дейін Германия федералды полициясы әскери ведомстводан көмек сұраған. Миссияға Германия әскери теңіз күштерінің екі кемесі: мина іздегіш "Диллинген" тралы мен түрлі мақсатқа арналған "Миттельгрунд" кемелері қосылған. Олар теңізге 7 қазанда шыққан.

"Солтүстік ағым" газ құбырына келтірілген зақымды Швеция билігі де зерттеп жатыр. Таяуда олар "алдын ала қорытындылар қаскүнемдік жасалғанын көрсетіп отыр" деп хабарлаған. Газ құбырына жақын маңда бірнеше жарылыс болған. Бұл диверсияға жауапкершілікті кім алатыны әзірге белгісіз. Бұған дейін АҚШ пен Еуропа одағы елдері де осыған ұқсас хабар таратқан.

Ресей президенті Владимир Путин 30 қыркүйекте сөйлеген сөзінде "жарылысты ағылшын-саксондар жасады" деп айыптағанымен, дәлел келтірмеген. Ресей билігі ресми түрде ешкімге айып тақпаған.

Әзірге нақты көлемі белгісіз жарылыс кезінде газ құбырының үш нүктесінен газ тарай бастаған. "Газпром" мәліметіне қарағанда, құбырда 800 миллион текше метрге дейін газ болған. Бұл - тарихта газ құбырына келтірілген аса ірі зақым саналады. Әзіргі мәліметтерге қарағанда "Солтүстік ағым- 2" газ құбырының бір тармағына ғана зақым келмеген. Бірақ бұл тармақ Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты іске қосылмай, санкцияға ілінген.

Таяуда Германияның солтүстігінде бірнеше сағат теміржол қозғалысы толығымен тоқтап қалған. Оған байланыс кәбілінің екі жерде үзілгені себеп болған. Соның нәтижесінде пойыз қозғалысын басқаратын орталықтарды жалғайтын GSM-R коммуникация желісіне нұқсан келген. Мамандар мұны диверсия деп топшылайды. Немістің кей саясаткерлері "мұның артында Ресей тұруы мүмкін" деген болжам айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG