Accessibility links

Министрлік: Путиннің Астанаға сапары барысында Ресеймен жаңа әскери келісімге қол қойылмайды


Қазақстан армиясының әскери жаттығуы. Жамбыл облысы, 2022 жыл.
Қазақстан армиясының әскери жаттығуы. Жамбыл облысы, 2022 жыл.

Қазақстан Ресеймен әскери сала бойынша барлық мәселені шешіп алған, жаңа келісім болмайды. Қазақстан қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов осылай деп мәлімдеді. Бұл жөнінде жергілікті БАҚ жазды.

"[Ресеймен] Әскери әріптестік бойынша барлық мәселе шешілген" деді министр Ақордада кулуарда.

Журналистер Қырғызстан мен Арменияның Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) әскери жаттығуын өткізбей қойғанын еске салып, "ҰҚШҰ-да дағдарыс бар ма?" деген сұрақ қойды.

"Ешқандай дағдарыс жоқ. Біздің мемлекетіміздің [ұйымға] қатысы бойынша бәрі тұрақты. Қазақстан өз міндеттемелерін, осыған дейін бекіткен жұмыс жоспарын орындайды. Сол себепті қандай да бір дүрбелең немесе қандай да бір мәселелер жөнінде айтудан пайда жоқ. Мемлекетімізге, біздің заңнамаға сүйенейікші. Біз бекітілген барлық норманы орындап жатырмыз, бізде бәрі дұрыс" деді қорғаныс министрі.

"Информбюро" сайтының жазуынша, министр қазақстандықтарды "жорамалдауға жақын болмауға үндеген".

ҰҚШҰ жаттығулары Қазақстанда қазанның алғашқы он күнінде: Жамбыл және Алматы облыстарында өткен. Өткен аптада Қырғызстанның өз аумағында ҰҚШҰ жаттығуын өткізуден бас тартқаны белгілі болған. Армения да жаттығуды кейінге шегерген.

ҰҚШҰ-ға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше.

Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға сапары 12-14 қазанға белгіленген. Қазақстан астанасында бұған қоса, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі саммит, ТМД елдері басшыларының кеңес отырысы, "Орталық Азия – Ресей" форумы өтеді. Саммит барысында Ресей басшысы Владимир Путин мен Түркия басшысы Режеп Ердоғанның келіссөз жүргізетіні хабарланған. Онда Ресейдің Украинаға басқыншылығы, екіжақты орыс-түрік қатынасы талқыланады.

XS
SM
MD
LG