Accessibility links

Иранда наразылыққа қатысқан жоғары сынып оқушыларын "тәрбие лагерьлеріне" қамаған


Ирандағы наразылық.
Ирандағы наразылық.

Иранның ресми өкілі елді дүр сілкіндірген наразылық кезінде қамалған бірнеше жоғары сынып оқушысы "тәрбие лагерьлеріне" жіберілгенін растады.

Иранда наразылықтың жалғасып жатқанына бір айға жуықтады. Оған "хиджаб кию заңын бұзды" деп айыпталып, кейін полицияда қаза болған әйелдің өлімі түрткі болды.

Иран білім министрі Юсеф Нури апталық Shargh басылымына берген сұхбатында наразылыққа қатысқан кейбір оқушылардың лагерьге жіберілгенін растады. Ол лагерьлерді "психологиялық орталық" деп атап, онда оқушылар "қоғамға жат қылықтардан" арылатынын жеткізді.

"Бізде түрмелерде оқушылар жоқ, егер олар ұсталса, психологиялық орталықтарға жіберіледі. Онда оқушыларды түзейтін мамандар жұмыс істейді" деді министр.

22 жастағы Махса Аминиді қыркүйекте көшеде ахлақ полициясы хиджабы нормаға сәйкес емес деп тауып ұстаған. Кейін ол полиция бөлімшесінде жұмбақ жағдайда қаза болды. Куәгерлер оны ұрып-соққанын айтады, ал ресми орындар Аминидің аурудан көз жұмғанын айтты. Бірақ оған еш дәлел келтірмеді.

Интернетте тараған көптеген видеороликтерде оқушы қыздардың жалпыұлттық наразылық кезінде басындағы орамалдарды шешіп, бұлғап, үкіметке қарсы ұран айтып жатқаны көрінеді.

Кейінгі күндері мектеп оқушыларының қамалғаны жайлы хабар жиіледі, ал әлеуметтік желілерде тараған видеоларда күштік құрылымдардың жасөспірімдерді күшпен ұстап жатқаны көрінеді.

12 қазанда наразылық Тегераннан бөлек, Карадж, Мешхед, Исфахан, Шираз және Решт қалаларында өтті.

Тегеранда орталық көшелердің біріне жиналған халық "Диктаторға өлім!" деп айқайлады. Олар ұрандарын наразылықты "батыс ұйымдастырған тәртіпсіздік" деп атаған аятолла Әли Хаменеиге бағыттады.

Құқық қорғау тобы 12 қазанда наразылық басталғалы бері кемінде 201 адам қаза болғанын, арасында 23 бала барын айтты.

XS
SM
MD
LG